Біздің сұхбатРесми

Тимур ЕРМАҒАМБЕТОВ: «МІНДЕТІМІЗ – азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау»

Әділет министрлігі Үкіметтің Заң жобалары қызметі саласындағы үйлестіруші орган екені баршаға белгілі. Құзырлы органның қызметі Заң шығару жұмысын жетілдіруге және қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға бағытталған. Аумақтық әділет органдарының міндеттері біршама өзгеше болғанымен, жауапкершілігі одан кем түспейді. Осы және өзге де салалардың қызметіне қанық болу мақсатында Қарағанды облысы әділет департаментінің басшысы Тимур ЕРМАҒАМБЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

–  Тимур Қуатұлы, төтенше жағдай алынған соң, аймақта біртіндеп қоғамдық нысандар ашылуда, мемлекеттік органдар тұрғындармен жұмыс істей бастады. Төтенше жағдай кезінде Әділет департаменті қандай жұмыстар атқарды?

– Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында, Қарағанды облысы Әділет департаменті қашықтықтан жұмыс істеді. Азаматтарды қабылдау жүргізілген жоқ. Әділет департаментінің құзырына кіретін барлық жүгінулер мен қойылған сұрақтар электрондық үкімет порталы арқылы, WhatsApp-мессенджері бойынша, Департаменттің ресми сайты және Департаменттің Instagram, Facebook-тегі акаунттары арқылы қабылданды. Жекеше нотариустардың, адвокаттардың, заң консультанттарының және жеке сот орындаушыларының қызметін тоқтату туралы нұсқамалар беріліп отырды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өмірімізге енгізу міндетін қойды. Сіздің ведомствоңызда осы міндеттерді орындау бойынша қандай шаралар қабылданды?

– Президенттің Жолдауы біздің дамуымыздың негізгі бағыттарын айқындайды, ондағы көрсетілген мақсаттар ұзақ мерзімді. Оған жету Елбасы белгілеген елімізді әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге бастайтын стратегиясының ауқымды міндеттерін орындау үшін қажет.

Тұжырымдамада азаматтардың барлық сұраныстарына тиімді және тез жауап беруге аса көңіл бөлу қажеттігі айтылған. Оның маңызы қандай? Себебі, мемлекеттік органның қызметіндегі проблемалық мәселелер жергіліктегі азаматтар мен шенеуніктердің арасындағы кері байланыс болмаған жағдайда туады.

Өз кезегінде, Әділет департаменті халықпен өзара іс-әрекетін күшейтуге және жұмыстың шамадан тыс жүктемесіне мақсатты түрде көп көңіл аударады.

Азаматтармен тиімді тікелей және кері байланыс құру үшін Департаментте «Адалдық алаңы» диалогтық орталығы құрылды. Ол жерде барлық азаматтардың мәселелерін шешуге, Әділет департаментінің басшылығымен кездесуге мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, Әділет департаментінің әлеуметтік желілердегі жұмысы күшейтілді. Департаменттің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері Instagram, Facebook-тегі ресми парақшаларында онлайн-тәртібінде әділет органдарының заңнамасын түсіндіру бойынша күнделікті жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, 87759723105 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджерінде «жедел желі» жұмыс істейді, онда күні бойы жедел түрде өтініш иелеріне жауап беріледі.

Мемлекет басшысы жариялаған Еріктілер жылы аясында Әділет департаменті заңгерлік қоғамдастықпен, волонтер-студенттерді тарта отырып, I тоқсанда облыс тұрғындарымен кездесулер өткізді. Соның қатарында, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының өкілдерімен, Мүгедектер мен қарттар үйлерінде, Дағдарыс орталықтарында, Аналар үйлерінде және басқа да ұйымдарда құқықтық кеңестер берді. Азаматтармен 32 мәрте кездесу өткізіліп, 596 азаматқа кеңес берілді.

– Азаматтар көбінесе қандай сұрақтармен жүгінеді?

– Бізге Азаматтармен қатар заңды тұлғалар да жүгінеді. Биылғы жылдың I тоқсанында 662 адам жүгінсе, олардан 107 шағым түсті. Яғни, 16%, қалған жүгінулер сұранымдар, өтініштер, әр түрлі байланыстар. Негізінен мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың, нотариустардың, адвокаттардың әрекеттеріне шағымданады.

– «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңымен, заңнамада адвокаттар мен заң кеңесшілерінің жауапкершілігін сақтандыру сияқты жаңашылдық көзделген. Сол туралы кеңірек айтып берсеңіз?

