Дін-діңгек

Адасқанның алды – жөн, арты – Сирия…

Діннің қазаққа қашан келгені жайлы әңгіме айтпай-ақ қояйын. Оны имамдар, дінтанушылар жазып та, айтып та жүр. Біздің аядай ауылға дін 1994-1995 жылдары қайта келді. Ішінара дін ұстанып жүрген қариялар болды. Мен жастардың жаппай дінге бет бұруын жазып отырмын. Әйтеуір, ораза кезі болатын. Ауылымызда төбесіне қаңылтырмен күмбез жасай салған ескі мешітіміз болды. Ескі болатын себебі – Кеңес өкіметінен қалған ескі кеңсені мешіт қыла салғандығында. Әуелгіде, мешітке ауыл ақсақалдары барып жүрген. Сол жылғы оразада Сарыағаш медресесінен бізден 3-4 жас үлкен 4-5 бала келді. Ол балалар ауыл имамының шақыртуымен, әлде аудан имамының шақыртуымен келген шәкірттер болатын. Өзіміз тәрізді балалардың намаз оқығаны бізге қызық көрінді. Солар секілді болғымыз келе бастады. Жұрттың баласын мысалға келтіретін қазақы ауыл едік. Әр үйде кешкі не түскі ас кезінде «ана балаларды қараңдаршы, намаз оқып жүр. Не деген тәрбиелі балалар» деген секілді мысалдар естіліп жататын.

Не керек, сол балалар бізге сабақтан тыс уақыттарда келіп жүретін. Кейде мектепте бос сыныптардың бірінде біздің басымызды қосып, бізге уағыз айтатын. «Сендер мұсылмансыңдар ма, кәпірсіңдер ме?» деп сұрады бір жолы. «Мұсылманбыз» деп жауап береміз. «Мұсылманбыздың» алдына «Әлһамдулланы» қосатын дәрежеге жетпеген кезіміз. «Сендер мұсылмандардың гимнін білесіңдер ме?» деп сұрады онымен қоймай. Біз жамырап «Жаралған намыстанды» айтып жатырмыз. Арасындағы өзінің өзгелерден ақылды екенін көрсеткісі келгендер гимннің авторларын да айтып үлгерді. «Жоқ, сендер шатасып отырсыңдар. Бұл мұсылмандардың гимні емес. Біздің гимніміз – мынау» деп араб тіліндегі әлдебір әнді айта бастады. «Толағәл бадруғалейна, минсани ати уәдағ. Уәжаба шукуруғалейна. Мадаға Лиллаһи дағ…» деген жолдар әлі күнге құлағымда және көз алдымда. Көз алдымда дейтін себебім, бізге әлгі балалардың бірі тақтаға гимн текстін жазып, көшіріп алуымызды және жаттауымызды сұраған еді. Бәлкім, бұл жолдар бұлай жазылмайтын шығар? Қате жазсам, Алла өзі кешірсін. Мен бала кезімдегі сезіммен, бала кезде естігенімді жазып отырмын. Неге? Себебі, бізге олардың әңгімесі қатты әсер етті. Сабақтан қайтқанда бір топ бала осы салауатты қосыла айтатын да кезіміз болған…

Кейін ер жеткен соң бұл балалар жайлы біраз ақпарат білдік. Біреуі намазын тастап кеткен. Біреуі Сирияға кеткен деседі… Тағы біреуін былтыр аудан орталығындағы супермаркеттен көрдім. Маңдайының ортасында үлкен қара дағы бар. Баяғыда жоқ болатын. Сөйтсем, оның да өз мәнісі бар екен. Алладан тілек тілеп, түні бойы тілек намазын оқиды екен. Сәждеде маңдайы қажалғанша жататындар өз орталарында өте сыйлы деседі…

Жалпы, қай діндегі болса да құлшылық рәсімі, бұл – адам мен Жаратушы арасындағы қарым-қатынас. Оған үшінші тараптың келіп жағаласуына, ақыл айтуына зайырлы қоғамда үрке қарайды. Сондықтан да, дінді ұстанған кезде ресми орындағы (бұл жерде мешіт) мамандардан (имамдар, наиб имамдар) ақыл-кеңес сұрап, солардың айтқанымен жүрген дұрыс.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button