Аруақ: АР мен РУХ
Жуырда зайыбым Дана енесі Айнаш бала-шағасымен бабалар басына барғысы келетінін жеткізген. Әкесін жеңгелері «Кесір қара» атаған, өзі туғантуысы мен ауылдасы арасында «Лаң қара» есімімен танылған адамнан жібі түзу жауап қайдан шықсын: «Келесі жылы да көктем туып, жаз шығар?!» деп, шекем шытынаған. «Сен олай деме, оған дейін кім бар, кім жоқ? Қайдан білесің, апамның аузына Алла салған шығар?!» деп, қатыны құрғыр да қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қалып танытқан… Содан шұғыл жиналып, бұдан үш жылдай бұрын бақилық болған Тілеубергеннің кіндігінен тараған 3 ұл, 8 қыз жасы сексеннің сеңгіріне шыққан кейуананы ортаға алып, жолға шықтық. Беталыс — «Дулығалы» мешіті.
ҚҰДАЙДЫҢ СҮЙГЕН ҚҰЛЫ – ҚҰЛМҰХАМБЕТ
Қысқа қайырмасам, қияндап кететін түрім бар. Сондықтан, «Қыпшақ Бердікейдің белбаласы Құлмұхамбет ишан кім?» деген сауалдың жауабымен шектелемін. Әрине, ол туралы тасқа басылып қалған құжат таппайсың. Бірақ, көпке тигізген шарапаты, өнегелі өмірі ел аузында аңыз болып сақталған. Алайда, «аңыз» деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені, ол 1841 жылы туғаны бесенеден белгілі.
Әуелде әкесі Арыстанбай ашқан діни сауатқа қанағаттанбаған қаршадай Құлмұхамбет жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, он бір жасында алыстағы Арабияға аттанады. Бұхара, Бағдат, Мысырда діни білімін ұштап, Қазанда дәріс береді. Содан араға он алты жыл салып, “Қари” және “Ишан” атанып, елге оралады. Сонымен бірге медицина, зергерлік, ұсталық, ағаш шебері, құрылыс саласын қоса меңгереді.
Аса діндар әрі өнерлі Құлмұхамбет өте дарынды тұлға болған. Басы артық дүние-мүлік жимаған, мал ұстамаған. Қолына түскен малды жәрмеңкеге шығарып, түскен қаражатқа кітап пен оқу құралын алдырған. Жат жерде жүргенде жиған-терген өнерін өзгеге үйретуге ұмтылған. Ғұмырын елдің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге арнаған. Имандылық үйі – мешіт пен білім бұлағы – медресе салдырған.
Алғашқы мешітті “Ақсудың” табанынан ойған шымнан ауылдың еңісіне тұрғызған. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай орнатқан. Әңгіме орайында айта кетейін, осы мешітте дала комиссары Әліби Жангелдин мен сардар Аманкелді Иманов дәріс алған. Еңістегі жатаған мешітті қыста қар басып, көп қиындық тудырғасын қырдың басына Бұқара үлгісімен 9 күмбезді еңселі мешіт салады. Оның жобасын Құлмұхамбет ишан өзі сызып, бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген кірпіш құйып, күйдіргенде басы-қасында болып, құрылысқа басшылық жасайды.
“Алдымен мешіт шикі шым кірпіштен көтеріліп, кейін сырты он түрлі оюлы қызыл қышпен өрілген. 30 мыңдай қыш күйдірілген. Оның сапасы сондай, күні кеше пештен шыққандай. Құлмұхамбет ишан мешіт салу кезінде құрылыс инженериясы саласында, сәулет өнерінде көптеген тәсіл мен түрді тұңғыш рет қолданып, ұтымды пайдаланған. Инженерлік тұрғыда дәл “Дулығалы” мешітіндей құрылысты осы күнге дейін ЖезқазғанҰлытау жағынан кездестірмедім. Бұл өңірде бұрын-соңды мұндай мешіт салынбаған” дейді, “Ұлытау-Ұлар” мамандандырылған жобалау-жаңғырту фирмасының басшысы Әнуар Төлебаев.
