Жаңалықтар

23. Қолөнер: баба аманатына адалдық

Жомарт ұстаны тасы өрге домалаған шеберханалар жұмысқа шақырды. Кісі қызығар жалақы, жылы да жайлы орын ұсынды. Бірақ, Жомарт МӘЛІКҰЛЫ Сарытөбеден сырт кетуді құп көрмеді. Шағын шеберханасында жас өскіндерді қолөнер ісіне баулуды көңілі қалады. Егер, өзі кетсе, бұл төңіректе ұлттық өнер ұмыт қалатынын түйсінді. Көнеден жеткен мұраны кейінгіге тапсыруды киелі борыш санады… Қазір де ұста өзінің аядай шеберханасында төрт-бес баланың басын құрап, ағаш иіп отырғаны сөзсіз..

КӨЗДЕГЕНІ – ҰЛТ МҮДДЕСІ

Сарытөбе – Бұқар жырау ауданында. Ауылдың өзі бұйра белдердің сай-саласында шашылып жатыр. Қыр астында – бір үй. Ел клуб атайтын енділеу үйді іздегенде де әуреге түскеніміз содан. Шеберхана осы клубтың бір басында тұр. Жомарт Мәлікұлының шеберханасы. Жомарт мұғалім осындағы негізгі мектепте көркемөнер пәнінен сабақ береді. Ал, жұмыстан тыс уақытта шеберханада балаларды қолөнерге баулиды. Біз кезекті сабақтың үстінен түстік.

– 2005 жылы «Жас шебер» үйірмесін құрдық, – дейді Жомарт аға.

– Содан бері балаларды шеберлік өнеріне үйретіп келемін. Қазір 15 бала қатысып жүр. 5-9-сынып оқушыларын таңдаймын. Икемі, ебі бар балаларды. Үйірме тегін. Ұсталық мұғалімнің қанында бар. Әкесі Мәлік өңірге аты шыққан ұста еді. Анасы тігіншілікті өмір бойы жанына серік етті. Алайда, әкеден алты жасында қалған Жомарт мұғалім өнердің қыр-сырын ағасынан үйренді. Міне, қос жұртынан қолөнерге жақын шаңырақтан ұста шықпауы мүмкін емес-ті. Жомарт Мәлікұлы ұсталықпен 35 жылдан бері айналысады. 1997 жылдан осы мектепте. Және облыс орталығындағы «Қазақтану» орталығында еңбек етіп келеді. Шеберлік дәрістерін өткізеді. Қай жерде де ұлттық өнерді дәріптеуді кейінге шегерген емес. Сонысымен де, ауыл алдында қадірлі.

БАСТЫСЫ – САПА

Жомарт ұста материал талғамай ды. Металл, сүйек, мүйіз, тері, ағашты кәдеге жарата береді. Көбінесе, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ, сәндік әшекейлер, кәдесыйлар, саз аспаптарын жасайды. Домбыра, қобызға сұраныс көп. Дегенмен, ұста тапсырысты сирек алуға тырысады. Табыс табу – мақсаты емес. Тек, шикізат сатып алу үшін ғана қабылдайды. Домбыраның төрт түрін құрайды. Өлшеміне қарай. Ересектерге, балаларға арналған. Қазір есімі республикаға белгілі ақынның домбырасын жасап жатыр.

– Домбыраның құны өлшеміне, жұмсалатын материалына қарай 15 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін барады, – Жөкең қалыпқа қондырылған домбыраны қолына алды.

– Мысалы, мынау қымбат аспаптардың қатарында. Мұнда емен, қызылағаш сынды бағалы ағаштарды пайдаланып отырмын. Жөкең домбыраны құрауда әбден кепкен ағашты пайдаланады. Бір температурада, су тимей 30-40 жыл тұрса, тіпті, тамаша. Әсіресе, шатырларды, биік ғимараттарды бұзғанда ағашқа қарық болады. Ағаштың түрін айыру үшін арнайы зерттеу жасап қажет емес. Ұста түріне, салмағына, алақанға сезілуіне қарай ажырата береді. Бір домбыраны жасауға төрт-бес ағаш қажет. Қақпағына шыршаны жиі салады. Шанағына – емен мен қайыңды, мойнына – қарағайды, алақанына қайыңды жаратады. Ал, ішектің орнын қармақтың бауы басып тұр. Домбыра жасау – күрделі процес. Айтуға ғана оңай болмаса…

Алдымен шанағын тіліп алады. Жұп-жұқа тіліктерді суға қайнатады. Түріне қарай, мәселен, қарағайды – 5 минут, еменді 1-2 сағат ыстық суға салып қою керек. Әбден жібіген тіліктерді қыздыратын аппаратқа салып, бір шанақты 1-1,5 сағат ішінде иеді. Иілген тіліктер екі күннен соң қайта тексеріледі. Қисығы түзетіліп, тағы он күн жатуы тиіс. Әбден кепкенде қалыпқа салынып, құрастырылады. Шегенің орнына желім жүреді. Сөйтіп, 1,5-2 жұманың ішінде домбыраңыз дайын болмақ. Кеңес уағында Осакаров ауданында домбыра жасайтын зауыт болды. «Бір салғанда жүз домбыраны құрап шығаратын», – дейді көнекөздер.

