Құмар ойынға құнықпаңыз
Instagram әлеуметтік желісі «Мына көлікті сіз ұтып алуыңыз мүмкін. Ол үшін менің парақшамдағы адамдарға тіркелсеңіз болғаны» деген өнер адамдарының бейнежазбаларына толып кетті. Вайнер, асаба, әнші – бәрі бір-бірінен қалысар емес. Күніге түрлі көліктер мен бағалы сыйлықтар ойнатуда. Ал, бұл құмар ойынның бірі екенін біреуі білсе, біреуі сол құмарлықтың жетегіне қалай түскенін байқамай қалады. Тіпті, «бұдан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа бөлінеді» дегендерді де естіген боларсыз? Бас пайдасын өтірік қайырымдылыққа аударғансып, жалған ұпай жинағандарды өз басым түсіне алмай келемін.
Өткенде танымал вайнер (есімін жасыруды құп көрдім) өзі тізгіндеп жүрген жол талғамайтын көлігін ұтысқа тікті. Шарты – жоғарыда айтып кеткенімдей. Ұйымдастырушының достарына тіркеліп, өз парақшаңа оның көлігімен түскен суретін міндетті түрде «ойынға қатысамын» деп жариялауың керек. Не керек, қай-қайсы болсын оңай жолмен көлік мінгісі келеді ғой. Сонымен, «ойын басталды» деп жариялаған күннен бастап, бәрінің парақшасы сондай суреттерге толып қалды.
Одан қала берді, ақша төлеп қатысатын конкурстар да жиі ойнатылуда. «Сіз бар болғаны 3000-5000 теңгеге билет алсаңыз, көлік сіздікі болуы әбден мүмкін» деген жұлдыздардың түсірген бейнежазбаларын көріп алып, қалтасындағы барын қағып береді. Бұл сома тек бер жағы ғана. Нәтижесінде не ақша жоқ, не көлік жоқ алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады.
Ал, осындай ойындарға қатысып жүрген бізде ес бар ма?! Пәленбай мың адамның ішінен сол көлік саған бұйырады деген… Жалпы, өз басым дәп осындай әлеуметтік желі арқылы ойнатып жатқан байқауларға қатысып көрмеппін. Жеңімпазды ұтыс тігіп жатқан адам екі жолдың бірімен таңдайды. Біріншісі, автоматтандырылған арнайы бағдарлама арқылы анықтаса, кейбірі көзін жауып тұрып, саусағының ұшымен кез келген біреуін баса салады. Ал, енді ойлап қараңыз. Көліктің саған бұйыру ықтималдығы өте төмен. Оны білетін қатысушылар өз парақшаларына бір емес, бірнеше рет «қатысамын» деп жазып, ережеде көрсетілген тапсырмаларды өз деңгейінен асыра сілтеп орындайды. Көлікті ұтып алудың қамы ғой…
Менің бір досым үнемі осындай ойындарға қатысып жүреді. Хабарландыру шықты ма, парақшасынан көрінген көліктің суретін қылтитып қояды. Әлгі вайнердің ойыны бітісімен, ертесінде танымал әнші ұйымдастырады. Талаптары да тап сондай. Ал, досым әдетін тағы бастайды. Менің парақшам тағы да көлікпен түскен әншінің суреттерінен көрінбей тұр. Шыдамым таусылып жекесіне жазсам: «Өткендегі ойында айым оңынан тумады. Енді осы жолы бастапқыдан көп жариялап, көлікті ұтуым керек. Осындай ойындардан көлік мінгенше қатысуды доғармаймын. Алдыңғы ойында бағым жанбаса керек, келешекте бір көлікті тақымдап қалармыз. Бағым жанар, бәлкім» – дейді ол.
Құмар ойынға құнығып, жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтыны һақ. Ақша қаншалықты оңай жолмен келсе, солай кететінін естен шығармаңыз. Әрі оның құны да болмайды. Басыңдағы бағыңды қайдағы жоқ нәрселермен сынауды қойған жөн. Біреудің көлігін алу үшін жасаған әрекетің, оның алдында дегеніне көніп, қол жайып сұрағанмен бірдей деп білемін. Нәпақаңды адал жолмен, жейтін наныңды маңдай теріңмен тапқанға не жетсін?! Бұл да бір Алланың саған берген үлкен бағы емес пе? Барымызды, бағымызды бағалайық.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.