Жаңалықтар

18. Құтқару қызметі – бейбіт күннің күзетінде

Жұманың таңында аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қарағандыдағы 52859 әскери бөлімінде бас қосты. Мақсат – белгілі. Азаматтық қорғаныс полкінің тіршілік әрекетімен танысып, полк атқаратын авариялық-құтқару жұмыстары туралы жұртқа жеткізу. Бұл шара «Құтқарушы өмірінен бір күн» аталды. Яғни, біз бір күнге қызметінің қызығы мен шыжығы мол құтқарушы атандық…

БӨЛІМДЕ ҚАЖЕТТІҢ БӘРІ БАР

Күн құлағы қылтия жиналған бізге бөлім қызметкерлері арнайы киім дайындап қойыпты. Алдын ала киім өлшемдерімізді сұратқан еді. Сержант Бақтияр Екпінов үлестірді. Инеден жаңа шыққан киім денемізге қона кеткен біз нағыз құтқарушыға айналып шыға келдік. Бөлімдегі сапарымыз арнайы техникамен танысудан басталды. Аға сержант Никита Мержаев қаз қатар тізілген әр техникаға жеке тоқталып шықты.

Мұнда жол талғамайтын көліктер жеткілікті. Суда, қарда, батпақта жүруге қауқары бар бұл көліктердің күнделікті қызметте көмегі көптеп тиюде. Мәселен, 2015 жылы қыста Қарқаралы ауданында екі адам қар құрсауында қалған еді. Күн боран, астындағы көліктің қарды бұзып жүруге шамасы жоқ. Сол уақытта құтқарушылар шынжыр табанды техникамен қарды кешіп, әлгі екі жолаушыны аман алып шықты. Егер, жол талғамайтын көлік болмағанда жолаушылардың халі мүшкіл болар ма еді…

Техникамен таныстықтан кейін бөлім қызметкерлері асханаға қарай бастап жүрді. Сарбаздар ауқаттанатын орын.

Капитан Гинат Жангудиннің айтуынша, тамақ құнарлы. Әр сарбаздың ас-суына күніне 1713 теңге жұмсалады. Ал, арнайы тапсырмаға шығатын күні тамақ құрамы күшейтіліп, құны 1850 теңгеге дейін жетеді. Капитан мәлімдегендей, бөлімде азық-түлікпен проблема жоқ. Айта кететін бір мәселе, биыл сарбаздардың ас мәзіріне жылқы еті де енгізіліп отыр.

Бөлім ғимаратында бұл жердің өткенімен таныса аласыз. Қабырғаларға талай жылын бөлімде өткізген ардагерлердің суреттері ілінген. Мұражайда да бейбіт күннің батырлары туралы жан-жақты ақпарат көрсетілген. Батырлардың бірі – Дмитрий Клочко.

Ұзақ жылдар бойы құтқару қызметінде тер төгіп, бірнеше мәрте ерлік көрсеткен ардагердің суреті мен пайдаланған құралдары бұрышқа қойылыпты.

Сондай-ақ, сарбаздардың жаттығу залы да соңғы үлгідегі жабдықтармен жасақталыпты. Қажетті құрылғының бәрі бар.

Психологиялық қызмет бөлмесі де жұмыс істеп тұр. Бұл жердегі қызметкерлер офицерлер мен сарбаздардың психологиялық жай-күйін бақылап, қажет кезде тиісті көмек көрсетіп отырады.

Сарбаздар өнерден де қаражаяу емес екен. Біздің назарымызға әскерилер өздері дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынды. Ән шырқап, күйді күмбірлетті. Қатардағы жауынгер Сәндібек Әбуов көпшілікке таңсық саксофонда ойнап, көрермендерді тәнті етті. Ал, Арман Тілеулі есімді сарбаз бит-бокс өнерімен ерекшеленді. Келесі бас сұққан жеріміз тұрмыстық қызмет бөлмесі болды. Сарбаздар осында киім үтіктеу, жаға тігу сынды шаруалармен айналысады.

Мәдени-демалыс бөлмесі де қарастырылған. Мұнда жауынгерлер фильм көріп, басқа да мәдени іс-шараларға қатысады. Ал, тәрбие бөлмесінде сол мәдени іс-шараларға жауапты сарбаздардың шығармашылық ізденісіне толық жағдай қарастырылған. Бөлім басшылығы бізге сарбаздардың жатын бөлмесін де таныстырды. 64 сарбаз ұйықтайтын бөлме. Күндіз бірде-бір сарбаздың жатын бөлмесіне келуіне қақысы жоқ. Таңғы 06.00-де тұрған жауынгердің жамбасы, тек, кешкі сағат 22.00-де төсекке тиеді.

