Руханият

Шежіреші

Ұлы данышпан Абай: «Өмір-мұхит, уақыт-толқын» дегендей, өтіп жатқан айлар мен күндердің де өз айтары , кейінге қалдыратын өсиетөнегесі бар. Өтіп бара жатқан жылы Алаштың айтулы азаматы, қарымды қарт қаламгер Өмір КӘРІПТІҢ 80-нің сеңгіріне шыққан сәтінде «Дала сыры: ел мен жер атауларының әпсанасы» (Алматы: «Palitra- Press», 2020-628 бет) атты еңбегі жарық көрді.

Әйгілі сыншы В.Белинскийдің: «Адам, ең алдымен, өз елінің перзенті, өзінің туған жерінің мүддесіне жан жүрегімен берілген азамат болып табылады», – дейтіні осындайда еске түседі. Кезінде ұстазым болып, кейін айтулы ақын, талантты жазушы атанған Өмір Кәріп ағамызға қатысты әр кезде естелік, мақалалар жазатыным мәлім. Жазушының кесек туындылары «Ескі тоған», «Тайталас», «Серілер мен перілер»», «Қоңыр сарын» болса, поэзиялық шығармаларының жинағы «Сыбаға» менің назарымнан тыс қалмады. Кей кітабын таныстардан беріп жіберсе, келесілерін ұзынқұлақтан естіп, тауып аламын. Сол дәстүрмен жақында қолыма жазушының көптен ізденіп, келер ұрпаққа ескірмес естелік қыларлық «Дала сыры» атты көлемді еңбегі түсті. Асыға ақтарып, көлемді кітапқа назар аударуға тура келді. Дархан даланың саф ауасын жұтып, тұмасынан шөл қандырып, тау-тасын, өзен-көлін, сай-саласын қызықтайтындар жеткілікті. Сандаған ел-жұртпен араласады. Көрген-білгендерін отбасында, шағын отырыстарда әңгіме ететіні аян. Ал, сол көргендерін мұқият зерделеп, өткені мен бүгінін салыстыра қарайтын қаламгер әрекетнің қашанда құрметке лайық екендігі еңбегінен танылады.

Даланың иісі, самал желі, қалы кілемдей құлпырған гүлдері мен көгорай шалғыны, жеміс-жидегі – бәрі де қаламгердің жазғандары арқылы жаныңды жадыратып, алыста қалған туған жердің сағыныш сазына ұласады. «Жазушы – адам жанының инженері» дегенді айтқызған оның осындай құдіреті екендігіне кәміл сенесің.

Төрт бөлім, қырық баспа табақтан тұратын Өмір Кәріпұлының бұл еңбегінде бүгінгі Жаңаарқа ауданы мен Шет ауданына қарасты ел, жер, өлкенің, өнер өрендерінің шежіресі жасалған. Арабтың түп мағынасы «шаджарат», анықтай айтқанда, «бұтақ», «тармақ» деген ұғымынан туған шежіре жазу шежірешінің қолынан ғана келеді. Елдің құрметіне бөленген шежірешілердің сонау сақ, ғұн, көне түркі дәуірлерінен басталып, қаһарлы Шыңғыс ханның кезінде де ерекше дәріптелгені тарихтан мәлім. Біз білетін Өмір аға ақын, жазушы, ұстаз ретінде танылған. Бұл ұғымдарға оның бойындағы таланты, дарыны мен парасаттылығы толықтай жауап берген. Бір кезде жас дарын айналасындағы өзен-көл, тау-тас, сай-сала, қайнар бұлақтарды поэзия тілінде сөйлетіп, тау ұлы екендігін жасын жырларымен жеткізген. Туған жердің табиғатын, ауылдың айтулы адамдарының тағдыр-талайын, көзден кетсе де көңілден кетпейтін көне дәуірлер естеліктерін шығарма арқауына айналдырған жайсаң жазушы. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегенді қаперінде ұстап, өнерге ынтық жастарды тәрбиелеп, арман асуынан асырған ұлағатты ұстаз. Бұның бәрі Өмкеңнің өз тілімен айтқанда жастық жылдарының шежіресі екендігімен ерекшеленеді.

