Руханият

Астана рухы – Алаш стихиясы

Тұранды мақтамаймын тіпті текке, Онсызда Тұран мәлім талай шетке» демей ме Мағжан атақты «Түркістан» поэмасында. Ой, бір жұлын-жүйеңді өрт шалғандай, рухың сергіп рахаттанып қаласың ғой. Көкіректі кернеген мақтаныш сезімі рухани ләззат сыйлайды. Бабаларымыздың астаналы алып ел болғаны. Екінің бірінің еншісіне жазылған ба бұл сый, білмеймін…

Білетінім, тура осы шығармасын Мағжан орыс отаршылдығының шеңгелі арқамызға әбден батқан, құл-құтан кезімізде айдай әлемге жария етті. «Қысық көзді, күншығыс, Бұл тұрысың қай тұрыс?» деп қам-қарекетке көшу керектігін айтатын кезі де осы ақынның. Сол Түркістан Тұран даласының құты, Алаштың астанасы еді Мағжан тумай тұрып. Соны ақынның тарихи санасы тірілтіп, Алаш рухында қайта жаңғыртып отыр. Ол туғанда қазақ – отар, орысқа құл, былайша айтқанда. Ақынның көкірегі мен сана-сезіміндегі күрескер рух – күллі елдің арман-аңсары мен түпкі мұраты, демек. «Айтылған сөз – атылған оқ» шындыққа айналмай қоймайды деген сөз. Махамбет пен Мағжан заманына дейін астаналы ел болған халқымыз ғасырлап күресе жүріп ақыры астаналы жұрт болғанын біз көріп отырмыз. Тәубе! Тәңірі қиған бақ. Жүдеп-жадап, арып-ашып, атылып, асылып, қанша қырылып келсек те, Алла аман сақтап, азаттық атты арғымақтың жалына қол салдық. Астана тұрғызып алдық. Әуелі – Алла десек, бұл екіншіден – ұлттың қан-тамыры мен сүйегінде ойнап жатқан тек пен табиғаттан. Халықтың бойындағы асыл қасиет пен содан туындайтын сана-сезімінен. Егер сенің бойыңда «анау жатқан жүкті шайқап тастап, түбіндегіні аламын» деген рух пен сенім болмаса, сен оны ешқашан төңкеріп тастай алмайсың… Ұлт та адам сияқты тірі организм. Қазақ баласының құл болуға хақы жоқ, демек. Біз соны білуіміз керек. Бүгінде ел ордасы – астанаға ат басын тіреген әрбір жас сол мұратқа саналы түрде жетіп баруы керек. «Астанамыз азаттықтың белгісі, астаналы жұртымның туын жықпаймын» деп атқа қонуы керек кешегі Алаш арыстарындай. Ұлттың мұраты сөйтсе өтеледі. Елордамыз сөйтсе гүлденеді. Астанадан алыстағы ауылдардың тамырына қан жүгіруі де сондағы азаматтардың әлгіндей сана-сезімі мен рухынан болмақ. Оны ескеріп, саналы түрде түйсінбейінше, көшің көлікті, ерің ерікті, елің көрікті, кемел жұртқа айналуы екіталай. Себебі, өзің үшін жасаған дүниенің бәрі қайта айналып халқыңа тимей қоймайды. Өйткені, сен осы елдің бір өкілісің, осы елдің бір перзентісің. Ақылды, білімді, талаптысың ба, ұлтың да сондай. Сен жемқор, парақор, табансызсың ба, ұлтың да тура сондай деген сөз. Саған қарап, «ее, қазақтар осындай екен ғой» дейді. «Маған атақ – Алаш үшін өлгенім» деуі содан Мағжанның. Немесе «Сен маған әуелі еліңнің жастарын көрсет, мен сосын саған еліңнің болашағы туралы айтамын» дегені тегін емес Фарабидің. Не десек те, бізге астаналы жұртымыздың байрағын құлатпай ұстау – парыз. Әркім өзі істеген ісіне тиянақты һәм сауатты болса, сол елінің іргетасына кірпіш боп қаланғаны? Ауылда жүріп, отбасыңды бүтіндеп, ортаңды түгендеп, шаруашылығыңды дөңгелете алсаң – ол да үлес елге. Астанасыз ауылдың, ауылсыз астананың күні жоқ, өйткені. Тарихта ондай ел болмаған, болмайды да. Ауыл шаруашылығынсыз мемлекет жоқ, мемлекетсіз астана жоқ. Мемлекетті ұстап отырған астана – елдің басы мен қолқа-жүрегі болатыны, сондықтан. Онсыз тіршілік жоқ, қол-аяқ, дене мүшеге қан бармайды. Қол-аяқсыз басың да далада қалады. Алаштың ерік-жігері, ішкі стихиясы астаналы ел болуға жараған екен, қуану ләзім. Бірақ, сол дәулетті ұстап тұру одан да қиын, одан да ауырырақ. Өркениет көшінің алдыңғы тобындағы түрік бауырлар мемлекетті дәулет (дәвләт) дейді екен. Ақтанберді жырау «Осынша берген дәулетті, Көтеріп тұрар ма екенбіз?!» деп армандамай ма? Алда Елорда күні келе жатыр. Бұл – ғасырлар бойы азаттығы үшін күрескен Алаш елдігінің тойы! Шетелден әртіс шақырып, от-шашу ату сияқты бейбастақтың емес. Алаш бүгін астаналы жұрт болса, алар аспаны әлі алда. Жетер көкжиегі қиыр-шексіздікте. Астана күні деген – соны санамен түйсінетін күн. Адамзат жаралғалы бері бабаларымыз жер-суында астанасыз, бассыз, баусыз қалып көрмеген. Ұлы өркениеттер тудырып, әлемге үлгі шашқан. Ептеп есеңгіресек, кейінгі үш ғасырда ғана. Одан да күреспен аман өтіп, еңсеміз тіктеліп қалды. Ендігі уақытта есе жібергенді уақыт кешпейді. Соны бағамдап, соны біліп болашаққа көз тіккен ұрпақтың елдік мұратын есіне алатын күн – осы астана тойы емей не?! Реті келгенде біз солай деп қалдық. Сіз бізден де озып ойлауға қақылысыз, оқырман!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button