Руханият

Ағайынның ардақтысы еді

Сұм ажал кімдерді жалмамай жатыр. Оның үстіне бүкіл әлемді жайлаған атың өшкір «Ковид» індеті талай аптал азаматты ортамыздан алып кетті. Көрген жерде «Ағалап» алдымыздан шығатын жаны жайсаң, көрсең көз тоятын абзал азамат Нұржан Дәрібайұлы бауырымыздың осы індеттен көз жұмғанын естігенде еңсеміз езіліп, жер бауырлап, басымызды көтере алмай қалдық. Осы індеттің салдарынан «бауырымдап» барып, мауқымызды да баса алмадық. Сол Нұржанның дүиеден өткеніне де қырық күннің жүзі болып қалыпты. Енді артындағы анасы Бикенге, жары Зибагүлге, үш баласына тоқтам болсын деген ниетпен, бір-екі ауыз сөз жазуды ағалық парызым деп санадым.

Қарқаралы ауданындағы Аппаз ауылына қарасты Тоқберген қыстағында дүниеге келген Нұржан жасынан алғыр, ағайын арасында ардақты, туған-туыс арасында құрметті болып өсті.

Нұржан Аппаздағы Р.Сағымбеков атындағы орта мектепті үздік бітіріп шықты. Мектеп қабырғасында жүргенде комсомол комитетінің әр тапсырмасын тындырымды орындады, өзі де сол комитеттің хатшысы болды. Қанша дегенмен уақытында комсомолдың жастар тәрбиесіндегі алатын орны зор болғаны жасырын емес. Мектеп бітірген сол жылы Қарағанды политехникалық институтына түсіп, құрылыс және жол машиналары мен жабдықтары мамандығын алып шықты.

Еңбек жолын Металл конструкциясын жасау зауытында конструктор болып бастады. Біздің қаракөз қандастарымызға қырын қарайтын басқа ұлттар өкілдерінің ортасында жалғыз болғанына қарамастан, қызметін өз дәрежесінде атқарып, ұжымда тамаша іскерлігімен көзге түсті. Кейіннен Жылыту жабдықтарын шығаратын зауытқа ауысып, осындағы ванна, қол жуғыш және басқа да эмальды заттар шығаратын цехтың бастығы болып бірталай жыл еңбек етті. Ол кезде социалистік жарыс деген болады. Нұржан Кәбенов басқаратын цех сол жарыста талай рет үздік шығып, ауыспалы Қызыл туға ие болып жүрді. Өзі де талай марапатқа қол жеткізді.

Нұржан 2010-2015 жылдары Қарағанды көлік инспекциясы департаментінде де жемісті еңбек етті. Бірақ, оған сол кезде қаладағы қызметті тастап, ауылдағы жұмысқа ауысуына тура келді. Әкесі Дәрібай Кәбенов ағамыз кезінде Жамбыл атындағы совхозда шаруашылықтың сан саласында қызмет атқарған еді. Зейнеткерлікке шыққан соң «Шаңырақ» атты шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіппен айналысып кеткен болатын.

Аппаз ауылының Қарақуыс аталатын шұрайлы бір пұшпағын иемденіп, сол жерге бала-шағасымен барып қоныстанды. Бұл қойнауы шоқ-шоқ ағашқа, шілікке толы, шөбі шүйгін, бұлағы сарқырап ағып жатқан, малға да жанға да өте жайлы үлкен бір сай болатын. Тауы биік, жақпар-жақпар қара тасты болып келгендіктен шығар «Қарақуыс» атанғаны. Бұл жерде кешегі совхоз уақытында шаруашылықтың бір қыстағы орналасқан еді. Сол жер Дәрібай аға әулетінің бұрын ата-бабасының құтты мекені болса, енді өзінің құтты қонысына айналды. Мұнда ол кісі қой мен жылқы, сиыр малын өсірумен айналысты. Оның өнімін алып, жұртшылықтың кәдесіне жаратты. Бал татыған қымызын қарағандылықтар тапсырыспен алғызып жатты.

Сондай отбасының иесі де, киесі де болып отырған Дәрібай аға бақилыққа аттанғанда оның орнын Нұржанның басуына тура келді. Қыстақта қалған бауырларына бас-көз болып, «Шаңырақты» бұрынғыдан да шалқытып жатыр еді. Амал қанша, көрер қызығы ұзақ болмады.

Нұржанның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Көрмеген қызығын соңындағы қарт анасы Бикен жеңге, балалары Гүлдана, Ельмирасы мен АҚШ-та оқып жатқан Әселі және немерелері көруге жазсын.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

СУРЕТТЕ: Нұржан мен жары Зибагүл немерелерінің ортасында.

№615.

Басқа материалдар

Back to top button