Рухани жаңғыруРуханият

Сананы серпілтетін қозғаушы күш

Бүгінгі қоғам, көзқарасы қалыптасқан зерделі де зерек тұлға тәрбиелеуге міндетті. Сондықтан да, ілім-білімге жастарды қызықтырып, жан-жақты жетілу үшін жедел жаңғыру, ұлттық рухы жоғары, мәдениеті озық ел қатарына қосылып, рухани құндылықтарды игеруге тиістіміз.

Мұны Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан айқын байқауымызға болады. Осы жолы Елбасы еліміздің саяси экономикалық тұрақты дамуы үшін «біздің санамыз ісімізден озып жүруі» керек дей отыра: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп ұлттық санаға айрықша маңыз берді. Ұлттық сана жер бетіндегі әрбір ұлттың жаһандану заманында өзгеге жұтылмауының, өз ерекшелігін сақтап қана қоймай, әлемдегі лайықты орнын айғақтайтын негізгі кепіл. Біздіңше, ұлттық сана ғана ұлтты ауызбірлікке, тұтастыққа жол бастайды.

Осы орайда Қарағанды медицина университеті студент-жастарға білім ғана беріп қоймай, тәрбие мәселесіне де үлкен мән береді. Университет басшылығы оқу-тәрбие жұмыстарын жіті қадағалап, жастардың көзқарасының қалыптасуына, ұлттық және рухани құндылықтарды терең игеруі үшін қыруар жұмыстар жүргізеді. Мәдениеттің негізі – білім. Білім тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады. Тәуелсіз елдің тұғырының беріктігі білім нәрімен сусындаған өскелең ұрпақтың туған елге деген сүйіспеншілігіне тікелей байланысты. Әрбір жас азаматтың – Отан деген ұлы ұғымға адал қызмет етіп, жан дүниесімен беріле сүюі үшін, университет ұжымы тәрбиелік маңызы зор шараларды жиі өткізуді дәстүрге айналдырған. Қазан айында Қазақстан тарихы және Әлеуметтік саяси пәндер (ӘСП) кафедрасы жастармен жұмыс жасау бөлімімен бірігіп, Рухани келісім күніне орай «Менің дінге көзқарасым» тақырыбына шығармашылық байқау ұйымдастырды. Байқауға барлық мамандықтар бойынша 425 студент қатысты. Кафедра оқытушылары Н.Ломан, К.Абдрахманова, Н.Мейрамова, М.Алиева, А.Бакирова, А.Ахатова, О.Ковтун, Г.Алиевалардан құрылған комиссия 25 ең жақсы деген жұмыстарды іріктеп алды. Аталған жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырып отыратын шараларға да университет студенттері жиі қатысып тұрады. Тұңғыш Президент күніне орай «Назарбаев оқулары» аясында ұйымдастырылған шараға Қарағанды медицина университетінің ассистент-профессорлары К.Абдрахманова, М.Алиева, А.Ахатова І курс студенттерімен қатысып, кітапхана ұжымының Алғыс хаттарына ие болды. Тәуелсіздік қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдаламасы аясында Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасында Халықаралық медицина факультетінің ІІ курс студенттері арасында ағылшын тілінде студенттік конференция өткізілді. Аталмыш конференцияға шетелдік студенттер де қызығушылық тудырып тәрбиелік маңызы зор шара болды.

Өткен ХХ ғасыр еліміз үшін қасіретке толы болды. Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Сондықтан тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білуді жастарға түсіндіру де өте маңызды. Осындай мақсатта кафедраның ассистент-профессоры К.Абдрахманованың ұйымдастыруымен «КарЛаг» музейіне бірнеше саяхат жасалды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасы ҚМУ жастарымен бірігіп «Жаңғыру жолы» тұрақты семинарына үнемі қатысып, «Жастар жылынан – еріктілер жылына» атты кездесу өткізді. Семинардың жоғары деңгейде өтуіне Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қарағанды қаласының этно-мәдени орталықтары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және кафедраның бір топ ассистент-профессорлары еңбек етті. Семинарда модератор болған бір топ оқытушылар С.Никифорова, О.Ковтун, А.Ламанова, Ю.Осинцева. Бұл іс-шараның мақсаты жастардың білімін кеңейту және тереңдету, еріктілер қозғалысы саласында тәжірибе алмасу болды. Еріктілер тақырыбы университеттің шетелдік бөлім студенттері арасында да қызығушылық тудырды.

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерелерінің географиясы» жобасын студенттердің санасына сіңіру аса маңызды міндеттердің бірі. Әлемде қалыптасқан пандемияға да қарамастан кафедрада онлайн түрде де шаралар өткізіліп жатты. Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының ассистент-профессоры А.Долгополовтың ұйымдастыруымен тарихи өлкетану үйірмесі өзінің жұмысын жалғастыра берді. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек, яғни, Қарағанды медицина университеті Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының басшылығымен кафедра ұжымының жыл бойы жүргізген жұмыстарының студент-жастар үшін нәтижесі оң болады деген сенімдеміз.

Құдайберген ТЕМІРҒАЛИЕВ,

ҚМУ-дың Қазақстан тарихы және ӘСП кафедрасының меңгерушісі, доцент.

Кәмшат АБДРАХМАНОВА,

ассистент-профессор.

Басқа материалдар

Back to top button