Бабамыз мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Орысша оқыту үшін Ғалиулла деген татарды арнайы алдыртады. Бұған көпшілік қарсы болғанда: “Жылда орыс-орманы көп Қостанай, Көкшетау, Ақмола жәрмеңкесіне барғанда, тілмаш жалдаймыз. Балалар орысша үйренсе, тілмашқа төлеген қаражат қалтаңда қалады” деп, орнықты ой тастаған көрінеді.
ТЫЛСЫМ ТАБИҒАТТЫҢ ТАМАША ТАРТУЫ
Атам Әбдіраш пен әжем Қаныгүл осы жерде бақилық байыз тапқан. Құлмұхамбет ишан кесенесінің алдындағы шым қоршаудың батыс босағасында – атам, осы қорымдағы абысын-ажынының арасында әжем жатыр. Мен мектепке баратын жылы көктемде атам «қылтамақтан» кетті. «Көмбейсіңдер!» деп қиғылық салғанымда, өзіміз «тәте» дейтін Қази ишан қапсыра құшақтап, оңаша алып кеткені есімде. Келесі күні сең жүрді. Атамның жетісіне қиырдағы Қарсақбайдан келген Мүсіл әкемнің тасып жатқан өзенді атпен малтып өткені де жадымда.
Ауылдың оңтүстігін орай арнасына бірнеше ауыл еркін қонатындай “Дулығалы” өзені өтеді. Сәуірде сол арнасынан асып, астан-кестен таситын асау өзен көпке дейін өткел бермейді. Жазға салым арасы үзіліп, қаз-қатар “қарасуға” айналады. Бір ғажабы, арнасы бір әлгі қаптаған “қарасаудың” жеке-жеке атауы бар, дәмі де әртүрлі. Іргедегі “қарасу” сондай кермек, сортаң басқан жағасы сағал-сағал болып жатады. Одан ілгерідегі суы сәл кермектеу “Ақшеңгел” мен “Қауынқарасудың” жағалауына қамыс пен құрақ қалың өсетін. Арасында біреуі “Ақсу” деп аталады. Сүт түстес, әрі тұщы оның суына жуылған шаш жылтылдап шыға келеді. Жас кезде осыған мән бермедік, ақыл тоқтатқанда сұрай қоятын қария таппай, бармақ тістедік. Әйтпесе, әлгі алуан атаудың астарында талай тарих жатқаны анық.
Иә, бұл жердің табиғаты таң қаларлық. Аламан бәйгеге ат қосқандай аумақты алып жатқан аймақтағы елді елең еткізер бірқатар ерекшелікті екшегім келіп отыр. Мешіт пен медресенің арасындағы майда қиыршық тасты алаңқайда, тақтайдай теп-тегіс айтақырда асық ойнаудан жалықпайтынбыз. Мешіттің солтүстігінен Құлмұхамбет ишан кесенесіне дейінгі борбас кеңістікте, жауын-шашынды күні бұзау немесе қозы-лақ іздеп шыққанда, тәпішкені талай тастап кеткен едік. Кесененің солтүстік-батысына қарай қызғылт топырақты қырат жатыр. Оны жергілікті жұрт “Қызыл саң” деп атайды…
Ғұмырымның тура тоғыздан бір бөлігі Табиғат-Ананың адам таң қаларлық талай тамашасы табылатын, Жаратқанның өзі жалқы жарата салған осы өңірде өтті. Одан кейін әкейдің қызмет бабына қарай көшіпқонып жүретін күйге көштік. Орта мектепті орталаған жылы жазда, «Ақтам» жайлауында отырғанда әжем де «қылтамақтан» қайтты. Мәйіттің астына төсейтін қамыс оруға келген жігіттердің арасындағы Шалабай ағам көл жағалап балық аулап жүрген менің кекілімнен сипап тұрып: «Ботам, әжеңнен айырылып қалдық!» дегенде, мен неге екенін қайдам, кемпіршалдың бауырында өскен өзімнен басқа үш қарындасымның кенжесі «Зәурештің күні не болар екен?» деп ойладым.
