17. Жезқазған–Сәтбаев–Ұлытау: сапардан кейінгі сөз
Биыл – қолыңыздағы газеттің жарық көре бастағанына 90 жыл толатынын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Тиісінше, «Saryarqa aqparat» ЖШС қолдауымен мерейтой шеңберінде жыл басынан бері шарапатты істердің басы қайырылып келеді. Аймақ журналистері арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылды, «90 жылдыққа – 90 түп ағаш» акциясы аясында Қарағандыда ағаш отырғызылды. Газетіміздің бұрынғы Бас редакторы, марқұм Мағауия СЕМБАЙ қырық жыл тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қоюдың да орайы келді. Шілденің ортасында газет ұжымы Қарқаралы өңіріне барып, қасиетті жерлерді аралап, облыстағы туристік әлеуетті танытуға үлес қосты. Енді, міне, сол сапар жалғасын тауып, «Азаттықтың алтын тұғыры» атанған экспедиция Жезқазған-Ұлытау аймағына арнайы барды. Яғни, жұма күні аттанған ұжым Жезқазған, Сәтбаев қалаларында, Ұлытау ауданында болып, киелі орындарға тәу етті…
Жүгі салмақты сапар
Бас редактор Ерсін Мұсабек сапарға шығар алдында экспе дицияның бағытбағдарын, сал мағын айқындап еді. «Мақсатымыз – ас ішіп, аяқ босату емес. Аймақ тағы аға басылым ретінде көмірлі өлкедегі туристік әлеуетті жалпақ жұртқа жақынырақ таныстыру – басты мүддеміз», – деді басшы.
Бұған дейін газет ұжымы бір үйдің баласындай, жұмылған жұ дырықтай қасиетті Қарқаралының киелі мекендеріне барғанын жоғарыда айттық. Шілденің ортасы – кезекті еңбек демалысымда жүріп – белгілі себептермен бұл экспедицияға қатыса алмағаным рас. Іштей өкінішпен, қызыға қарап едім сонда әріптестеріме. Өйткені, Тәттімбет, Мәди, Едірей сынды Қарқаралы ауданының ең шеткі ауылдары – шынымен сұлу да тарихы бай елді мекендер екенін ел ауызынан естіп келдік. Мәди әнге қосқан Үшқараның жөні бір бөлек. Дегенмен, осынау асыл топыраққа ымырабірлігі жарасқан ұжыммен бірге тәу ету бұйырмаса да, әріп тестерім үшін шын қуандым. Жол жазбаны оқып, және бір сүйсіндім. Ал, Жезқазған–Сәтбаев–Ұлытауға бағыт аламыз дегенде бар әріп тесіміз сияқты алғашқылардың бірі болып тізімге ендім…
Мақсат – айқын, жоспар – нық
Иә, кезекті жұмыс аптасы аяқ талып, туыстай болып кеткен әріптестермен Қарағанды–Жезқазған пойызын бетке алдық.
Мақсатымыз – айқын, жоспарымыз – нық. Мерейтой аясында күнде жолың түсе бермейтін кенді өңірдің киелі орындарын ара лап, ұлылардың аруағына құран бағыштау, топырағына аунап-қунап қайту. Карантинде кеңседен ұзап шығу да мұң ғой. Көп бағыттың жолы – жабық, қақпасы – құлыпта. Бұл жолы еркін тыныстап, көсіле қадам басуға мүмкіндік бар. Көз бен көргеніңді сөзбен жеткізуге міндеттісің.
Сонымен, қас қарая пойыз ку пелеріне жайғасып, қаймана қазақ баласының тағдыры қыл үстіне түскенде басы бірігіп, жауға қарсы шауып, ойсырата жеңген арда ұлдарымыз ақ киізге отырып, айбыны асқан, ұлт тарихындағы күрделі бетбұрыстардың, елеулі өзгерістердің куәсі болған қасиетті Ұлытауға – ұясына ұяла кіріп бара жатқан күнмен бірге аяңдап бара жаттық. Кешкі ауқаттан кейін бара жатқан киелі топыраққа қатысты түрлі дерекке толы әңгіменің де тиегін ағыттық.
