Зайырлылық – басты мақсат

Қазіргі күнде заманауи білім беру жүйесіндегі зайырлылықтың өзекті мәселе екендігіне ешкімнің таласы жоқ. «Зайырлылық» термині еліміздің Конституциясында айқындалған болса, білім беру жүйесі де осы сипатта екені еліміздің заңнамаларымен кепілдендірілген.

Десек те, «білім берудің зайырлылық сипаты» ұғымы аталған құжаттарда анық көрініс таппағандықтан, біздің қоғамда өскелең ұрпаққа дәстүрлі адамгершілік және рухани тәрбие беру желісінде осы мәселе жиі көтеріліп отыратынын мойындау керек.

Жалпы, зайырлылықтың мәнді ерекшеліктері мемлекеттің діни бірлестіктерден бөлінуін, мемлекеттің әлеуметтік және ресми легитимділігінің діни ұстанымдардан тәуелсіздігін, мемлекетте жалпыға міндетті діннің болмауын, мемлекеттің және мемлекеттік-құқықтық қатынастардың діннің нұсқауынан, талаптары мен қысымынан тәуелсіздігін және осы қатардағы басқа да айшықты сипаттардан көрініс табады.

Ең бастысы, мемлекет зайырлы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, қоғамда қызмет атқарып отырған барлық діндердің заң шеңберінде еркін қызмет атқаруларын және олардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді. Осы қатарда білім беру жүйесіндегі зайырлы ұстанымды қамтамасыз етудің маңызы ерекше.

Білім берудің зайырлылығы – ол білім беру жүйесінің діннің нұсқауы, талабы мен қысымынан тәуелсіз екенін және білім беру қызметінің діни бірлестіктерге бағынбайтынын білдіретін сипат.

Бұл — мемлекеттің білім беру бағдарламасында діни рәсімдерді жүргізуге және дінді насихаттау мен таңуға жол берілмейді деген сөз.

Осы орайда, жалпы білім беретін мектептерде дін туралы ақпарат беретін пәнді оқытуға мүмкіндік беретіндігін айта кету керек. Мұндай мүмкіндік, бір жағынан, мектеп оқушыларының діндер туралы ақпарат алуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, белгілі бір дінді немесе діндерді мектептің оқу бағдарламасына енгізгісі келетін талпыныстардың алдына тосқауыл болады.

Жалпы, орта білім беру жүйесіне сол қоғамдағы басымдыққа ие белгілі бір діннің негіздерін оқытуды енгізу түсінбестіктер мен жанжалдардың шығуына түрткі болатынын бірқатар елдердің тәжірибелері көрсетіп отыр. Сондай мысалдардың бірі ретінде Еуропалық адам құқы сотына өз балаларына дінді мәжбүрлеп оқытқаны үшін талап-арыз түсірген «Фольгере Норвегияға қарсы» деген атпен белгілі болған оқиғаны айта кетуге болады. Бұл оқиғаға бірқатар оқушылардың ата-аналарының мектептегі Христиан дінінің негіздеріне арналған пәннен бас тарта алмауы себеп болды.

Бұл елде 1997 жылға дейін ата-аналар өз балаларына мектептерде оқытылатын философия пәні мен христиан дінінің тарихы пәнінің бірін таңдай алатын. Еуропалық сот өз қарарында Норвегиялық евангелдік христиан шіркеуі мемлекеттік мәртебеге ие болғандықтан, шіркеу мен мемлекет арасы заңмен бөлінбеген елде мектептердің христиандық мақсатта жұмыс істейтінін және оқу бағдарламасында христиандықтың басымдық танытатынын көрсете отырып, бұл басқа діндер мен діни азшылықтар үшін қиындықтар туындататынын баса көрсетті.

2007 жылы 29 маусымда Еуропалық адам құқы соты Норвегия мектептерінде міндетті пән ретінде оқытылатын діни пәнге қарсы қарар қабылдап, осы елдің мектептерінде оқытылатын «Христиан діні, білімі және өмірі» деп аталатын пән Еуропаның адам құқығы конвенциясының 2-бабын бұзады деген ұйғарым шығарды. Соттың бұл шешімі мемлекеттің білім беру жүйесі дінді насихаттау ісінде мектептерді пайдалана алмауы керек деген көзқарасты қолдаған ел тұрғындарының басым бөлігі тарапынан қолдау тапты.

Осы орайда, жалпы білім беретін орта мектептердің оқу бағдарламасына арнайы діни пәнді енгізу керек деген пікірлер жекелеген діндар азаматтар тарапынан біздің қоғамымызда да анда-санда болса да бой көрсетіп қалатынын айта кету керек. Алайда, мұның балалардың білім алуында қаншалықты оңды орын алатыны күмәнді мәселе. Одан бөлек, бұл мәселеде біздің елімізде мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінгені және еліміздің білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие екенін ұмытпау қажет.

«Ақылды адам басқалардың қателігінен үйренеді» деген сөзді басшылыққа алар болсақ, біз ондай сабақты жоғарыда айтқан Норвегияның мысалынан бөлек, көрші Ресейдің жалпы білім беретін орта мектептерінде рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында енгізілген діни пән тәжірибесінен де ала аламыз.

