Өнегелі өмір иесі

Өмірде өзінің кішіпейілділігімен, биязы мінезімен, табанды еңбегімен ерекшеленетін адамдар аз емес, сондай жанның бірі һәм бірегейі, Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» белгісі орденінің иегері Марс Еренбекұлы Төлеуқұлов бүгінде ақсақал жасы 85-ке толып отыр.

Марс Еренбекұлы Төлеуқұлов жайлы қысқаша ой-толғам

Марс аға 1935 жылы 23 шілдеде Шет ауданының Ақсу-Аюлы селосында дүниеге келген.

Әкесі – Төлеуқұл ақсақал елге танымал, жиырма бес жыл сауда, дайындау мекемелерін басқарған Қоңырат (Ақтоғай), Қу (Егінбұлақ), Шет аудандарында абыройлы қызмет атқарған. 1955 жылдан өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығында еңбек етті, осы еңбегі ерекше бағаланып, Шет ауданында бірінші болып «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағы берілді.

Шешесі – София Ахметқызы Қарқаралы ауданының Нұркен ауылында болған Ахмет деген байкөпестің қызы. Текті ортадан шыққан тәрбиелі, қарапайым, сабырлы, көп сөйлемейтін, балаларына, туған-туыстарға өте кішіпейіл ақылды ана. Өмірде он бала тәрбиелеп, өсірген батыр ана атанып, халқына қадірлі, еліне сыйлы болған.

Осы кісілердей әке, шешеден тәрбие алған Марс ағаның, балдәурен балалық шағы Қу (Егінбұлақ), Қоңырат (Ақтоғай) аудандарында 1939-1950 жылдары өтеді.

Марс аға жас кезінде аса қатты қиыншылық көрмей өскен үйдегі баланың үлкені болғандықтан, отқа, самаурынға жағатын талды бұтап, оның кебуін қадағалап анасына осылай көмектескен. Жазда әжесі бие сауып, қымыз ашытып отырған үйден қымыз әкелу, басқалары жеңіл шаруаларды тындырып, анасына көмегін береді.

Мәкең Қоңырат (Ақтоғай) ауданын ерекше ыстық көріп, оның топырағына аунап, Тоқырауын суынан нәр алған қасиетті де, киелі жеріне әрқашан ризашылығын айтады. Өйткені, ол елде келешек өміріме азық, көңіліме қуаныш, жүрегіме қуат беріп, еңбекке, бауырмалдылыққа, қамқорлыққа, адамгершілікке тәрбиелеген халықтың ортасында болып, ер жеткеніне мақтанады.

1941 жылы өзімен бірге ойнап жүрген ересек 7-9 жастағы балалар, барлығы мектепке оқуға барады. Мәкең ол кезде 6 жасқа толған, мектепке қасындағы балалармен барса, мектеп директоры басынан сипап, «Сен әлі жассың, келесі жылы кел» – деп қайтарып жібереді. Әкесі үйге келсе, баласы жылап, әкесінен мектепке оқуға апаруын сұрайды. Сабырлы Төкең мектепке барып: «бала жылап болмай отыр, 3-4 күн балалармен бірге болсын» дейді. Содан ұлағатты ұстаз, Жабас Кеңесбаев тағы басымнан сипап: «Болмадың ғой, талабың зор екен. Көрейік, талабыңа нұр жаусын, отыра тұр» – деп, ортадағы бір партаға отырғызады. Мәкең ересек балалармен бірге оқып, оқу үлгерімі өте жақсы болып, Қоңырат (Ақтоғай) ауданында 7 класты бітіреді.

Балалық шақ қандай қызық: жаз бойы өзенге барып, суға шомылып, жағада құмға қыздырынып, аунап, тал арасынан қарақат, бүлдірген, долана теріп, өзеннен балық аулап, оны отқа пісіріп жеп, мәре-сәре болатын.

Көрші балалар Сәбит Көпірбаев, Қабден Байжасаров, Қабидат Алпысбаев, Шәпибай т.б. асық ойнап, Шатырша тауының етегінен шаңғы, шана теуіп өскен.