Үлкендердің айтуынша, Жезқазған–Ұлытау өлкесінің әр тасында тарих тұнып жатыр. Атақты қолбасшы, аңызға айналған Ақсақ Темір де осы өлкенің тұсынан өтіп бара жатып, табиғатына тамсанып, жазба қалдырған деген де тәмсіл бар. Басқа да ұқсас түрлі әңгімелер бізді одан сайын ынтықтыра түсті…
Жезқазғанның құрметі
Біз мінген пойыз Жезқазғанға жеткенде таң да атып үлгерген еді. Алаштың аяулы перзенті, Білім меценаты, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбековтің көмекшісі Арай Амангелдіқызы қарындасымызбен газеттің осы өңірдегі меншікті тілшісі Әлібек Әбдіраш ағамыз құшақ жая қарсы алды. Бекзат Қомарұлы жұмыс сапарымен Алматыға сапарлап кетпегенде алдымыздан шығар еді. Белгілі заңгер Жұмағұл Шөженов те күтіп алушылар қатарынан табылды.
Қарсы алушылар аяғымызды жерге тигізбей, таңғы ас ішетін орынға да алып келді көзді ашып жұмғанша. Еркімізде – ұжым толық сиятын немістің жүйрік көлігі. Бір бүйірінде «Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл» деген жазу ба сылыпты. Бұл да болса бұл сапарымызға жергілікті атқамінерлердің маңыз бере қарағаны деп бағаладық.
Таңғы асқа жайғаса бергенімізде Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова келіп, қош келдің айтып, бір қуантты. Аймақтағы бас басылымның тарихынан бері қарай қайырып, қала әкімі Қайрат Абсаттаровтың Алғыс хатын, естелік сыйлық тапсырды.
– «Ortalyq Qazaqstan» – біздің сүйікті газетіміз. Әр жұмыс күні мізді осы газетті оқып, аймақ жаңалықтарын оқумен бастаймыз. Баяғы аға қаламгерлер салып берген сара жолды кейінгі жас буын абыроймен жалғап келеді. Қазір газеттің форматы мен мазмұны да жаңаша түрге енген. Сонысы мен де бізді тартып тұрады. Түрлі танымдық, сараптама мақалалар нөмір сайын шығып жатады. Оның үстіне тізгінін ұстап отырған білікті басшы – өз жерлесіміз, осы өңірде жастық дәуірін өткізіп, журналист ретінде қанаты қатайған Ерсін Мұсабек. 90 жыл деген аз уақыт емес. Осыншама уақыттан бері Арқаның шежіресіндей болған аға басылымның Жезқазған өңіріне ат басын тіреуі біз үшін үлкен мәртебе. Ұлы топыраққа қош келдіңіздер, – деп ағынан жарылды Зина Жұманазарқызы.
Аудандық «Ұлытау» газетінің Бас редакторы, Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Ахат Құрмансейіт те осы кең жайылған дас тарқан басынан табылды.
Кетбұқа – ұлт мақтанышы
Таңғы астан кейін алдағы бағыт-бағдарды тағы бір талқылап алып, Алла деп қайта атқа қондық. Өйткені, ұзақ отыруға уақыт тығыз. Карантин әбден уақытты үнемдеуді үйреткен. Тындыратын іс, баратын жер көп.
Ұлы сапардың бісмілләсі даңқты Шыңғыс ханның кеңесшісі болған, атақты күйші, батыр әрі қолбасшы, халқымыздың аяулы перзенті Кетбұқаның ескерткішіне тәу етуден басталды.
Қаланың қақ ортасында орналасқан ескерткіш кешені көздің жауын алады. «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен тұрғызылған. Жанжағына баһадүрдің өміріне қатысты тың деректер, аңыз-әфсаналар тасқа қашалған. Арғы-бергі тарихтан бейхабар жанның өзі осында келіп, ерінбей сол әдемі қашалған мағлұматты оқып шықса, біраз көзі ашылары анық. Қаланың ең көрікті жерінде, бұрқылдап аспанға атылған алып субұрқаққа қарсы орналасқан ескерткіштің қасынан кеткіміз келмесе де амалсыз көлікке міндік.
