Тарих

Қараағаш (Айғыржал) көтерілісі

1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасы II Николайдың бұратана халықтардан майдан тылындағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлығы жарық көрді.

Жарлық жарияланысымен, патша үкіметі арнайы парақшалар таратып, ел арасында үгіт-насихат жүргізе бастады. Ауыл ақсақалдарының арасынан ақ патшаға адалдығын білдіріп, жарлықты жан-тәнімен қолдайтындары жазылған жағымпаздық жалған хаттар жолданды. Болыстар мен ауыл старшындарына қара жұмысқа жарамды 19 бен 31 жас аралығындағылардың тізімін жасап, адам саны жетіспесе, жасы 31-ден асқандарды да жинау жұмысы міндеттелді. Ережеге сәйкес, елубасыларға ауыл съездерінің бекіткен нұсқауын алысымен, тізімдегі халықты жинап, оларды ауыл старшынына тапсыру міндеттелген-ді. Старшындар қара жұмысқа шақырылғандарды болыс орталығындағы жиын орнына жеткізіп, болыс басқарушысымен бірге әрі қарай, орталықтағы жинау орнына жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс болатын.

Қазақ жастарын майданға тыл жұмысына алу жөніндегі патша жарлығы халықтың шыдамын біржола тауысып, олардың отарлау езгісіне қарсы көтерілуіне себеп болды. Әбден ашынған далалықтар жаппай атқа қонып, Ресей империясының езгісіне қарсы күреске шықты. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатыгез байлардың иеліктеріне шабуыл жасау, жер жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын жойып жіберу секілді ашу-ыза әрекеттері орын алды. Ел адамдары сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылышпен қаруланып, орыс әскеріне ашық қарсы шықты.

1916 жылғы далалықтардың жаппай атқа қонуының себебі – І дүниежүзілік соғысқа қажетті қара жұмысшылар алуға қарсылық болғанымен, негізгі себеп – орыс өктемдігіне, қарапайым халықтың құқықсыздығына негізделген еді. Тағы бір ескеретін жағдай: Ресейдің мұсылман мемлекеті Түркиямен соғысуын халықтың діндар бөлімі құптамаған еді.

Бүкіл қазақ даласын шарпыған көтеріліс өрті тым ұлғайып бара жатқан соң орыс патшалығы тарапынан Омбыдан Ақмола, Атбасар, Қызылжар уездеріне әскерлер жіберілді. Ұлытауда 7 мыңдай көтерілісшілер топталғанын естісімен тағы 2 рота жаяу әскер, бір жүздік, 1 рота және запастағы 33- ші Сібір атқыштар полкі бөлінді. Әр отрядқа басқа қару-жарақтардың үстіне 2 пулеметтен берілді.

Бүкіл Қазақстандық сипатқа ие болған осындай көтеріліс, қанды шайқас, қайғылы оқиғалар, қыршыны қиылған тағдырлар, тоз-тозы шыққан тіршілік, босқын халық Жаңаарқа жерін, оның ішінде Қараағаш өңірін қамтыды. Көтеріліс басшысы болған, ел арасында «Бала Омар», «Әділ Омар», «Тақыр Омар» деген лақап аттарымен белгілі болған Ақмырзаның Омары 1868 жылы дүниеге келіп, 1920 жылы қайтыс болған. 1916 жылғы Қараағаш (Айғыржал) көтеріліс басшысы болған. Бейіті Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев селолық округінің орталығында.

Айтқожа елі ол кездерде жыл сайын Тәшкенге кіре тартып, малдың жүні мен терісін сатып, орнына күнделікті өмірге қажет кездеме, өрік-мейіз, ине-жіпке дейін алып қайтады екен. Кірешілердің тобына сайдың тасындай 20 шақты жігітті таңдайтын болған. Кіренің мал-мүлкінің есебін ескіше сауатты Омар қағазға түсіріп, сауда-саттықтың нәтижесінде тізімге ілінген заттардың бәрін түгендеп, ине-жібіне дейін қайтарып, елдің сауабын алып отырған. Осы азаматтығы үшін елі риза болып, батасын беріп, оны «Әділ Омар» деп атаған.

