Дін мен дәстүр – құстың қос қанаты

Халқымыздың тарихында көнеден бастау алып, бүгінге дейін жеткен тілі, тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі және діні қалыптасқан. Сол құндылықтарды бүгінде кейбір азаматтар шатастырып жатады. Кейде әдет пен ғұрыпты дәстүрге немесе кейбір дәстүрді әдет-ғұрыпқа жатқызып жүр. Ал дін менен дәстүрді бір-біріне қарсы қойып жүрген жат ағым өкілдері де бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімі «ғұрып» сөзі арабтың «әл-ъурф» сөзінен шыққандығын, араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді дейді.

Ал «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» өзінен шыққанын, мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулерінде «әдәт» сөзіне басымдық берілген.

«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады дейді.

Иә, қазақ даласында ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Жалпы дін мен дәстүрдің ұштастығы, бір-бірімен сабақтастығы құстың екі қанаты іспетті. Олар бір-бірінен ажырап қалуы мүмкін емес. Дін мен дәстүр бір-біріне тәуелді, себебі, олар бірін-бірі толықтырып тұрады. Тіпті, Ислам дінінде пәтуа беру үшін жергілікті дәстүрді басшылыққа алады және санасады.

Осы орайда белгілі исламтанушы ғалым Алау Әділбаев:

«Кез келген халықтың өмір-салты мен дүниетаным негізінде ғасырлар бойы жинақтала келе қалыптасатын құндылықтар жиынтығынан тұратын әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығында маңызды рөл ойнаған. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі. Осы ерекшелігіне баланысты Ислам дінін өзге ұлт өкілдері жатсынбай қабылдап, өзіндік ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалған» дейді.

Кез келген халықтың құндылығы бар. Ол мәңгі өзімен бірге жасап келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз. Себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Халқымыздың ұлттық және діни дәстүрлері тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан.

Тәрбие ана құрсағынан басталып кетеді дейді ғалымдар. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген.

Мәселен, аруақты сыйлау туралы бір ғана сөзбен тоқталсақ, бұл жерде мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап мал союда емес, мәселе – ағайын-туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда. Өлімнің артын күтудің өзі – Қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Ендеше арыдан ойлар болсақ, осылардан айырылсақ біртұтас халқымыздың елі мен жерінің тұтастығына сызат түспей ме?!

Ұлыстың Ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да, тәбәрік тарату секілді ғұрыптар әрине, мұсылман дінінде нақтылап айтсақ араб халқында жоқ. Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе? Әлде, жеті атадан бері қыз алысып-беріспейтін дәстүрімізді тәрк етуіміз керек пе? Ендеше біздің дәстүр-салтымыздың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын байқаймыз.

Ислам дінінде бөліну жоқ, бірін-бірі сынға алып, айтысып-тартысу да жоқ. Онда бағыт бар, басты ұстаным бар, ғұлама-ғалымдардың салып кеткен сара жолы бар.

Біз дінсіз ел емеспіз. Әкесі мен ұлы, енесі мен келіні стақан соғыстырып, баласы кәмелетке толған соң ата-анасынан безетін, көршісінің баласы жүгіріп шуласа, полицияға шағымданатын, келген қонағына қиналатын халық емеспіз. Біз әке тұрып ұл сөйлегеннен безетін, ата-ененің қалауын қабағынан сезетін, ата-анасы жынды болса, байлап бағатын, қолдағыны бөліп беріп, көрші мен қонақтың көңілін табатын, қызына қырық үйден тыйым салатын, тағы да басқа көптеген мүміннің сипаты, мұсылманның мұраты саналатын асыл қасиеттерді отбасы ошақ қасында бойға сіңіретін салт-дәстүрі бар халықпыз. Бұлар адасушылық болса, тура жол қайсы?!

Бүгінгідей ақпарат айдынында түрлі идеологияның келуі халықты ұстанған салт-дәстүр, санасынан айыруды көздеп отыр. Әрбір ұлт, этнос өзінің құндылықтарымен рухтанғанда ғана сырттан келген өзге жат идеологияны қабылдамайды. Бұл біздің салтымызға, дәстүрімізге, санамызға жат дейді. Ал өзінің салтынан, дәстүрінен, санасынан айырылған этнос сырттан келген біреудің қаңсығын таңсық деп қабылдайды. Бұл мемлекеттің тұрақтылығына, тәуелсіздігіне үлкен нұқсан келтіреді.

Өзінің салт-дәстүрімен рухтанбаған кейбір азаматтар сырттан келген әртүрлі ағымдардың жетегінде адасып жүр. Жастарды қайта бейімдеуде қиындық туып жатыр. Олардың қоғамға қайта бейімделуі, оралуы, ұлттық рухпен сусындауы қиынның қиыны. Мұндай жұмыспен тек дінтанушылар немесе имамдар ғана емес, психологтар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, бір сөзбен айтқанда барлығымыз да жұмыс жасауымыз керек.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінен бұрынғы пайғамбарлар мен өзінің арасындағы байланысты былай деп баяндайды. «Менімен менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы – үй тұрғызған бір кісі сияқты. Әдемі көркем етіп салады, тек бір бұрышында бір кірпіштің орны бос қалады. Халық ол үйді айналып көріп ұнатып: «Әттең мына бір кірпіші қойылса ғой» дейді. Сол кірпіш Мен боламын», -деген екен. Көріп отырғанымыздай пайғамбарымыз «Үйді бұзып қайта тұрғызушымын деген жоқ, толықтырушымын, аяқтаушымын» – деген. Демек, дініміз жақсылық жолды қиратушы емес, керісінше толықтырушы екендігін көрсетеді.

Біздің бұдан алар үлгіміз Құран мен сүннет арқылы өмірін өрнектеген дана халықтың ұрпағы ретінде солардан қалған сара жол, даңғыл дәстүрді жаңғырта отырып кемелдендіруіміз керек. Әйтпесе, дәстүрді мансұқтау деген дайын үйді бұзып, далада қалумен тең.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ.

kazislam.kz