Біздің сұхбатКоронавирусСұхбат

Ербол ДҮЙСЕКЕНОВ: «Сабыр сақтау – маңызды мәселе»

Қарағанды қалалық №3 емхананың мектеп және жасөспірімдер бөлімінің меңгерушісі Ербол ДҮЙСЕКЕНОВКЕ оқырмандар тарапынан туындаған бірнеше сауалды жолдаған едік. Білікті маман-дәрігер қазіргі жағдайда адамдардың қобалжуға берілмей, қарапайым ережелерді қатаң сақтауы керек екендігін айтады.

– Ербол Төлегенұлы, редакцияға сауал жолдаған оқырмандарымыздың басым көпшілігі вирус жұқтыру қаупін төмендететін қарапайым ережелерді әлі де тереңірек білгісі келеді. Бұл туралы не айтасыз?

– Ең басты талаптар – қашықтықты сақтау, карантин шарттылықтарына мұқият болу және көпшілік жиналған жерлерде жүрмеу. Мәселен, сауда орындарында немесе қоғамдық көлікте жүретін болсаңыз, маска тағу – міндетті. Ал, саябақта немесе ашық алаңда маска тақпай жүруге болады. Сыртқа шығып келгеннен кейін міндетті түрде қолды сабынмен мұқият тазалап жуып, ауыз бен мұрын қуысын шаю қажет. Бұл қарапайым әрі маңызды ережелер.

– Қазір ауруханаларда бос орын жетіспейді деген деректер бар. 15-20 пайыздық екіжақты пневмония диагнозы қойылғандардың көбісі үйде емделіп жатыр. Үй жағдайындағы емді неден бастаған дұрыс?

– Пневмония диагнозы анықталған науқастар үшін айта кетерлік маңызды мәселенің бірі – сабыр сақтау. Себебі, уайымдаған адамның бірден күйзеліске ұшырайтыны белгілі. Дәрігерлер тұжырымы бойынша 15-20 пайыздық пневмония диагнозы – вирусты пневмония болғандықтан, бірден антибиотик қабылдаған дұрыс емес. Керісінше, үй жағдайында сұйық тағамдарды көп ішіп, үй-ішін таза ұстап, ылғалдандырып отыру қажет. Сондай-ақ, С дәруменін жиі қабылдаған жөн. Кейін тыныс алуды жеңілдететін жаттығулар жасау керек. Сыртта серуендеу де жақсы көмектеседі. Тыныс алу қиындап, ентікпе пайда болса, құсатын болсаңыз, қызуыңыз 38 градустан асса, жедел жәрдемге жүгіну қажет. Тәбетті жоғалту, иіс немесе дәм сезбеу де вируске тән құбылыс. Ол екі апта аралығында болатын қалыпты жағдай болғандықтан, одан қорқудың қажеті жоқ.

– Өңірде эпидемиолог, анестезиолог, пульмонолог, инфекционист, реанимотолог мамандар жетіспейді. «Жедел жәрдемде жүрген университет түлектерінің көбісі науқастарға дұрыс диагноз қоймағандықтан, пневмония анықталуда» дейді көпшілік. Осы олқылықты қалай жоюға болады?

– Жедел жәрдем қызметкерлерінің негізгі мақсаты – диагноз қою емес. Олардың міндеті – науқасқа алғашқы көмек көрсету. Әрі қарай науқас өзінің емделуші дәрігеріне жіберіледі, кейін ем тағайындалады.

Қазіргі жағдайда дәрігерлерге қатысты жағымды әрі жағымсыз пікірлердің тууы – заңды. Өздеріңіз білетіндей, вирус жұқтырған адамдардың саны артқандықтан, дәрігерлердің жетіспеушілігі сезілуде. Сондықтан, бұл іске медициналық оқу орындарында білім алатын студенттер де араласуда. Дәрігерлер қауымының күн-түн демей қызмет атқарып жүргенін ескергеніміз жөн. Тұтас қоғамның игілігі үшін жасалып отырған іс болғандықтан, бұған түсіністікпен қараған жөн.

– Көпшілікті мазалайтын сауалдың бірі – дүниеден озған науқас «коронавирустан қайтыс болды» деген ұйғарым қандай жағдайда жасалады?

– Негізі, ешқандай емдеу орны «коронавирустан қайтыс болды» деген ұйғарым жасамайды. Бұл мәселемен облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тағайындалған арнайы комиссия айналысады. Инфекциялық стационарларда қайтыс болған адам болса, оның себебін зерттейді.

– Жалпы, ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тестілеуге жүгінген жөн бе? Оны жергілікті емханада тегін жасатуға бола ма?

– Қазіргі таңда ағзасында қандай да бір симптомдар пайда болғандардың дереу емханаға немесе зертханаға баруы белең алды. Зертхана тестілеуі кейде дұрыс қорытынды бермейтіндіктен, оған толықтай сенім артудың қажеті жоқ. Оған қоса, кез келген адамда ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) симптомы анықталған болса, дереу COVID диагнозымен тіркеуге аламыз.

Қолданыстағы қағида бойынша емхана жүкті әйелдерге, 65 жастан асқан немесе жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті секілді аурулармен ауыратын адамдарға ПТР тестілеу жасайды.

– Дәрігерлер «аз симптомды ауруы бар науқастар вирусқа қарсы және антибактериялық препараттарды қолданбауы керек» дейді. Осы қаншалықты дұрыс?

– Бұл – дұрыс тұжырым. Кейбір адамдарда вирустың белгілері ретінде құрғақ жөтел немесе иіс, дәм сезбеу жағдайы ғана кездесуі мүмкін. Осындай аз симптом анықталса, вирусқа қарсы препараттарды қолданудың қажеттілігі жоқ екенін ескертеміз. Өйткені, антибиотиктерді жиі қолдану асқазанға артық салмақ түсіреді. Антибиотик бактериалды шараларға қарсы нәрсе болғандықтан, ол тек бактериямен күреседі. Ал, қазір белең алып тұрғаны – вирус. Сондықтан, пайдаланған антибиотиктің вирусқа ешқандай әсері болмайды. Демек, оған жүгінудің еш қажеттілігі жоқ.

– Пневмониямен ауырған науқастарға инфекциялық стационардан шыққаннан кейінгі қадағалау жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Қазіргі таңда көпшілік дәрігерлер емханамен қатар қашықтықтан да жұмыс істеп жатыр. Қатарға мобильді бригадалар қосылды. №3 емхана базасында 4 814 адам қадағалауда тұр. Осы науқастар стационарлардан шыққанда учаскелік дәрігерлер хабарласып, емін жалғастыруын қадағалайды. Жағдайы қиындаса, мобильді бригадалар үйіне келіп, жедел көмек көрсетеді.

– Өзіңіз де білетін шығарсыз, пневмонияға ұшырағандар халық еміне жүгініп, қымыз ішіп, қойдың құйрық майын тұтынуда. Бұл ағза үшін қаншалықты тиімді?

– Медицина заңдылығы бойынша емдеу шараларына қатысты қандай нәрсе айтылса да, ол дәлелденген болуы тиіс. Дәрігерлер нақты ғылымға сүйенетіндіктен, «халық емін қолданыңыздар» деп ешқашан айта алмайды. Бірақ, қазақтың қымызының құрамында әртүрлі дәрумендер бар екені белгілі. Тек вирусты кезеңде ғана емес, жалпы адамның иммунитетін көтеруге қымыздың әсері мол. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда қымыз ішіп, құйрық май жеген тиімді болып тұр.

– Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button