Уақыт – емші! Мен уайымдаған сол Зәуреш – бүгінде бірнеше немерені талбесікке бөлеген әзиз әже. Алла Тағала бергеніңнен айырма!
УАҚЫТЫН КҮТКЕН ӨРКЕНИЕТ ОШАҒЫ
Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл қышпен өрілген 24 бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – “Дулығалы” өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын байқатады. Кейде «басқа жер таппағандай, құбажонға салғаны несі?» деп, ойлайтын едім. Сөйтсем, кезінде жұма намазына қатысуға осы төңіректегілер тегіс жиналған көрінеді. Оны маған осы кешендегі тарихи нысандарды жаңғыртумен айналысып жүрген компанияның басшысы аға-дос Әнуар Төлебаев айтқанда, таң қалдым.
Бүгінде ол түгіл, Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Арқада Аманкелді бастаған сарбаздар серттескен жер осы “Дулығалы мешіті” екенін екінің бірі біле бермейді. Онда құрбандық шалынып, аймақтың аузы дуалы ақсақалдары сардар соңына ерген сарбаздарға бата берген. Бұл басқосуға сол төңіректегі барлық болыстың игі жақсы, сыйлы азаматы мен атқамінері жиналған. Құлмұхамбет ишан – Аманкелдінің түп нағашысы (анасы Қалампыр ишан тұқымынан – авт.). Ол қол бастап шығарда Қайдауыл мен бес болыс Қыпшаққа киелі мекен болған нағашы жұртынан бата тілеген.
Амал қанша, Жаратқан ием жалқы жарата салған, Табиғат-Ананың адам таң қаларлық талай тамашасы табылатын, оның үстіне тарихи маңызы бар осындай орын тағдыр тауқыметін тартып-ақ тұр: мешіттен мұнара мен қираған қабырға ғана қалған, медресе орнында үйінді жатыр, ишанның “Қызыл үйінің” қаңқасы қараяды. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында мемлекет қамқорлығына көшкен кешен 2011 жылы консервацияланды. Содан бері Құлмұхамбет ишанның кесенесі жаңғыртылды, тоғыз күмбезді мешіттің азан шақыратын мұнарасы қайта қалпына келтірілді.
Бірақ, бұл оңай шаруа емес екен. Оны құжаттандырудың өзіне қыруар қаражат пен шығармашылық күш-қуат кетті. Экономикалық дағдарыс етектен тартты. Дегенмен, қасиетті Ұлытау аймағында туристік маршрут ашылатын күн туып жатса, одан онша қашық емес “Дулығалы мешіті” сөзсіз бір бекетіне айналады деген үміт те жоқ емес. “Қойлыбай әулие кесенесі” екеуі “Қазақстанның қасиетті орындары” тізіміне енген. Облыс аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштің мемлекеттік тізімінде Аманкелді туып-өскен үй, “Дулығалы мешіті” мен “Дулығалы медресесі” бар.
Қысқасы, бір кездегі өркениет ошағы қазір өз уақытын күтуде.
P.S. Жауына «Аруақ!» деп атойлаған қазақ, діни наным бойынша, денеден бөлінген жан, яғни, қайтқан адамның аруағы тіршіліктегі адамды желеп-жебеп жүретініне сенген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөздің өзегінде осындай ұғым жатыр. Ары таза, рухы биік ата-баба аруағына сиынатынымыз, сондықтан. Өйткені, АР мен РУХ – ұлттың ұлы ұстыны. Көсегеміз көгерсін десек, осыны ұмытпайық.
Әлібек ӘБДІРАШ.