ОБЫРДАН оңалудың жолы бар ма?

Пандемия әлемді дүрліктірді. Десе де оған қарамайтын дерттер бар. Обыр. Себебі, обыр жыл сайын әлем бойынша 10 млн. адамның өмірін жалмайды. Ал, біздің елімізде обыр жылына 35 мың адамда жаңадан анықталса, өткен жылғы дерек бойынша 186 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде Қарағанды облысы қатерлі ісік кең таралған аймақтардың үштігінде.

Алайда, облыс онкологтарының айтуынша, қазір анықталып жатқан жағдайлардың жартысынан көбі бастапқы, 1, 2 сатыдағы науқастар. Бұл – ерте диагностикалау нәтижесі екенін алға тартады. Оның үстіне тұрақты жүргізілетін ем қатерлі ісікке шалдыққандардың өмірін ұзартуда. Бұған дейін жаман ауруға шалдыққандардың өмір сүру ұзақтығы әрі кеткенде 5 жылмен шектелетін еді. Орайы келгенде, былтырғы өлім-жітім көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға азайғанын айта кетуге болады.

Біраз жыл болды, еліміздегі барлық емханаларда онкоскринингтер бар. Тегін тексеріс жас ерекшеліктері бойынша барлық адамдарға арналған. Сүт бездері мен жатыр мойны обырына скринингтер және колоректалды обырға тексеріле алады. Дерттің ерте анықталуы осындай скринингтерге тікелей байланысты. Мәселен, сүт бездері обырының анықталу көрсеткіші жоғары. Жаман аурудың бұл түріне өткен жылы 564 адам шалдыққан көрінеді. Облыстық онкологиялық диспансердің жалпы онкология және хирургия бөлімінің меңгерушісі Андрей Панибратецтің айтуынша, бұл көрсеткіштің барлығы емге көнетіні, бастапқы сатыда анықталып отыр.

Биыл көктемде облыс орталығында ашылған маммологиялық орталық қатерлі дертті ерте анықтауға көмектеспек. Онда бірнеше миллиметрлік ісікті көре алатын аймақтағы жалғыз томосинтез аппараты бар. Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы салынса, мұндай заманауи аппараттардың саны артар еді. Бұл құрылыс жайлы айтылғалы біраз жылдың қарасы. Былтыр «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек келгенде осы мәселе айтылған болатын. Жаңа блокта жылына 20 мың ота жасалмақ. Алайда, әзірге бәрі жоспар…

Жалпы, профилактика, диагностика және онкологиялық көмек көрсетудің кіріктірілген моделін енгізу, кадрлар даярлау және қайта даярлау – елімізде қабылданған 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарының бағыттары бойынша жүргізілмек (осы мақсатта 35 млрд. теңге бөлінген). Осы бағыттар жалпы медицинаны қалыптастырады. Алайда, бүгінгі таңда онколог мамандарға зәрулік республика бойынша қалыптасқаны шындық. Бұл онкологиялық ауруларға ғана емес, медицинаның барлық саласына қатысты өткір проблемаға айналып отыр. Аймақтың денсаулық сақтау басқармасы беретін деректерге сүйенсек, жас мамандар келудей-ақ келеді, бірақ, қажеттілік толық жойылар емес. Соған қарағанда адамның бәрі дертті ме дерсің?!

Жансая ОМАРБЕК.