Әлем білетін тарлан тарихшы Геродот: «Әрекет етуге бел байлаған адамдардың әдетте жолы болады, керісінше, өлшеп-пішумен ғана шұғылданып, кешеуілдете беретін адамдар ісінің сәті сирек түседі», – депті. Міне, осындағы жолы болғыш адамның Өмір Кәріпұлы екендігін істеген ісінен көреміз. Кезінде өзіне өлең туғызып, көлемді шығарма жазуға отырғызған ел мен жердің тағдырын өнер тілінде сөйлетсе, енді кемеліне келген қаламгер соның ақиқатын айтып, ұрпағына ұлағат ретінде таза тарих тіліне көшірген. Арқаның аспанмен тілдеспесе де асқаралы болып көрінетін таулары: Желтау, Өгізтау, Айдаһарлы, Қоратау, Қабантау, Сұлушоқы, Саңғыру, Сарықұлжа және тағы басқа таутөбелері маған да ыстық, жаныма жақын. Осы таулардың арасындағы ағып жатқан бұлақтар, көктемде күркірей тасыған өзендер арасында менің де балалық шағым өтті.

Өмкең жазған Күміс бұлақ, Алтын бұлақ, Айдаһарлы тауының етегіндегі Жалпаққора ауылында туып, осындағы мектепте алғашқы бастауыш білім алған күндерім еске түсті. Бұл жердің сұлу табиғаты ғана емес, жазушы жазған адамдар тағдырын ой елегінен өткіздім. Біздің ұстаздарымыз көбі соғыстан оралған, қаталдықтары әр шәкірттерінің есінде қалған мінезді тұлғалар болатын. Елдімекендер Айшырақ, Жалпаққора, Желтау, Ақтау, Қызылтау, Ортау, Көктал және басқада көз көріп, көңілге тыныс-тіршілігімен ұялаған еді.

Осынау елді мекендер, өзен-көл, сай-сала, тау-тастар мен құлақтары қалқиған күмбездер және төрт түлігін өргізіп, ел игілігі үшін тер төккен сол алыс ауылдар адамдарының өмірі мен өнегесін табиғатпен біртұтас баяндаған еңбектің қуаты шындықтан шалғай кетпеген. Жер-су атауларына қатысты аңыз, әпсаналар ата-бабадан қалған аманаттың естелігі десек, елді мекен, кесенелер елдіктің белгісі еді. Автор өзі көрген, көңілге түйген ел мен жер тарихына қатысты оқиғаларды ұлттық рухқа байланысты салт-дәстүр, ойынсауық, ырым-кәделермен ерекшелеп, ұрпаққа үлгі-өнеге тұрғысынан кейде өлеңмен, енді бірде қара сөзбен шебер баяндайды.

Еңбекте мыңдаған жер-су атаулары айтылып, жүздеген елдімекендер тарихы баяндалады. Сол кеңістікте ғұмыр кешкен сандаған адамдардың шығу тегі, ізгі істері, шаңырақтарында өрбіген отбасы мүшелерінің еңбек жолы кітаптың танымдық және тағылымдық деңгейін арттыра түскен. Осының бәрі жазушының өмір жолындағы ізденістері, тынбай тынымсыз еңбектенуінің нәтижесін анықтайды. Өмір көшінде ізгілік жолында болып, ел мен жерге деген махаббатын биік ұстай алған жан екендігін паш етеді.

Қарымды қаламгердің өткенді еске алып, бүгінгі күнмен салыстырған сәттерін оқырман қауымның мұңға беріліп, көңілі құлази қабылдайтыны талас тудырмас. Өйткені, оның анықтамасы – шындық. Өткен мен бүгіннің айырмасы жер мен көктей екендігін тарих жоққа шығармайды. Өмірдің айнасы тарих екендігінің басты ерекшелігі осындай ізденіспен дәйектеліп, келер ұрпаққа ескірмес естелік болып қала бермек. Ең бастысы, ел мен жерге, адамға, ұлтқа деген махаббатқа қылау түспесін. Рух күштілігі сонымен танылып, мәңгі жасай бермек.

«Дала сыры» кітабы – шежіре арқауы, шежіреші Өмір ақсақалдың айтары да – ұлттың тағдыр-талайы.

Берік РАХЫМОВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Басқа материалдар

Back to top button