1905 жылы сайлауға түскен Омар 1906 жылы 14 мамырда Қараағаш болысының басқарушысы болып бекиді. Бірақ, 1908 жылдан бастап болыстықтың билігі қайтадан Шоңның балалары Ахметжан мен Мұхаметжанның қолына көшеді.

1911 жылы орыс патшалығының реформаларына сәйкес Ақмола уезіндегі болыстықтар бөлшектенгеннен кейін Қараағаш болыстығынан 4 ауыл бөлініп шығып, Көнек болыстығы құрылады. Жаңа болыстықтың билеушілігіне Ақмырзаның Омары, орынбасарлығына Мәлтіктің Есжаны сайланады.

Көтеріліс жөнінде Сәкен Сейфуллин былай деп жазды: «…Патша әскері Тақыр Омар деген кісіні іздеп таба алмай жүрді. Бұл кісі Көнек Тоқасы деген бір елдің басшысы еді. Бұл ел топтанып іргесін аулақ салып, жастарды бермей жатты. Қаладан неше рет әтірет шығып, мұны ұстай алмай қайтып жүрді. Ауылына алған барған әтірет сегіз солдат, бір әпесерді Тақыр Омар түгел өлтіріп құдыққа тастап, елді көшіріп әкетті. Тақыр Омардың інісін солдаттар шауып өлтіріпті. Соғыста Тақыр Омардың үлкен баласы Ақмағанбет оқтан жығылыпты.

Сөйтіп, патша орнынан түскенше Ақмолаға қараған 48 болыс қазақтың қаладан қашық отырғандары жастарын әскер қызметіне бермей жатты».

Әдебиетші, кезінде облыстық газет редакторының орынбасары қызметін атқарған нұралық Әкімжан Сәлімбайұлы 1926 жылы «Бостандық туы» газетінің 9 маусымдағы санында «Сарыарқа болысындағы көтеріліс» атты мақала жариялап, оқиғаны былай суреттеді:

«Ауылнай, болыстарды шақырып алып, қамшымен бұйрықты қатар жұмсап, елдің барлық жылқысын жиғызып, аршынға жараған байдың балпаңын, жарлының жалғызын ала бастады…

Ізін суытпай, қазақтан қара жұмысқа кісі берсін деген бұйрық жетіп келді. Ат алғанға қозғалған елдің жүрегі енді аузынан шықты, солдат сұраған екен деп шошыды. Болыстар ұлықтығын істей бастады. Оған ел, көпшілік көнбеді. Жанжал болды, болыс, тілмәш, ауылнайлардың қағазын тартып алды. Өздерін атқа сүйреп, сабап, ақыры тұтқын қылды. Кісі, тізім бермейтіндікке бекінді. «қарсы тұрамыз, қасық қанымыз қалғанша патшаның, төрелердің әлсіздігіне көнбейміз» деген бірлікті күшейтті. Қысқасы, соғысуға бет түзеді. Өзара бастық сайлап, ретпен соған бағынды. Осы күнгі Сарыарқа болысы (ескіше Көнек, Қараағаш) деген елден екі мыңдай кісі әскерлік сабына тізілді. Басқа жақтан өзі тіленіп келгені бар. Бәрі үш мыңнан артық кісі болды. Қыркүйек айының іші. Аймысық деген таудың бауырында көп қосын шеру тартып жатты. Қолдарындағы қаруы: машина, сабанның темірінен ұсталарға соқтырған айбалта, найза, кейбіреулерінде бытыралы мылтық, қынапсыз ескі қылыш. Бұл уақытта осы күнгі Қорғалжын болысы (Тінәлі деген ел) бір приставты Рақымжан деген азаматтың басшылығымен өлтірген. Соған 800 солдат шықты деген хабар келген.

Оның артынан бірталай қазақтардан ұстаған тұтқындары бар 200 солдаттың келіп қалғанын білді. Алдынан қазақ әскері қарсы шығып, енді соғыс басталды… Мылтықтың оғы бұршақтай түсіп, түтіні тұмандай болды. Әлі қазақ қайтқан жоқ. Алдымен Әбілдабек-ұлы деген бір азамат жетіп барып, найзаны сала бергенде, өкпеден тиген көп оқтың күшімен қалпақтай түсіп, онымен қоса, опыр-топыр қазақтар құлап қалды. Қазақтар кейін серпілді. Санап келгенде, өлген аттан есеп жоқ, жиырмаға жуық кісі өліпті.

