Құрт ауруы құтырып тұр
Аймақта туберкулезбен ауырған балалар мен жасөспірімдер көбейіп келеді. Биылғы жарты жылда осы ауруға шалдыққан балалар қатары – 28,6%-ға, жасөспірімдер саны 37,5%-ға өскені байқалады. Дәрігерлер құрт ауруының таралуына ата-аналардың вакцинадан бас тартуы себеп деп отыр.
Мамандардың айтуынша, биыл 7 бала мен 8 жеткіншек ауырған. Бір қарағанда, көп емес сияқты. Алайда, дәрігер үшін бұл – алаңдауға негіз. Себебі, қазіргі заманда балалар туберкулезбен мүлде ауырмауы керек. Мұны мамандар БЦЖ екпесінен бас тартатын ата-аналардың әрекетімен байланыстырады.
Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық департаменті ұсынған дерек бойынша биылғы 5 айда дүниеге келген 7 624 сәбидің 6 968-і тиісті екпені алған. Бұл – 91,4%-дық көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған межеден де, республикалық көрсеткіштен де төмен. Әлемдік ұйым БЦЖ алған балалардың үлесі 95%-дан кем болмауын ескертсе, республикалық көрсеткіш – 93,2% тиіс. Алайда, нәрестелердің 656-сы аталған екпені алмаған болып отыр. Бұл 8,6% баланың алғашқы БЦЖ екпесін алмағандығын білдіреді. Жаңа туған сәбиінің денсаулығына жауапты ата-аналардың айтар себептері көп. Оның ішінде, уақытша медициналық шеттету себептері бойынша – 4,5% (346 жағдай), вакцинациялаудан бас тарту себебімен 302 жағдай тіркелген (4,0%), басқа себептермен 8 ата-ана екпеге қарсы болған.
– Қазір БЦЖ екпесінен бас тартатын аналар көп. Біз өз тарапымыздан туберкулез туралы, оның салдары жайлы айтамыз, үгіттейміз. Алайда, аналардың көбісі «бұл менің өз пікірім, өз құқығым» деп шығады. Тыңдағысы да келмейді. Бірақ, біз бас тартқан аналардың тізімі бойынша хабарласып, үнемі естеріне салып отырамыз, кейде сол үшін ата-аналардан сөз естиміз. Бірақ, ауырғандарды емдегеннен гөрі бізге аурудың алдын алған жақсы, – дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың үйлестірушісі Ажаргүл Уәлиева.
Балалар туберкулезі бойынша үйлестірушісінің айтуынша, БЦЖ екпесін бала туғаннан кейін мүмкіндігінше ертерек алуы тиіс.
– Туғанында алмаса да одан кейін кез келген уақытта алуына болады. 3 жаста да, 4-те де ала береді. Бірақ, ревакцинацияны 1-сыныпқа барғанда алмайды. Себебі, алғашқы мен ревакцинация арасында 5 жыл өтуі тиіс. Ревакцинация әдетте жасына қарамастан, 1-сыныпқа барған уақытында жасалады. Ол бала 6-да, 7-де, тіпті, 8 жаста болуы мүмкін. Бірінші жартыжылдық аяқталғанша бірінші сыныптар арасындағы манту сынамасын аяқтаймыз, – дейді Ажаргүл Шәріпқызы.
Орталық биылдан диаскинтест тәсілін қолдануды бастапты. Бұл әдіс мантудан гөрі тиімдірек. Мамандардың айтуынша, оның тиімділігі – 99%. Ол адам бойында инфекцияның бар-жоғын нақты айтады.
– Биыл осы сынамамен 4 мың жеткіншекті қарадық. Оның 90-ында екпе орны істі. Яғни, бұл балалар ем алуы тиіс. Оның ішінде 54-і дәрі қабылдап жатса, 23 жеткіншектің ата-анасы емнен бас тартқан. Ал, төртеуінде туберкулез анықталды, – деп түсіндірді А.Уәлиева.
Туберкулезден құлан таза айығып шығуға болады, бірақ, ол ауыр әрі ұзаққа созылуы мүмкін. Емдеу курсын тезірек бітіреміз десе, балаларға 2-3 түрлі дәрі беріледі. Ал, ұзақ уақыт емге келіссе, бір дәріні жарты жыл ішуі керек болады. Мамандар науқастардың дәрінің нақты ішкендігін де күнделікті телефондағы видеобайланыс арқылы тексеріп отырады екен.
Туберкулездің жұқпалы ауру екенін ескерсек, оның әрбір көрінісі алаңдаушылық туғызады. Балалар арасында бұл дерт тіптен қауіпті.
Жансая ОМАРБЕК.