САН ҚЫРЛЫ ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІ

Бөлімдегі шағын экскурсиядан кейін бізге құтқару қызметінің бағыттары туралы түсіндірді. Лейтенант Болат Мұхаммед химиялық у тараған орындарда жүргізілетін жұмыстардың реті туралы айтты. Ал, аға лейтенант Данияр Желдібаев құтқару құралдарын қолдану тәсілдерін көрсетті. Яғни, бұрғы, темір кескіш, көтергіш құрал сынды жабдықтарды пайдалану жайлы әңгіме өрбітті. Экскурсиядан кейін кезек саптық жаттығуларға келді. Лейтенант Жанат Мұқышевтің нұсқауымен журналистер сапта жүру, басқа да әдіс-тәсілдерге машығымызды байқаттық. Көптен бері сапта жүріп көрмеген кейбір әріптестеріміз үшін бұл жаттығулардың оңайға соқпағанын да мойындау керек. Осыдан-ақ, құтқарушының еңбегінің қиындығын бағамдай беріңіз. Құтқарушының кез келген мамандықтан хабары болуы тиіс. Темір кескішті де, бұрғыны да, араны да шебер пайдалана білуі тиіс. Сол сияқты алғашқы медициналық көмекті де көрсете білуі қажет. Майор Дулат Искаков апат кезінде жарақаттанғандарға алғашқы көмек көрсету жұмысы туралы баяндады. Жапа шеккендерді тасымалдау әдістеріне де тоқталды. Құтқару қызметімен танысуымыз бөлім маңындағы көлшікте жалғасты. Яғни, әскерилер суға батып бара жатқан адамды құтқару тәсілдері жайлы айтты. Және бұл іске өзіміздің де қатысып көруімізге мүмкіндік берді. Офицерлер мұздай суға түсіп, кісі құтқаруға ұсыныс жасағанда әріптестеріміздің тосылып қалғаны рас. Айтуға ғана оңай. Әйтпесе, күздің қара суығында суға түсуге екінің бірінің жүрегі дауаламайтыны белгілі. Тек, біздің газеттің тілшісі Жансая Амантай суырылып алға шықты. Әріптесіміз көлшік ортасына дейін барып, «батып бара жатқан» адамды алып шықты. Тағы бір ерекшелігі, бөлімде із кесуге үйретілген иттер бар. Бұл иттер – үйінді астында қалған, жоғалған адамдарды іздеуде таптырмас көмекші. Және, тек, қазақша «түсінеді». Орысша айтқан бұйрығыңды құлағына да ілмейді. Мәселен, «Диана» деген аты бар қаншық «Сидеть» дегеннің мағынасын білмейді. «Отыр» деуіңіз керек. Өзі бес жаста. Біз «Дианадан» тығылып көрдік. Бірақ, қолғабымызды иіскеп көрген ит дереу жасырынған жерімізге жетіп келді. Сержант Ерасыл Байтеміров жаттықтыратын иттің иісшілдігіне «бәрекелді» дестік. Журналистердің қызығушылығын тудырған тағы бір жарыс қорғаныш киімін кию сайысы болды. Қаз қатар тұра қалған тілшілер 6 минут ішінде бастан-аяқ түрлі химиялық улардан, індеттерден қорғайтын киімді киіп үлгеруі керек. Әупірімдеп жүріп бұл міндетті де еңсердік.

БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЛАРЫ

Құтқарушы рөліндегі бір күніміз салтанатты жиынмен тәмамдалды. Журналистерді қарсы алған бөлім командирі, полковник Бауыржан Біләлов ерекше өнерімен көзге түскен әріптестерімізге марапаттар тапсырды.

– Сіздер бүгін құтқару қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. Біз өз жұмысымыздың ұңғыл-шұңғылын барынша көрсете алдық деп ойлаймын. Біздің жігіттер де сіздер сияқты мылтықсыз майданның жауынгерлері. Күнделікті қызметіміз ел көзіне көріне бермейді. Бірақ, құтқару қызметі өз міндетін атқармаса, қайғылы оқиғалар орын алуы мүмкін, – деді полковник.

Иә, құтқару қызметі – ел қорғаны. Бейбіт күннің батырлары. Бұл жігіттердің арқасында ақ боран қыстан, алапат өрттен аман шыққан адамдар мыңдап саналады. Күн сайын, сәт сайын ерлік көрсетіп жүрген ерлер еңбегінің ауырлығын өзіміз де бір-ақ күннің ішінде айқын сезіндік…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттерді түсірген Жансерік КҮЗЕМБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button