Жезқазған қалай дамиды?
Қазір ауылдағылар (ұлытаулықтар) Жезқазғанға көп барады. Той, біреудің қырқы, жылы дегендей. Өйткені, көп адам сол жаққа көшіп кеткен. Ұлытау – аудан орталығы ғой. Аудан орталығынан қалаға көшкендердің үйін елді мекендерден (кеңшар) көшіп келгендер алып жатыр…
Шұбатып айтқанда былай: Жезқазғанда тұратындар Қарағанды мен Нұр-Сұлтанға көшіп жатыр, олардың үйін ауданнан келгендер алып жатыр. Ал, олардың үйін алыстағы ауылдан келгендер алса, олардың үйі босап қалып жатыр…
Жезқазған облыс мәртебесінен айрылғанына, қателеспесем, 27 жыл болды. Аудандардың бюджетін қазір Қарағанды қадағалап, қалыптастырады.
Жезқазғанның күнкөрісі – мыс. Шахта. Зауыт. Сәтбаевта көбіне шахтерлер, Жезқазғанда негізінен зауытта істейтіндер тұрады. Мыстың негізгі кілегейін «Қазақмыстың» иелері алады.
Халық айлықпен күн көреді. Шахтерлер әжептеуір айлық алады десең де, бәрінде 3-4 несиеден бар.
Кейінгі жылдары салынған әдемі ғимараттың көбі – тойхана.
Үйлердің арасы, аулалардың шаңы шығып жатады.
Жезқазған өзі Қарағандыдан, яғни, облыс орталығынан 502 қашықтықта орналасқан. Одан гөрі мына жағындағы Қызылорда жақынырақ. 400 шақырымдай-ау деймін. Арқалық қаласы одан да жақын. Бірақ, Қарағандыға қосып қойған. Бәлкім Қарағандыны қазақыландыру үшін қажет болған шығар? Әлде, әлеуетін көтергісі келді ме екен?
Енді, қайта бөлу керек деп ойлаймын. Бұл өз алдына бөлек талдап жазатын нәрсе, әрине.
Жезқазғанның өзін-өзі дамыту бағыты – мыспен байланысты. Қателеспесем, Жезқазған-Бейнеу шойын жолы ашыларда Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «Мыс біраздан кейін бітеді. Соның қамын ойлап, жол ашып жатырмыз» деген. Яғни, мыстың әйтеуір бір күні бітетіні анық. Сонда қала қалай күнін көреді? Кеңес кезінде Мәскеуге керек нәрсе арқылы өңірлердің даму бағыты айқындалды ғой. «Мысты өңір, көмірлі қала, мұнайлы өлке» деген сияқты. Соны айта бермей, ойлануымыз керек қой. «Мыстан басқа түгі жоқ қала» деген бола ма?
Жезқазғанды қала көріп, жиналып алған халық ертеңгі күні не істейді? Енді, ешқайда көше алмайды көбі. Ауылдағы үй сатылған, не бұзылған, Қарағанды мен Нұр-Сұлтаннан үй ала алмайды.
Басқаша бір даму жолдары болуы керек екені анық. Бірақ қалай?
Қызылорда, Шымкенттен Елордаға келетін көкөністер Балқаш жақпен айналып етеді. Отыз жылда Қызылорда-Жезқазған жолын жөндесе, төтелей келе салар еді. Жезқазған-Арқалық жолын жөндесе, сол жақпен тіке Ресейге де баруға болар еді. Арқалық ана жақтан, Жезқазған мына жақтан тығырыққа тірелген.
Мен мұның бәрін жазбай-ақ, шаруама кете берсем де болар еді. Бірақ ішіме сыймайды.
Ал, Сіз қалай ойлайсыз?
Арман ӘЛМЕНБЕТ,
жазушы.