Ресей мектептеріне діни пән енгізу 2000 жылдардан бастап, ұдайы көтеріліп, 2007 жылы бұл мәселе өзінің шыңына жеткен болатын. Осы кезде ондаған академик Ресей президентіне хат жолдап, мүдделі топтардың Конституцияны айналып өтіп, мектептерге дінді енгізуге талпыныс жасап отырғанын жеткізген болатын.

Алайда, осы мәселеге қатысты бір жақты қоғамдық пікірге сүйенген мемлекет 2012 жылы «Діни мәдениеттер мен зайырлы этика негіздері» пәнін мектептердің оқу бағдарламасына енгізді. Ол бойынша 4 сыныптың оқушыларының ата-аналары «Зайырлы этика негіздері», «Әлемдік діндердің негіздері», «Православтық мәдениет негіздері», «Иудаизм негіздері», «Ислам негіздері» және «Буддизм негіздері» деп аталатын алты модулдың ішінен біреуін таңдауы тиіс болатын. Ең қызығы – осы пән енгізілгеннен бастап елдегі орыс ұлты басым тұратын өңірлердегі ата-аналардың пікірін білу бойынша жүргізілген бірнеше жылдық анкеталық зерттеулер олардың 33-38% православтық мәдениет негіздерін, 40- 45% зайырлы этика негіздерін, 18-19% әлемдік діндерді таңдағанын көрсетті.

Бұл, бір жағынан, ұлты орыс ата-аналардың өз балаларының мектепте православие діні туралы пәнді оқуларына аса құлшыныс білдіре қоймағанын көрсеткен болса, екінші жағынан, ресейлік қоғамның дінді мемлекеттің білім беру жүйесіне араластырмауға басымдық беретіндігін көрсетті.

Жалпы, Норвегия мен Ресей тәжірибелері көрсетіп отырғандай, демократиялық даму жолындағы заманауи елдерде дінді жеке пән ретінде мектептерге енгізу ата-аналар тарапынан болсын, жалпы қоғам тарапынан болсын, аса кең қолдау таппай отырғанын көрсетеді. Бұл түсінікті де, өйткені діни сенімді ұстануға кең мүмкіндіктер берілетін демократиялық елдерде балаларын өздерінің діни сенімінде тәрбиелеймін деген азаматтар үшін дінді мектепке тықпалау проблеманың шешімі еместігі анық.

Сондықтан біздің елімізде жалпы орта мектептерде Ислам дінін жеке пән ретінде оқыту керек деген пікірлерді жылы жауып қойған жөн. Біздің еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 9 сынып оқушылары оқитын «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні жас жеткіншектердің діни ақпараттарға деген бастапқы сұранысын толық қанағаттандыра алады. Ал дінді тереңірек білгісі келген жастар үшін еліміздің мешіттерінде діни сауат ашу курстары жұмыс істейді.

Ал мектептің 9 сыныбын бітіріп, нақты бір діннің маманы болам деген жастарымыз арнаулы діни оқу орындарында білім ала алады.

Елімізде білім берудегі зайырлылық қағидатын ұстану мәселесінде жалпы орта мектептердегі міндетті киім үлгісін сақтаудың өзі біршама келеңсіздік туғызып отырғанын айта кету керек. Бұл хиджаб мәселесі.

Жекелеген діндар ата-аналардың мектепте оқитын бала-шағаларын діни талапқа сай киінуге итермелеп, сол арқылы өздерінің діни ұстанымдарын мемлекеттің зайырлы қағидатына қарсы қоюы еш қисынға сыймайды. Еліміздің «Білім туралы» Заңында білім берудің зайырлы, гуманистік және үдемелі сипаты мемлекеттің білім беру саласындағы саясатының негізгі қағидаты болып табылатыны, мектептерде діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салынғаны және оқушылардың білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті екені айтылған.

Діни сипаттағы белгілері жоқ бекітілген киім формасын сақтау туралы талаптар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысының зайырлы қағидатына және жалпы білім беретін мектептердің міндеттеріне толық сәйкес келеді. Сондықтан, діндар тұрғындар мемлекеттің заңнама нормалары барлық конфессия өкілдері үшін міндетті екенін, бұл талаптар оқушылардың дін ұстану құқығын шектемейтінін және олардың діни сезімдерін қорламайтынын түсінулері тиіс.

Мұндай мәселелердің қатарында орта мектептерде білім алып жүрген жекелеген оқушылардың діни себептерді алға тартып, сенбі күндері мектепке қатысудан бас тартуы тәрізді жайттарды да айта кетуге болады.

Жалпы, діндар тұрғындар біздің мемлекетімізде білім беру саласы діни нормалармен емес, зайырлы заңнамалармен реттелетіндігін айқын түсінулері тиіс, өйткені бұл талаптар еліміздегі жалпыға ортақ адам құқығын сақтау мен қамтамасыз етуді көздейді.

Діндар азаматтардың мемлекеттің жалпы білім беру жүйесіндегі киім кию және жекелеген пәндерге қатынастағы негізсіз талаптары ақыр соңында бұл жағдайдың мемлекетке де, діни салаға да, азаматтарға да жағымсыз бағытта өрбуіне алып баруы мүмкін екенін естен шығармағандары абзал. Бұл мәселедегі ең дұрысы — зайырлы мемлекеттің талабы мен діни ұстанымдардың арақатынасын сақтап, оларды бір-біріне қарсы қоюдан алыс болу.

Мейрам Иманбаев,

Дінтанушылар конгресінің сарапшысы.

kazislam.kz