Tарих тұнған музей
Кешеннен шыққан соң Жезқазған қалалық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын бұрдық. Мұнда бізді жәдігерлермен мұражай қызметкерлері егжей-тегжейлі таныстырды. Әсіресе, біз бағыт алып бара жатқан Жошы хан мазары, Хан Ордасы сынды киелі орындардың ықшам макетін көргенде алдағы сапарға ынтамыз арта түсті. Бұл өлкенің тарихын, түрлі дерегін санамызға түйдік. Ежелден бері ата бабамызға құтты қоныс болған өңірдің қатпарлы тарихы мен құнды жәдігерлері тұнып тұр екен мұнда. Мұражай қызметкерлері Ұлытауды бетке алған әр жолаушы осында соғып, алдын ала деректерге қанық болса, адаспайтынын жеткізді.
Музей өкілі Рабиға Сембекқы зының айтуынша, мекеме 1978 жылы ашылған. Келушілер бірінші қабатында палеонтология, геология, этнография, археология бөлімдерімен таныса алса, екінші қабатындағы «Тарих – асыл қа зынамыз» аталған бөлімде қала тарихымен етене сырласа аласыз. Сондайақ, қаланың бүгіні де алдыңыздан шығады. Қазіргі таңда музейді кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары тәмамдалып, ашылу салтанатына әзірлік жүріп жатыр. Қор бөлімі іске қосылмақ. Арнайы температура сақталады аталған бөлімде.
Жарты әлемге әмір айтқан Жошы
Музейдегі мәнді әңгімеден соң қайта атқа қонып, қазақ хан дарының атасы, жарты әлемді ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстаған айбарлы хан Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы ханның дәргейіне қарай жол тарттық.
Жошы 1187–1223 жылдары ғұмыр кешті дейді тарих. Шыңғыс өзінің алып мемлекетін төрт ұлына бөліп береді. Үлкені Жошы Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысына билік жүргізді. Жаулау жорықтарының барлығының басында жүрген адам. Аса ірі әскери жетекші.
Сол Жошы ханның алып кесенесі қайта жөндеуден өтіпті. Жақында ашылуы тиіс. Еңселі кесене алыстан менмұндалағанда ханның құдіретін жан-жүйемізбен сезіне түстік.
Кешені заманға лайық түрде жабдықталған екен. Сыртқы көрінісі де кейінгі үлгімен әрленіп, аумағы көгалдандырылған. Жошы ханның зираты да сапалы қыш тастармен көмкеріліпті. Қасқайып тақта отырған ханның ескерткішін көріп көзің тояды. Құдды бір хандық дәуірге түсіп кеткендей сезінесің өзіңді.
Ал, алып та айбарлы ескерткіш тің дәл қасында алты қанат ақ үй тұр. Оның жөндеу жұмыстары әлі аяқталмапты. Десе де, есіктен қарағанда төрде тұрған хан тағын көзіміз шалды. Ханның екі жағы уәзірлер мен кеңесшілер алқа билердің отыруына ыңғайлы етіп жасақталып жатыр екен.
Ескерткіштің маңында алып, созылып жатқан ғимарат тұр. Ішіне кіріп көрмесек те, сыртқы көрінісі шығыс үлгісімен өрілген. Өзімізді ежелгі шығыс шаһарларында жүргендей сезіндік. Жалпы, айтқанда мұнда келген жанның көкірек көзі ашылып, жаны рахат табады. Кең байтақ дала төсіндегі келісті кешен тарих қойнауынан бірақ шығарады.
Ал, кешеннің алдында алтын арба жегілген қос асау тұлпарды көзіңіз шалады. Тарихи фильмдергі қан майданға арбалы қос ат пен кіріп келе жатқан қаһарлы батыр елестейді көз алдыңызға.
