Ел құрметіне бөленген
Шәкәрім қажы өзінің бір еңбегінде «Адам баласын бақытты ететін арлы ақыл, адал еңбек, ақ жүрек» деген пікір білдіреді. Ғұламаның осы сөзінде керемет ақиқат бар. Ал, енді таңның атысы, күннің батысы еңбек етіп, қарақан басынан гөрі халқының қамын жеген азаматтар қашанда абыройлы болған. Сондай асыл жандардың бірі – қазыналы қария, абыз ақсақал Қорабай ДОСЖАНҰЛЫ бүгін 80 жасқа толып отыр.
Қорабай Досжанұлы – Нұра ауданының Құрметті азаматы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де еңбек жолында үзеңгілес болған жан. Еліне сіңірген еңбегі үшін «Даңқ», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және басқа да мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Қорекең – балдәурен шағын сұрапыл соғыс жалмаған ұрпақтың өкілі. Әкесі Досжан Керейбаев 1941 жылы қан майданға аттанып, хабарсыз кетеді. Әкесін ес білгеннен іздеуде, жазбаған жері жоқ. Бірақ, еш хабар жоқ. Бір шаңырақтан қалған ұрпақты алғашқыда әжесі Рысбала Қуанышбайқызы асырайды. Кейін майданнан 1949 жылы оралған әкесінің немере ағасы – Ұлы Отан соғысының, Жапон соғысының ардагері Досмағанбет Оспанов өз қамқорлығына алып, тәрбиелейді.
Жоқшылықтың, жетімдіктің ауыртпалығына мойымаған жігерлі жас 1958 жылы Казгородок ауылындағы мектепті сәтті аяқтап, білімге құштарлығының арқасында Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Жоғары оқуды да жақсы бітіріп, 1963 жылы жоғары білімді инженер мамандығын меңгеріп, елге оралады. Ол уақытта кәсіби мамандар тапшы. Сол себепті оны ауданның іргелі шаруашылығы – «Урожайный» кеңшарына инженер етіп жібереді. Бұл ауыл шаруашылығы саласында малшылар мен сауыншылар еңбегін механикаландыру кезеңі болатын. Еңбекқор, тиянақты жас маман Қорекеңнің басшылығымен алғашқы сиыр сауу қондырғылары осы жерде іске қосылды. Жас маманның ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылары оны «Балықтыкөл» кеңшарына алдымен бас инженер, содан соң директор етіп тағайындайды.
1964 жылы Қазақ КСР Үкіметінің «Шөлейт жерлерде қой шаруашылығын дамыту» туралы Қаулысына сәйкес Нұра ауданында екі шаруашылық – «Амантау», «Балықтыкөл» кеңшарлары құрылды. Жаңа ғана құрылған шаруашылықты аяғынан тұрғызу, әрине, оңай емес еді. Бұл ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, іскерлікті талап етті. Бұл кездерде оған осы кеңшардың алғашқы директоры, ауданға танымал тәжірибелі басшы, талай жастың тәлімгері Балтабай Балабиевтің ағалық кеңесі, қамқорлығы мен жол сілтеуі көп көмек болды. Өзі қызмет атқарған 16 жыл ішінде Қорекең көптеген қиындықты жеңе отырып, алға қойған мақсаттарына да жете білді. Шаруашылық облыс бойынша алдыңғы қатарға шықты, қарқынды дамыды, барлық жағынан жоғары көрсеткішке жетті. Еңбегі еленіп, 15-ші шақырылған облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Тақыр жерде құрылған бұл шаруашылықта осы аралықта қой басы 40 мыңға жуықтады. Оның 22 мыңы аналық болды. Сонымен қатар, шаруашылықта «қарғалы» қойын өсіру бойынша Орталық Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, ғалым Мыңжасар Әдекеновтің жеткешілігімен ғылыми жұмыстар да жүргізілді. М.Әдекенұлы Орталық Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, Нұра ауданының шаруашылықтарында биязы жүнді, құйрықты қазақы қойлардың жаңа қарғалы тұқымымен селекциялық жұмыстарды басқарды. Бірлесіп жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижесі ғалымның 2015 жылы жарық көрген «Ұяң жүнді қарғалы қойлары» атты еңбегінде жинақталған. Ауыл қарқынды дамып, қажетті инфрақұрылым салынды: ақшаңқан үйлер, жол, дәрігерлік амбулатория, орта мектеп, ауыл клубы ғимараттары тұрғызылып, 1000-ға тарта отбасы қоныстанды.