Ал, Жөкең бір домбыраға кемі жарты ай жұмсайды. Сапасын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.

ШЕБЕРХАНАҒА ЛАЙЫҚТЫ ҒИМАРАТ ҚАЖЕТ

Жомарт ұстаның басын ауыртып тұрған басты мәселе – ғимарат. Қазір клуб үйі деп отырғанымыз бұрын балабақша болған екен. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда балабақша жабылған. Мекеме мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете барған. Ғимараттың өзі қирауға айналғанда мектептің бұрынғы директоры Нұртай Әмірбеков күш салып, алып қалыпты. Қазір мұнда клуб ұжымымен қатар, шеберхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, шағын спорт залы орналасқан. 2015 жылғы тасқында ғимаратты су басты. Бүгінде апатты деп танылып, аудандық білім бөлімі ғимаратты ауыл әкімшілігіне тапсырмақшы. Ал, ауыл әкімшілігі қандай шешім қабылдары беймәлім. Шеберхана мектепке көшіріледі. Қосымша бөлме тұрғызылмақ. Бірақ, Жомарт ұста салынатын бөлменің тарлық ететініне сенімді.

– Кез келген шеберханада станоктар болады. Кесетін, тесетін, қысатын дегендей. Маған Қарағандыдағы «Достың үйінде» шеберхана ашып берді. Бірақ, ол кеңселік ғимарат болғандықтан станок сынды ауыр жабықтарды қоюға рұқсат жоқ. Сондықтан, шеберхана кез келген ғимараттан бөлек орналасуы тиіс. Егер, мен осы ғимараттың екі залын алсам, шеберханамды кеңейтер едім. Балаларға да, үлкендерге де ұлттық өнерімізді үйрету мүмкіндігіне ие болар едім. Қазір амалсыздан шағын бөлмеде шыр айналып жүруге мәжбүрміз. Аудан әкіміне барсам, өтінішімді жерге тастамас деп ойлаймын, – дейді Жомарт Мәлікұлы.

Елбасы айтқан рухани жаңғыру осынау түймедей дүниелерден бастау алары анық. Жомарт ұста өзінің ісімен елдік мұратқа титімдей болса да үлес қосып жүр. Елім деген азаматтарға қолдау көрсетіп жіберсек керек-ті…

БАБА МҰРАСЫ – СЕНІМДІ ҚОЛДА

Ұстаның алдынан жүздеген түлек қанат қақты. Бүгінде ұстазының ізімен кетіп, шеберхана ашып алғандар да баршылық. Мәселен, Бауыржан есімді шәкірті көрші ауылда сазды аспаптар жасау ісін жолға қойды. Тізіп айтсақ, мысал жеткілікті. Осы уақытқа дейін біраз бәйгеде топ жарып, ел аузына ілікті. 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесіне аудан атынан қатысты. Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауында қара үзді. Жақында Ақжол Бөкейхан атты оқушысы республикалық байқауда ІІ орынды еншіледі. Қазір де ұсталық өнерге ынталы оқушылар қарасы қалың. 5-сыныпта оқитын Аллаберген Сарқыт, Ерасыл Тоқтасын мен Ақылбек Ерлан үйірмеге қыркүйектің басынан бері келіп жүр. Қаршадайынан қолөнерге қызыққан балалардың зейініне бәрекелді дейсіз.

Мектепке барғалы қолөнерге қатысу арманым болды. Атам Жанат – шебер адам. Сол кісінің жанында жүріп біраз нәрсе үйрендім. Жомарт мұғалімнің үйірмесінде білмегенімді толықтырып, жаңа заттар жасауды үйреніп жүрмін, – дейді Ақылбек.

Ұлдардың қимылына қарап, Жомарт ұстаның арманы алдамағанына көзім жетті. Көздеген мақсатына аяңмен беттеп келеді. Қолынан іс келер қазақтың қарадомалақтары жыл санап көбеюде. Бабалар өнері – сенімді қолда… Бұл да Тәуелсіздіктің бір игілігі.

СУРЕТТЕРДЕ:

  1. Жомарт Мәлікұлы шәкірттері – Аллаберген Сарқыт, Ерасыл Тоқтасын мен Ақылбек Ерланмен бірге.
  2. Көрмеге әзір дүние.
  3. Шеберхана орналасқан ғимарат.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button