Қасында жабайы құланды түйремек болып ұмытылып жатқан Жошы сұлтанның бейнесі тұр. Мұның өзі үлкен тарих. Кеудеміздің төрінде Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйі күмбірлеп қоя берді. Абыз қол басшының ханзада қазасын Шыңғыс қағанға қалай естірткені тарихтан белгілі. Осы бір көрінісі біздің сапарымызды тұтастай бір көрініс етіп байланыстыра түскендей.
Демек, бұл өңірге келгісі ке летін әр адам осындай тарихи де ректерден ептеп хабары болуы керек деп түйдік.
Бір айта кетері, Жошы хан ке шеніне жеткенше өкпеміз аузымызға тығылды. Жүз шақырымдай жолды басып өтудің өзі бір қияметтің қайымы болды. Бұл – болашақта ескерілетін үлкен маңызы бар өзекті мәселе. Өйткені, бұл алтын аймақ туризмнің Отаны болуы тиіс. Бай тарихымызды әлемге паш етуіміз керек. Өзіміз барып көрген де жақсы. Бірақ, шет елдің туристерін осында тартып, әлемнің назарын аудару – одан да өзекті. Ал, ол үшін алдымен жолын жөндеу керек, әрине.
Тағы бір ескере кететін жайт бұл өлкеге ат басын бұратын бол саңыз, асықпай бір аптаға келген жөн. Өйткені, Жезқазған мен Сәтбаевтың өзінде қаншама көрікті жер бар. Одан Ұлытауға қарай жолға шықсаңыз, көптеген тарихи орынмен қауышасыз. Әулиетауға шығып, ол жайлы асықпай әңгімелесіп, қырсырына қану үшін бір күн уақыт қажет. Біз, өкінішке қарай, уақыт тапшы болғандықтан Әулиетауға шыға алмадық. Хан Ордасынан әріде біз соға алмай кеткен біршама киелі орын жатыр.
Сондықтан, осының бәрін ескеріп, бір апта уақытыңызды арнап келсеңіз, барлық қасиетті мекенге ат басын тіреп, толық мәліметті жинап қайта аласыз. Өйткені, бұл өлкенің жол бойындағы әрбір бұлағының өзі тұнып жатқан тарих. Мәселен, Қотырбұлақтың өзі қазір басқаша аталады. Оны бұрын Қотырбұлақ деуінің себебі – ерте дәуірде қотыр ауруымен ауырған жандар дертінен жазылған екен.
Кесененің ішіне кіре алмадық. Дегенмен, мұсылман қалыппен қол жайып, құран бағыштау міндетіміз екені анық. Кейін кешен ішіндегі алып ескерткіштің алдында естелік суретке түсу бақыты бұйырды.
Жерін қасық қаны қалғанша қорғаған батыр бабалардың халін түсінгендей боласың бұл жерде. Қазақ қашан да аруақты сыйлаған. Қандай қатер төнсе де баба зиратын таптатпауды ойлаған қазақ ай… Киелі топырақта басы бірігіп, қанқұйлы қалмақты да тарих бетінен сызып тастады емес пе?! Ұлы жорықта әскеріне рух берген Жошы сынды төрелердің қасында тұрып, азат күнге аман жеткен сол бабалардың ұрпағы ретінде айбыным асқақтап қалғанын неге жасырайын?! Жаңа түрге еніп жатқан тарихи орын болашақта әлем назарын өзіне бұрып, туризмнің алтын аймағына айналарына күмән жоқ.
Сәтбаевтың сыйы
Қиялға ерік беріп, көрікті мекенге көз тоймай жүргенде алтын күн де тас төбеге көтеріліп үлгерген-ді. Ал, біз жиналып, қазақтың маңдайына біткен ғұламаның есі мін алған Сәтбаев қаласына тартып отырдық.
Сәтбаев та қонақжайлығын танытты. Жаңаша үлгіде жасақталған Абай аллеясы алдында шаһар басшысы Асқар Ыдырысов күтіп тұр екен. Қасында есімдері елге бел гілі азаматтар Дархан Мұқан мен Аманкелді Құрақбай жүр.