1947 жылы Төкең ақсақалдың қызметі Шет ауданына ауысуына байланысты 8-10 класты Ақсу-Аюлыда Ыбырай Алтынсарин мектебінде 1950 жылы барлығы 6 (алты) оқушы бітіреді. Олар: Амантай Арыстанбеков, Кәрсенбай Медиев, Түзел Әбішев, Кәріғұл Көшкінбаев, Марс аға мен тағы да бір бала.

Осы мектеп бітіргендерден: Амантай, Кәрсенбай және Мәкең үшеуі Қарағанды мұғалімдер институтына түсіп, 1953 жылы бітіреді. Амантай мен Кәрсенбай екеуі Ыбырай Алтынсарин мектебіне орналасады. Марс аға орын болмағандықтан, еңбек жолын Қайрақты орта мектебіне қатардағы мұғалімдіктен бастайды, біраз уақыттан соң, сол мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатады. Мектеп директоры Сухибек Абдрахимов, Айман Манабаева және т.б. ұстаздармен бірге еңбектес болады. Келесі жылы мектеп директоры болып Нұрғали Мәбиев келеді.

1956 жылы Марс ағаны Қызылту мектебіне директорлыққа жібереді, келсе, мектеп толық дайын емес, біте қоймаған, төбесі қайың, терек ағашпен жабылған 6 (алты) пеш пен 10 (он) бөлме.

Колхоз бастығы Жақыпов Әкімбек, ауыл кеңесі Нақыпов Алтыбай және мектептегі 3-4 мұғалім ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, колхоздан 3 пар өгіз арба беріп мектепке керек-жарақ материалды тасуға және Жарық станциясынан парта, орындық, тақта және т.б. заттарын бір-екі ай енбектеніп, мұғалімдер Хамза Қыздарбеков, Абайділда Мақашев, Бакия Әбілдина және т.б. сол жердің халқының көмегімен мектепті қалпына келтіріп, оқу жылын бастады. Мектеп жетіжылдық болып ашылды. Мәкеннің 20 жасындағы директорлық қызметі осылай басталады.

1956 жылғы оқу жылында Шет аудандық оқу бөлімінің басшысы Әбеу Ермеков деген азамат Марс ағаның Қайрақты, Қызылту мектептеріндегі еңбегін көре жүріп, бірінде завуч, бірінде директорлығын бағалап, Шет аудандық оқу бөліміне инспектор болып келуін ұсынады.

1956-1960 жылдары Шет аудандық оқу бөлімінде инспектор, бөлім меңгерушісінің қызметтерін атқарады. 1956 жылы Мәкең ауданда қызмет істеп жүрген бойжеткен Боранбаева Розамен көңілдері жарасып, отау құрады. Роза жеңгей өте биязы, мәдениетті, ақылды, сүйкімді де сүйікті жар болды. Өмірге жеті ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсірді және олардың қызығын көрді, өмір бойы ұстаз болып еңбек етті. Мәкең ағамызды өте қатты құрметтеді.

