Жаңалықтар

Латын әліпбиіне көшу – болашақтың бағдары

«Бастау» оқу-әдістемелік орталығында латын әліпбиінде оқу мен жазу дағдысын қалыптастыру, латынша әріптерді есте сақтау, латын графикасындағы жазу барысында кездесетін қиыншылықтарды анықтау мақсатында «Латын әліпбиіне көшу – болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстел өтті.

«Заманның талабы, адамның талабы» дегендей бүгінгі таңның дәйекті бағытының бірі латын әліпбиі. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында болашаққа сенімді қарауға мүмкіндік берген бірегей мәселе – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді басты міндет ретінде белгілейді. «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер» деді Елбасымыз таяу жылдардағы міндеттерді саралай келе.

Бүгінде латын әліпбиі мәселесі кімді болсын толғандырмай қоймасы анық. Латын әліпбиіне көшу туралы айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанымен, бұл мәселе төңірегінде сан алуан пікірлер бар. Дегенмен де Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында бұл мәселенің де өз шешімі болары анық. Осыған орай бүгінгі таңда «Бастау» оқуәдістемелік орталығының қызметкерлері қарқынды жұмыс атқаруда. Оның бірденбір дәлелі тілге тиек етіп отырған шара.

Ұйымдастырылған шараға қала аумағындағы көптеген мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мемлекеттік тілге жауапты мамандары мен қызметшілері қатысты. Оларға тақырып аясында мәліметтер берілді. Шара барысында орталық оқытушылары Мейрамгүл Қабдрашқызы мен Әсел Тойымбекқызы жаңа әліпбидің үлгісімен таныстырды. «Кім зерек?» және «Тапқырлар алаңы» әдісі арқылы қатысушылармен тәжірибелік жұмыстар жасап, жаңа әліпбиге қызығушылықтарын оятты. Шара соңында әр қатысушыға «Менің айтарым» парақшалары таратылды, онда қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Қатысушыларымыз бұл парақшаларға латын әліпбиінің терең дамуына өз үлестерін қосатындықтарын жазғаны, құптарлық жағдай.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас». Сіз бен біз болып осы әліпбидің жандануына өз септігімізді тигізетін болсақ, біздің көздеген мақсатымыз, аңсаған арманымыз орындалатыны анық. Латын қарпіне көшу мәселесі ел болып жұмыла кірісетін үлкен шаруа. Қандай қадам жасасақ та ұлтымыз үшін игілікті боларына сеніміміз мол. .

Бибігүл ДАУЛБАЕВА,

«Бастау» оқу-әдістемелік орталығының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button