Руханият

Мүдде мен үде

Мемлекеттік қызмет – жеке тұлғаға үлкен жауапкершілік жүктейтін мемлекет пен қоғамның сенімі. Жалғыз адамның емес, мойныңда қоғамның, күллі халықтың артқан сенімі тұрады. Зор жауапкершілікті талап етеді – бұл. Ал, сол мемлекеттік қызметті атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген ерекше сенімді ақтау деген сөз. Оны мүлтіксіз атқару өз алдына, мұның сыртында мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігіне, этикасы мен моральдық бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Мемлекеттік мүдде мен адамгершілік үдеден шыға білу – қиынның қиыны білгенге.

Әрбір мемлекеттік қызметші жұмыс орнында өздерінің мемлекеттік тұлға екендігін саналы түрде түйсініп, биліктің мүддесін қорғайтынын түсінуі керек. Осыған орай азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, мәселе қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдардың алдын алуға, не болдырмауға тиіс. Мемлекеттік қызметші барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды. Бір көргеннен бағаңды беріп үлгеретін заманда, өзіміз туралы жақсы көзқарас қалыптастыру үшін біліктіліктің өзі аздық етеді. Мәдениет пен парасат керек. Сөйлеу өнері, құрмет көрсету, көңіл-күйді басқара алу, кез келген адаммен дұрыс қарым-қатынас жасап, тіл табысу – мәдениет айнасы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткенде өте дұрыс мәселені қозғады: «Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады» – деген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» делінген болатын. Біздің жоғарыдағы ойымыз осы тұжырымнан туса керек. Дамушы елдің даңғыл жолына түсуіне бірден-бір мүмкіндік тағы осы деп білеміз.

Қазіргі таңда мемлекет қызметкерлері жалпы халықтың сауалына, халықтың мұң-мұқтажы мен мәселелеріне құлақ асып, жедел жауап беру үшін әлеуметтік желілерді жиі және тұрақты пайдалануда. Көп мәселе бірден шешімін тауып, басшы мен халық арасында жиі байланыс пен жылы қарым-қатынас тұрақтаған. Бұл да мемлекетті өркендетіп, билік пен халық арасындағы байланысты күшейтетін құрал деп білемін.

Мемлекеттік қызмет саласының ардагері ретінде жастарға айтарым, мемлекеттік қызметкер бұл – мемлекетіміздің бейнесі, айнасы деуге болады. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметкер мемлекеттің өсуі, өркендеуі оның жұмысының нәтижесі екенін үнемі жадында ұстауы тиіс. Мемлекеттік қызметкер деген биік атқа ие болу және сол атақты абыроймен ұстап өту – әр қызметкердің басты мақсаты және міндеті.

Бейбіт ҚАСЕНОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button