Аллеяға көз тоймайды. Дәл ортасында күншығысқа көз тас тап, қалың ойға батып, қолында етжеңді кітабы бар хакімнің бюсті тұр. Бұл ескерткіш – біз көрген Абай ескерткіштерінен мүлдем бөлек, мінезді. Ал, аллеяның рәсімделуі таң қалдырды.
Созылып жатқан аллея бойына ойшылдың қанатты сөздері, өлең үзінділері қаз қатар ілінген. Ірі жазулармен оқылардай етіп. Түсі де қанық, көзге жағымды. Бұдан бөлек, әр жерге домбыра, қобыз, торсық сынды ұлттық бұйымдардың мүсіндері де тастан қашалып, орналастырылған. Бір сәт отырып, өзіміздің қазақы құн дылықтарымыздың қадірін түйсініп, хакім сөздерінен ғибрат алдық.
Сәтбаев қаласы ерекше түр ленген екен. Әкімі де жігерлі, білікті. Қалада атқарылып жатқан жұмысын көріп, құрметіміз арта түсті. Осы жерде Бабыр бидің ескерт кішіне барып, құран бағыштадық. Қызықтырғаны – атақты Төрт босаға атанған төрт бидің бірі Бабыр би ескерткішінің арқа тұсында жаңа кешен салынып жатыр екен.
– Бұл кешен біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз үшін тұрғы зылуда. Қазір қоршауын аяқтадық. Өйткені, қоршау балалар қауіп сіздігіне маңызды. Енді, іші абаттандырылуда. Жас ұрпақты тарихы мен мәдениетін терең білетін саналы азамат ретінде өсіру – ортақ парыз. Ұланбайтақ жерге ертең ие болып қалатын солар. Өңірдегі ки елі орындардың шағын макеттерін орналастырамыз. Қазір шеберлер дайындап жатыр. Экскурсияға, ашық сабаққа келген оқушылар сол нысандарға бармаса, үлгісін көріп, көруге құлшынысы оянары анық. Сондықтан, балалардың көзінің жауын алатындай, қызықтыратындай көрнекі бейнеде дайындап жатырмыз. Бұл – болашаққа салып жатқан инвестициямыз, – деді Асқар Абылайұлы.
Ұлытауға бардың ба, әкімдерін көрдің бе?
Сәтбаевтағы салиқалы сапардан кейін «Ұлы хандардың ордасы болған Ұлытау, қайдасың?» деп тартып отырдық.
Ұлытауға барар жол да жақын емес. Жолшыбай Ақтастыбұлақ, Қотырбұлақ сынды ғасырлар бойы ат үстіндегі қазақтың қажетін ашып келген сулардың бойына аялдадық. Бұл да киелі мекенге бара жатқан кез келген турист тоқтайтын жерлер екен. Көкбөрінің ескерткіші де сол маңызды орындардың санатында. Ескерткіштің түбінде де күміс бұлақ ағып жатыр.
Хан ордасына жеткенше тарих тың сан қатпарынан мәлімет жинап, қыруар білім алып барасың. Алапаң асып, мерейің тасып жетесің Ордаға…
Кеше жарты жаһанға әмір берген Ұлы Түрік қағанаты, Еуропаның зәреқұтын алған Алтын Орда империясы, Ұлы Дала төсінде салтанат құрған Қазақ хандығы һәм солардың заңды мұрагері, бүгінде күллі әлем мойындаған Тәуелсіз Қазақстан. Империяның ұйытқысы болған Ұлытау. «Ұлытау – ұлт ұясы» деген жазу да көрінді бір уақта… Дегенмен…
«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсіл бар ертеден. Жезқазған, Сәтбаевта жергілікті азаматтардың ыстық ықыласынан мейманамыз тасып шыққан біздің көңіліміз су сепкендей басылды. Бағзыдан бүкіл қазақ ұйысқан жерді бір көруге ынтығып келген қалыбымызды қайтейік?! Осы бөлімді «Ұлытауға бардың ба, әкімдерін көрдің бе?» деп атауға мәжбүр болдық.
