Бас тақырып

Арғымақ. Ару. Атбегі

Ат баптау тек ерге тән ерек өнер десек, жаңылғанымыз. Мұнымызға айнымас дәлел – кешегі Құла айғырдың қасиетін жазбай таныған Домалақ ана, Тайбурылға түндіктен күн көрсетіп, түтіктен су ішкізген қыз Құртқа болар. 

Қобыландының Көктім аймағынан алған теңі Құртқа жылқы сырына қанық білгір сыншы болғанын жыр жолдарындағы мына үзінділерден білеміз.

Бір күндері болғанда қара жолдың екі жағында қақ айырыла жайылған қалың жылқыға күймеден басын шығара қарап келе жатқан Құртқа жылқы ішінде жусап тұрған Көк ала биеге көзі түсіп дереу тоқтайды.

«Ортасында жылқының Көк ала бие жусап тұр, 

Құртқаның көзі шалады. 

Тоқтатып қойып күймесін, 

Ағытып тастап түймесін,

Шақырып алып: «Сұлтан!» – деп,

Қобыландыдай баланы, 

Биені көріп сынады». 

Осылайша Сәлімбайдың көк алалы көп жылқысының ішінен жарына жауға мінер ат таңдаған. Жай таңдамай қарны жер сызып, желіні алшақтаған биенің ішіндегі көк бурыл құлын екенін, оның қарғыса құзға шығар, тарпысы жер апшысын қуырар қуаты барын да сезген. Расында, қолда тұрған аттың кежім жабуын әзірлеу, жем дорбасын ілу, уақытылы суын беру, бойын сергітіп серуендету, міністен келгенде суыту, оны таң асырып отқа қою ежелден бабалар жарының атқарған міндеті. Осынау тарихи тұлғалардың сарқыны әлі де сұйылған жоқ. Әңгімеге әр берер тақырыптың өзегі қарағандылық «Карат» асыл тұқымды жылқы зауытының конкур бапкері Мөлдір Расулова болмақ. Мөлдір конкурдан ел біріншілігінің жеңімпазы. Қазқастанның екі дүркін чемпионы және 2018 жылғы «FEI world Challenge» атты әлемдік додада бас жүлде иеленіп, әлем кубогін жеңіп алған танымал шабандоз.

Атқораға кіре бере әңгімесін желіте жөнелген Мөлдір іркілмеді. 

Сөзіне сүйенсек, жылқыға жақын болуы алдымен, қазақы қанның әсері. Әкесінің ат баптауын бағып өскен қыз жасынан атқа құмар болған. Өскемен қаласының тумасы сондағы Қазақстан-Американдық Еркін университетін (ҚАЕУ) оның ішінде осы ат спортының қыр-сырын оқып тәмамдап, жасы 20-ға толғанда Қарағандыға конкур бапкері болып тұрақтаған. Конкур – бұл атпен түрлі деңгейдегі кедергілерден секіру жарысы. 

Жылқының қазаққа жақындығы баршаға мәлім. Біздің халық өзге ұлттардай жылқыдан қорықпайды. Әйтсе де, дәстүрлі атқа міну, ат үйрету мен әлемдік ат үйрету үрдісі екі басқа. Жылқы нәзіктікті, күтімді жаны сүйетін жануар. Үстіне мінген иесінің бар қылығын сезіп, біліп отырады. Атқа отырғанда өзіңді ғана ойламай, астыңдағы атпен де санасқан жөн. Тізгінді тең ұстаудан бастап, үзеңгінің ат бауырана батпауына дейін ойлап, алдын алған абзал. «Аттылы» деген сөз бар ғой қазақта. «Аттылы» дегеніңіз бұл ат пен адамның біртұтастығы. Осыны қазақ бір сөзбен берген, – деп сөзін бір түйіп таңқалдырды бізді Мөлдір.

Оның айтуынша, қазақы ат үйрету дәстүрі мен әлемдік үрдіс екі бөлек әлем. Әрине, батырлар мен танымал атбегілерді қоспағанда. Өзіңіз ауылдағы тай үйретуді елестетіп көріңізші…

Ежелгі дәстүрге сын келтірмейміз десек те, асау аттың қитығына тиіп, ұстай сала ерттеп мініп, екі езуін темір ауыздықпен кезек егеп бұрылу, қайыс қамшымен сабалап жүріске үйрету, меніңше, аздап аянышты көрінеді. Кейін ол аттың жеңілтек, үркек, жарға жығар болмасына кім кепіл?! Жылқы әйел адамға жақындау келеді. Бұлай деуімнің себебі – қыздар кез-келген жануарға ерекше зейінмен қарайды. Ал, оның ішінде жылқы десе екі көзі жайнап шығатындары және бар. Жылқыны сүю керек. Тағы да айтамын жылқы темір емес оны от пен суға кезек салар, ол жаны бар жаратылыс, – деп ойландырып қойды тағы бізді.

Бұлай тәмсілдей сөйлеуінің себебі ол өз ісінің нағыз маманы. Жеткен жетістіктерін былай қояр болсақ, баптаған әр атының сырына қанық. Талай додада жеңіске алып ұшқан пырағы Выбор атты сәйгүліктің мінезінен бастап, Магнит, Гайсак, Каприя, Урок сынды қазіргі дайындығындағы аттардың түр-түсін, қай биеден туғанын майдан қылшық суырғандай зуылдатады. Бұған қоса Мөлдір бүгінгі күні 30 шабандоз тәрбиелеген тәлімгер. Жұмыс күндерінің 50 пайызы жаттығу болса, ал, қалған 50 пайызы жаттықтыру.

Балалар үш топқа бөлініп келеді. Осының арасында мен аттармен өзімде жаттығып үлгеруім керек. Оған қоса дәрігерлердің тағайындауымен ем алатын балалар бар. Ем дегенде тағы да айта кетерлігі дәстүрлі «термен емдеу» емес. Кәдімгі буын-буынның емі. Баланың барлық сүйектері мен бұлшық еттерін қимылдату арқылы сауықтыру шаралары. Жұмысымның негізгі өзегі осы. Мен шаршаған емеспін. Себебі мұнда өз ынтызарыммен келемін. Маған жұмыстың ақысы емес, осы жерден алатын әсерім маңызды. Жылқы – менің жұбанышым, – дейді атбегі қыз.

Бастауын Құртқа мен Домалақ анадан алған осы бір киелі қазақ өнері Мөлдірдей қыздар барда ел жадынан мәңгі өшпесі хақ. Әрине қыз-келіншектің бәрі атбегі, сейіс болып кетсін дегеннен аулақпыз. Десек те, дәстүрді үзбей кешеден келешекке жалғаған арғымақ тағдыр арулар бары қуантады-ақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button