«Балықтыкөл» кеңшарының құрылысына қазіргі Елбасы, ол уақытта Қарағанды политехникалық институтының студенті, студенттік құрылыс отрядының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысқаны да – оның өміріндегі тарихи оқиға. 1964 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен студенттер ауылдағы алғашқы екі пәтерлі төрт тұрғын үйдің қазығын қағып, құрылысты аяқтап берді. Сонымен қатар, олар ауылдың қоғамдық өміріне араласып, жаз бойы тамаша кештер, іс-шаралар да ұйымдастырып, ауыл жастарымен қоян-қолтық араласып кетті. Қорекең жайсаң мінезді Нұрсұлтан Әбішұлының көпшілік ортасында дараланып, үнемі көш басында жүргенін айтады. Елбасының ерекше қасиеті – бір көрген адамын ұмытпайтындығы. Қорекең «Балықтыкөл» кеңшарында директор болып жүрген кезінде Елбасымен тағы кездесіп, шарапатын көрген екен. Н.Назарбаев ол кезде Теміртау қалалық партия комитетінде қызметте еді. Сөзге келместен ауылдықтар мәселесін оң шешіп бергенін Қорекең ерекше ілтипатпен еске алады. Елбасы Қарағанды металлургия комбинатында қызмет еткенде ауылға қамқорлық танытып, шаруашылықты механикаландыруға көп септігін тигізген. Мал фермаларын механикалық қондырғылармен жабдықтау да, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету осы металлургиялық комбинат арқылы жүзеге асырылды. «Біздің қарым-қатынасымыз кейінге дейін үзілген емес. 1976 жылы Қазақстан партия ұйымының ХІV сьезіне делегат болып барғанымда ол кісі мені бірден танып, қасыма келіп, хал-жағдайымды, елдің амандығын сұрады», –дейді Қорекең.
1980 жылы Қорабай Досжанұлы партия жолдамасымен Нұра ауданы Чкалов атындағы кеңшарының директорлығына тағайындалды. 1981 жылы еңбектегі табыстары үшін «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Ол уақытта шаруашылықта 25600 гектар егістік алқап, 2000 ірі қара болса, оның тең жартысы сауын сиыр болатын. Ал, 1991 жылы мал басы 5300-ге жетті. Өсімдік шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы да қарқынды дамыды. 380-ге тарта адам еңбек етіп, кеңшарға өз үлестерін қосып отырған. Шаруашылық жыл сайын 3 тоннадан 6 тоннаға дейін сүт, 12000 тонна ет тапсырып отырды.
1991 жылы жекешелендіру басталып, кеңшар ұсақ шаруашылықтарға бөлініп кетті. Бұдан кейінгі кезеңде аудан басшылары білгір басшыны Кертінді ауылына әкім етіп тағайындады. Ауыл әкімі қызметінде де Қорекең халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ауылдың дамуына баса назар аударды. Сол қызметтен 2003 жылы зейнеткерлікке шыққан Қорекең қазіргі күні де ауданның қоғамдық өміріне белсене араласуда.
Қорекең ақсақал Ханша жеңгеміз екеуі жеті бала тәрбиелеп жеткізді, бәріне жоғары білім берді, өзінің бойындағы адами қасиеттерді балаларының бойына сіңірді. Бүгінде бәрі үйлі-баранды. Тек, Ханша жеңгеміздің өмірден ертерек озып кеткені болмаса… Кенже баласы Жанғозы Қорғаныс министрлігіне қарасты Алматы инженерлік авиация институтын бітірген, әскери маман, бүгінде полковник шенінде. Жанботасы жоғары білімді мұғалім, бүгінде перзенттік парызына адалдық танытып, Меруерт келін екеуі әкесінің қолын жылы суға малып, қамқорлық жасауда. Ал, Қорекең болса, халқына жасаған еңбегінің арқасында елінің сый-құрметіне бөленіп отыр. Ақсақал балаларының ортасында, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап отырған жайы бар.
Бикен АХМЕТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суретте: Қорабай Досжанов.