Марс аға 1961-1966 жылдары аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры болды. Бір жайтқа айрықша ден қойғанымыз абзал: ол – адамның қандай лауазымды қызметте болса да, әйтеуір, артында бір із қалатындығы. Мәкеңнің танымал азамат болуы, мұғалімдік, директорлық қызмет атқаруы, партия, кеңес, кәсіподақ саласында еңбек етуі, егер болмысында іскерлік, принципшілдік, талапшылдықпен қатар адамгершілік, өзгеге деген қамқорлық, қарапайымдылық ұялаған десек, соның бәрі де ҰСТАЗ атты мамандығынан бастау алғандығы деуіміз керек. Мәкең педагогтік қызметінде ғана емес, мына өмір атты ұлы көште шын мәніндегі ҰСТАЗ бола алды. Танымал ғалым М.Хамзин осы жоғарыдағы ойларды айта келіп: «Мен өмірде филологтық салада еңбектеніп, азды-көпті нәтижеге жетсем, сол үшін екі мұғалімге қарыздармын: бірі – сегізжылдық Кеншоқы мектебінде сабақ берген Сәулебек аға Жүнісов, екіншісі – орта мектепте сабақ жүргізген Марс аға Төлеуқұлов. Бұлар ірі білімдарлығы өз алдына, адам жанын түсінетін психолог, дегдар, қоғамдағы адамнын орны, әсіресе мұғалімнің орны қандай болуы керек соны түсінген еңселі жандар дер едім», – деп толғанады. Осы аралықта көптеген аудан жастары орта мектепті бітіріп, әр саладағы мамандықтарды таңдап, жоғарғы оқу орындарына түсіп, бітірді. Боранбай Жумкин, Мағауия Сатыбалдин, Максут Садуақасов, Тлеукабыл Есенбеков, Есенқұл Түсупов, Кәріғұл Тұрсынов, Мәуен Хамзин, Зейнолла Төлеубаев, Зекен Рахимов, Наурызбай Даримбаев, Есентай Құтжанов, Есенжол Сәулебеков және т.б. біразы ғалым, біразы ауыл шаруашылығының басшылары сияқты лауазымды қызметтер атқарды.

1966 жылдан партия, кеңестік, кәсіподақ қызметтерінде болды. Осы қызметтерді атқара жүріп, 1974 жылы Жамбыл зоотехникалық-мал-дәрігерлік техникумын үздік бітіреді. Шет аупарткомының үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Орджоникидзе атындағы совхоздың парткомы, аудандық ауыл-шаруашылық қызметкерлері комитетінің аудандық кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы, (1966-1979ж.ж.) аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Ақшоқы совхозының партком хатшысы (1979-1992ж.ж.), аудан әкімнің аппарат жетекшісі болды (1992-1997ж.ж.).

Мәкең 1966-1997 жылдары аупартком хатшылары К.Дүйсембеков, М. Абаханов, С.Медеубаев және аудан әкімдері Қ.Мәдиев, К.Сарханов, аудан ауыл шаруашылығы басқарма басшылары Х.Байғабылов, А.Ахметов, М.Әдекенов, Е.Сембин, Б.Жумкин және тағы басқаларымен қызметтес болды.

1999-2010 жылдар Қарағанды тау-кен колледжі мұражайының меңгерушісі қызметін атқарды. 2002 жылы қоғамдық қалалық ардагерлер мүшесі, 2005 жылдан Қарағанды қалалық әлеуметтік кеңесінің қорғау комиссия төрағасы, президиум мүшесі.

Осы көп жылғы ерекше еңбегі бағаланып, төмендегідей мемлекеттік марапаттарға ие болды: «Тың және тыңайған жерлерді игергені» (1957-1975-2010ж.), «Еңбек ерлігі» үшін В.И.Ленин 100 жыл (1970ж), «Құрмет белгісі орденінің иегері» (1976ж), «Еңбек ардагері» (1988ж), «Шет ауданының Құрметті Азаматы» (2009ж.), 18 жыл Шет аудандық атқару кеңесінің депутаты, 16 жыл аупарткомның Бюро мүшесі, «Қарағанды қаласына 80 жыл» медалі (2014ж.), Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздар энциклопедиясы (2017ж.), Қарағанды облысының білім басқармасында «Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі (2019ж.), Қарағанды қаласының ардагерлері кеңесі 20-30 ж.ж. кітаптарын құрастырушы (2020ж.). 90 жылдық тарихы бар осы Шет ауданының дамып, өркендеуіне аянбай еңбек еткен, өмір және еңбек жолдары кейінгі ұрпаққа «Өнегелі өмір иесі» боларлық азамат Марс ағайға – денсаулық, сарқылмас қуат пен биік рух, сәттілік тілеймін.

Біләл ДОСКЕЕВ,

«Еңбек ардагері»,

Шет ауданының Құрметті азаматы.