Әрине, Ұлытау билігінің құрметіне мұқтаж емеспіз. Бірақ, алыстан ат арытып, түн қатқан аймақтағы бас басылым келгенде атқамінерлердің мезірет жасап, алтыннан қымбат уақыттарының бес минутын қимағаны қапа қылды. Бұл – бізге – бүгінгі ұжымға емес, Алаштың қарт басылымдарының бірі, Арқадағы қарашаңыраққа түкіргені деп білдік.
«Орталық» – қарашаңырақ емес пе? Бұл мәртебені бізге өзіміз емес, оқырман берген. Бас тауында Сәттар, Ғабиден сынды алыптар тұр. Ал, ес білетін кез-келген қазақ қашан қарашаңырақты айналып өткен? Ұлытау сынды бүкіл Алаш жұрты қарап отырған, ежелден ұлтты ұйыстырған киелі өлкенің бүгін басында отырған ше неуніктерінің қазақы дәстүрге теріс бұрылатынына күйіндік.
Хан Ордасы киелі мекен
Аудан орталығына кіреберістегі Ерден батырдың ескерткішіне қалай аялдамай өтесің?! Осы аймақтың киесіне айналған, жер тұтастығын сақтауда ұшантеңіз еңбек сіңірген сардар Сандыбайдың ұлы емес пе? «Батыр атқа қонып, қаһарына мінгенде анаумынау пасықтарың маңына ере алмай, ерінен аудары лып түсіп жатады екен» дейді.
Ал, Әулиетау етегінде аспанмен астасып, қарға тамырлы қазаққа Алла Тағаладан саулық сұрап тұрған Асан Қайғы бабамыздың еңселі ескерткішін көргенде аруақты ұл дардың болғанына Жаратқан Иемізге шүкір дестік…
Біздің ұшқыр қиялымызбен жарыса қас қарайып бара жатты…
Келген ұжым үш үйге жайғастық. Ақ дастархан – толы, ақпейіл құшақ кең. Үлкендерді күткен Қайрат ағамызға адам жетпейді. Біз түскен үйдің иесі Талғат ағамыз да сұңғыла азамат болып шықты. Жақын танысып, әдемі әңгіменің тиегін ағыттық.
Таңертеңгі бағыт – көптен күткен Хан Ордасы. Бұл жерде қазақтың бірнеше қорғаны ақ киізге отырып хан сайланған. Қоршаудың бұрынғы орны жатыр. Хан отырған орданы қоршап тұрған биік қабырға екен. Дәл ортада хан тағы тұр. Арғы жағында орда тігілген қасиетті орынға да тас жиналып, әдемі белгі қойылған. Жергілікті жігіттер «Бұл маңның топырағына аунасаң, шарапаты тиеді» деген соң, қазақы салтпен топырағына жата кеттік. Абылай ханның алтын тағында отырып, әмір беріп жатқаны, оны қоршап мұздай қаруланған қазақ әскерінің тұрғанын көз алдымызға елестеттік. Иә, тарих – сондай құнды қазына ғой. Ол болмаса, кешегімізді бағамдай алмай, болашаққа нық қадам баса алмай, басымыз қатар ма еді, кім білсін?! Соңыңа айбарлы тарих қалдырған баһадүр бабалар…
Қайтар жолда талай аңызға арқау болған Тасбұлаққа табан тірегенде түс ауып кеткен-ді. Әулиетау етегіндегі Биші қайың қорығы да Ұлытаудағы әсем жерлердің бірі. Бұл жерден Қыземшек тауы да анық көрінеді. Бір жағында – Асан Қайғының ескерткіші. Биші қайың маңында Асан баба құдығы да бар. Қорықты армансыз аралап, сұлулығына сүйсіндік.
Сапарластар қимайқимай қош тастық Ұлытаумен. Ұлы хандар тақ қа отырған мекендегі сапарға нүкте қойғымыз келмегені бізге аян… Дегенмен, екі күндік сапар екі жыл айтып жүрер әңгімеге өзек болары анық…
Жандүниеміз байыған саяхат болды бұл… Рухани ашықсаңыз, Ұлытауға тартыңыз…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.