Жаңалықтар

2020: Токио Олимпиадасы тарихқа айналады

Биыл әлем көзін тігетін үлкен дода байрағын көтермек. 2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода өтетін XXXII Жазғы Олимпиада ойындарында 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынады. Алдағы Олимпиада ойынына жаңадан бес спорт түрі (бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг) енгізілді. Айтары сол, елімізден 100-ден аса спортшы қатысады деген үміт бар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше, Қарағанды аймағынан Жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 10 түрінен қатысуға үміткер 15 спортшының тізімі бекітілген. Бүгінгі таңда сол спортшылардың арасынан жаһанның жаңалығына айналатын бәсекеге облыстың үш бірдей спортшысы лицензия ұтып алды. Толығырақ тоқталсақ…

 

ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ СПОРТШЫЛАРДАН ҮМІТ ЗОР

Жерлестеріміз Александра және Екатерина Нечичтер синхронды жүзуден Токио Олимпиадасына қатысу нормативін орындады. Олар Кванджуда өткен 2019 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша лицензияға иелік етіп отыр. Яғни, межеден көрінген 10 команданың ішінде біздің елде автоматты түрде Токио жолдамасына қол жеткізген. Сонымен қатар, әйелдер күресінен 76 келіде Эльмира Сыздықова да әлемдік додада өнер көрсетеді. Ол 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында жүлделі болып, жолдамаға ие болды.

Ал, батут гимнастикасынан Данил Мұсаев, бокстан Абылайхан Жүсіпов, грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов, велоспорттан Роман Василенков пен Сергей Шатовкин, ескек есуден Светлана Германович, Виталий Васильев, Михаил Таскин және Дарья Разумович, дзюдодан Ислам Бозбаев пен Жансай Смағұлов, жеңіл атлетикадан Римма Кашафутдиновалар Олимпиадаға қатысу лицензиясын иелену үшін Халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін арттыру жолында тер төгуде. Үміткер спортшыларға мемлекет тарапынан ай сайын стипендия төленеді. Олардың дайындалуына барлық жағдай жасалуда.

ТОКИОНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ

Қазір Күншығыс елінің билігі төртжылдықтың ең маңызды спорт додасына тыңғылықты дайындалып жатыр. Жапон елі спорттағы әлеуетін ғана емес, технологиядағы озық жетістіктерін де паш етуді көздеп отыр. Олимпиада ойындарына арнайы роботтар құрастырылған. Құлтемірлер келушілерге барынша көмектесіп, жол көрсетеді дейді ұйымдастырушы тарап.

Жазғы ойындардың алауы сакура секілді безендірілген. Әр бөлігінен от тұтанып, соңында бәрі біртұтас алауға айналады. Салмағы – 1,2 келі, биіктігі – 71 сантиметр. Алауды дайындау үшін 2011 жылы Жапонияның солтүстік-шығысында жер сілкінісі мен цунамиден зардап шеккендерге уақытша соғылған үйлердегі мыс қолданылған екен. Алау дәстүр бойынша Грекияда жағылады. Жеті күннен соң Күншығыс еліне жететін алау 26 наурыз күні жағылмақ. Сондай-ақ, электрондық жабдықтардың қалдықтарынан өндірілген медальдарда да ерекшелік бар. Оларды дайындауда халықтың қолдауы жоғары. Соңғы екі жылда ұйымдастырылған кампанияларға белсене қатысқан жапон халқының 6.2 миллион ескі телефонындарынан жасап шығарған.

Аталмыш жабдықтардың ішіндегі бөлшектерден шығарылған 32 келі алтын, 3,5 тонна күміс және 2,2 тонна қола Олимпиада және паралимпиада ойындары үшін қажетті 5 мың дана медаль жасауда қолданылды.

Ал, байрақты бәсекенің жаңа эмблемасына келетін болсақ, шахмат тақтасы секілді өрнектермен айшықталған. Мұндай өрнектер Жапонияда Эдо дәуірінен (1603- 1867) бері танымал. Ондағы әр тікбұрыш әлемдегі елдер мен оның мәдениетінің нышаны, демек, спорт олардың барлығының басын біріктіреді. Олимпиада атауы («Tokyo 2020») эмблеманың түсіне лайықты бояумен жазылған. Төменгі бөлігіне, талап бойынша Олимпиада белгісі – бес сақина орналастырылған.

«10 МЕДАЛЬ КҮТЕМІЗ»

Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Олимпиадада қазақстандық спортшылардан болжам бойынша 10 медаль күтетінін айтқан.

«Олимпиада ойындарына дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Қазіргі таңда жиырмадан аса лицензия қолда бар. Барлық лицензиялық сайыстар – жоспарда. Риодағы Олимпиада деңгейіндегі жетістікті төмендетпеуіміз керек. Менің ойымша, қазақстандық спортшылар 10 медаль алады. Үшеуі алтын деген мақсат бар. Алтын алатындардың қатарында – Дмитрий Баландин, Елдос Сметов пен Ольга Рыпакова болады деген үміттеміз».

БИЛЕТТЕР – САТЫЛЫМДА

Олимпиаданы жоспарлау комитеті маркетинг бөлімінің жауапты маманы Хидэнори Судзукидің айтуынша, Олимпиада ойындары билеттерінің 20-30 пайызы Жапонияда тұрмайтын адамдар үшін сатылымға шығарылмай сақталады. Өткен жылдың маусымында «Токио-2020» ұйымдастыру комитеті билет бағасы 2500 иен (22,77 АҚШ доллары) мен 300 000 иен (2733 АҚШ доллары) аралығында болатынын мәлімдеген еді. Кейінгі ресми мәліметке сүйенсек, 8 миллионға жуық билет сатылып кеткен.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button