– Иа, расында 2020 жылдың 1 қаңтарында жаңа институт күшіне енді. Оның мақсаты – адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру. Қазіргі уақытта заң көмегін көрсетудің міндетті шарты – адвокаттар мен заң кеңесшілерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасу, ал ол сапасыз заң көмегін көрсетсе, азаматтарға сақтандыру өтемін алуға мүмкіндік береді. Заң көмегін көрсету тұтынушы мен адвокат, заң кеңесшісі арасында бекітілетін шарт негізінде жүзеге асырылады. Мұндай шартты жасасу кезінде тұтынушы адвокаттар мен заң кеңесшілерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы шарттың көшірмесін талап етуге құқылы.

Сақтандыру төлемі тұтынушыларға адвокаттар мен заң кеңесшілерінің мынадай кәсіптік қателіктер жасаса төленеді. Процестік мерзімдерді өткізіп алу, құжаттарды дұрыс ресімдемеу, заң көмегі көрсетілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген жасалатын заңдық әрекеттердің салдары туралы оған хабарламау, заң көмегін көрсету үшін тұтынушыдан алған құжаттардың жоғалуы немесе бүлінуі, мәліметтерді заңсыз жария ету.

– Тимур Қуатұлы, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңда сонымен қатар, тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алу мүмкіндігі көзделген. Бұл қандай көмек және ол кімге көрсетіледі?

– Адвокаттармен және заң кеңесшілерімен белгілі бір санатқа жататын тұлғаларға, заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап, қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға дейін, құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз заң көмегін көрсету кешенді әлеуметтік заң көмегі болып табылады.

Мұндай көмектер «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға, атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге, жасына байланысты зейнеткерлерге, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектерге, қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайда жүрген өзге де адамдарға көрсетілуі мүмкін.

2020 жылдың I тоқсанында облыстың 124 адамы осындай тегін көмекке қол жеткізді.

– Әділет министрлігі жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін әзірледі, оның артықшылығы неде?

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында билік органдары мен азаматтар арасындағы дауларды шешудің негізгі механизмі ретінде әкімшілік юстицияны енгізу қажеттігі туралы атап айтты. Себебі, жариялы-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану кезінде азаматтар көбіне теңсіздік жағдайда болады. Аталған Кодекстің жобасын Әділет министрлігі Жоғары Сотпен бірлесіп әзірледі.

Кодекстің негізгі мақсаты – билік органдарымен дауларды жоғары тұрған органда және сотта қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді механизмдерін белгілеу. Сонымен қатар, Кодекстің ережелері азаматтардың құқықтарын жүзеге асырумен байланысты болған кез келген қызметке және мемлекеттік емес субъектілерге қатысты болады. Мәселен, Кодекстің қызмет саласы – мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік бақылау және қадағалау және тағы басқа.

Кодекс жобасында азаматтарды билік субъектілерінің тарапынан мүмкін болатын кері пайдаланудан сақтауды қамтамасыз ететін жаңа қағидаларды енгізу көзделген. Мысалы, құқықтардың артықшылық қағидасы құқық қолданушыларды заңнама актілерінің барлық күдіктерін, қарама-қайшылықтары мен түсініксіз мәселелерді азаматтардың пайдасына шешуге міндеттейді. Қазіргі таңда Кодекстің жобасын Мәжіліс мақұлдап, ҚР Парламенті Сенатының қарауына жолдады.

– Тимур Қуатұлы, Әділет органдарының қызмет мақсатының бірі мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың жұмысында заңдылық тәртібін қолдау. Әділет органдары жергілікті мемлекеттік органдар қабылдаған нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу қызметін атқарады. Азамат мемлекеттік құжаттардың әзірленетін жобалары туралы қалай біле алады? Олармен қалай таныса алады?

– «Ашық үкімет» жобасы аясында азаматтар мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілері жобаларын және Заң жобалары тұжырымдамасын қарауға қатыса алады. Нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларымен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады. Ол әзірленетін Заң жобаларын, мемлекеттік қызмет стандарттарының жобаларын және рұқсат етілген құжаттарды талқылауға арналған бірыңғай алаң.

«Ашық үкімет» жобасына төмендегі тәртіпте кіруге мүмкіндік бар.

Алдымен электрондық үкіметтің https://egov.kz сайтына кіру қажет, кейін, open.egov.kz «Ашық үкімет» жобасына өту керек. Соңғы қадам legalacts.egov.kz «Ашық НҚА» порталына кіру.

– Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан,

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button