Орыс та сасайын деді. Қысқасы, осымен шөлге екі күн қамады. 3-күні артындағы 500 солдат ел шетіне келіп қалды деген хабар келді. Енді әлінің келмейтінін білді ел, әскер тарап, елді көшіріп, Шуға қарай қашуға бет түзеді. Бір күн, бір түн тоқтамай көшіп, «Ескене» деген жерге барғанда, алдыңғы 500-дің алды қуып жетті. Соғысарлық шама жоқ, әскер тараған, ел қашып құтыла алмады. Орыс түгел жетіп, қалған елді түгел тұтқынға алды.

Алғашқы соғыстан бері қарай, таудың, саланың бәрі орыс, кез келген қазақ баласының қоянша секіріп өліп жатқанының саны жоқ. Ел малдан, жаннан безді. Әке баладан айырылды. Қашаған-ақ болды. Қашпағаны мылтық пен қылыштың жүзінде қор болды… Хан болдың деп, елдің бас көтеретін, (Әлсен, Оспан тағы бірнешелерін) тұтқын қылып, Ақмоланың қаласына алып кетті…

Ел адамы «Әлсен» деген кісі ұрумен абақтыда өлді. Басқалары да елге келген соң адам қатарына қосылмады…

16-шы жыл елдің есінен әлі қалмайды. Есіне түссе бір жылатады».

А.Жұмаділдин Нұрмағанбетұлы Қасымбектен жазып алған әңгімесінен:

«1916 жылы патша үкіметінен 700 ақтың солдаты шықты деп естідік. Қараағашқа беттепті.

Біз оны естіп, қылыш, айбалта, мылтық алып, бәлен мың кісі алдынан шықтық. Омар деген кісіні командир қылдық. Бір топ солдаттың жолмен келе жатқан қарасы көрінді. Бір кезде Омар деген командир халыққа команда берді. Содан кейін қоршаңдар деді. Оларды қоршап алып, жұрт лап қойды.

Халық лап қойған кезде олар атын түйіп тастап оқ атты. Сол лап қойған жерде үш кісі оққа ұшты. Олар Тарақты Бектің Әбілдәсі, інісімен. Сол жерде тағы да Омардың баласы Ақмағанбет дегеннің санына оқ өтіп кетті. Одан кейін бірнеше аттар оққа ұшты.

Содан жиылып жатқан қосындағы Омекеңе шапқын келді. Ақберген, Аяпберген ауылына үй тіккізіп, 7 орыс ақтың солдаты түскен. Содан елде қалған ақсақал Ақберген мен Нұрмағанбет олар елде қалған жігіттерді жинап, жігіттерге бас салыңдар деген. Содан бастығы Ноғайбайұлы Қатпа болып, жеті-сегіз жігіт орысты бас салған. Бас салғанда аяқтың біреуі мылтықпен бір атқан, ол оғы ешкімге дарымаған. Қылышпен отырған ақсақалды желкеден бір шапқан. Ол кісі жарадар болған. Одан кейін Нұрмағанбетті де бір шапқан. Содан сол жерде 7 солдаттың бесеуін өлтірген».

Авар халқының ақыны Расул Ғамзатовтың бір сөзі бар: «Егер сен өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атар» деген. Өкініштісі, осы оқиғалар ресми түрде мойындалып, қазақ тарихы оқулықтарына енбеген. Еліміздің өткен өмірінің ақтаңдақ беттерінің бірі – Қараағаш көтерілісіне тарих төрінен лайықты орын беру және оның басшылары мен қаза тапқан азаматтарын құрметтеп, қастерлеу – бүгінгі ұрпақтың борышы. Сондықтан, 1916 жылғы Айғыржал (Қараағаш) ұлт-азаттық көтерілісі туралы тарихтағы бұрмалаушылық «Қарашақ» атауы жойылса, оның орнына Қараағаш атауы енгізілсе, құба-құп. Тақыр Омар жайлы қысқаша мәліметтер Қазақстан тарихының төрінен орын алса. Сондай-ақ, Қараағаш өңіріне Тақыр Омардың құрметіне бір белгі орнатылса немесе саябақ, көше атауы берілсе де артық емес.

Асылбек САЙЛАУҰЛЫ,

Ақмаржан ҚАМИЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button