Фрат һәм Джала (Ефрат пен Тигр) өзенінің өлкесі Месопотамияда, Ғайса пайғамбар тумастан 4 мың жыл бұрын Вавилония һәм Асирия атты екі мемлекет болған еді. Осы екі халық осы күнгі қытай һәм фин халқымен қандас моңғол еді. Вавилония халқын тарих халдей деп те кеткен. Осы халдей жылы аймен есепке алынушы еді: бір жыл – он екі ай, бір ай 28, 29 һәм 30 күн деп. Бір жылдың қалған күнін он үшінші ай қылып қосушы еді.
Халдей жерін парсы алған соң парсы календары (Рим-латын тілінде айдың алдыңғы күні «календа» — осыдан уақыт есебі, еуропаша календарь) халдей ауысқан. Парсы жұрты мұсылман болған соң мұсылман календарына құл болды.
Халдей жаңа жылы жазғытұрғы күн мен түн теңелетіннен басталушы еді. Бұл күнде парсы тілінде «наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді, жаңа жылда халық қуанып, бір-біріне гүл, жұмыртқа сыйлаушы еді. Парсы ақыны Хафиз жаңа жыл мейрамын неше буын қылып мақтайды.
Біздің түрік жұрты сол Халдей заманынан бері моңғолмен бірге жасап, аралас тіршілік етіп келеді. Біздің жаңа жылдың да шыққан жері осы айтылған екі өзен өлкесіне барады-ау деймін.
Бір жылда жер күннен бір айналып, баяғы орнына келеді. Бір күнде жер өзінен-өзі арбаның дөңгелегінше айналып орнына келеді. Бір жылға түгел күн келмейді.
Біздің орыс патшалығы ұстап отырған календарды – Рим патшасы Юлий осы уақыт есебіне халқын аударған үшін «Юлиан календары» дейді. Бұл календарда януар – 31, февраль – 28, март – 31, апрель – 30, май – 31, июнь – 30, июль – 31, август – 31, сентябрь – 30, октябрь – 31, ноябрь – 30, декабрь – 31 күн болады. Бұлай болған соң, жыл 365 күн болып шығады. 365 күнде жер күннен айналып бола алмайды.
Жер күннен айналып болуына 365 толық тәулік, тағы бір ширек тәуліктен азырақ уақыт керек. Юлиан календары өзге сөзбен ескі стиль, бір жылды 365 бүтін тәулік һәм бір ширек тәулік қылып есептейді. Бұл ескі жылдың арасы мынау: 128 жылда календарь жылы күн жылына бір тәулік кейін қалады.
Ескі стиль жылы 365 тәулік бір ширек дедік. Үш жыл өткізіп төртінші жылы февраль айын 29 қылып санайтыны – осы төрт ширекті қосып алғаны. Февраль айы 29 күн болатын жылды орысша «високосный» дейді. Жыл цифрының кейінгі цифры төртке дәл бөлінсе, жыл високосный болады. Мысалы, 1912, 1916, 1920, 1924…, 12, 16, 20, 24 төртке дәл бөлінеді.
Еуропада «Григорянский» календары өзге сөзбен жаңа стиль. Жаңа стиль жолын жасатқан Григорий деген Рим патшасының атынан шыққан. Бұл жаңа стиль жылы да күн жылынан шабан. Бірақ, бұл шабандық тым аз: 4241 жылда есеп жылы күн жылынан бір тәулік кейін қалады. Күн жылынан қалмаймын десе, ескі стильден алып отырған халық 128 жылда, жаңа стильді алып отырған халық 4241 жылда бір тәулік қосып алады.
XIX ғасырда осы екі стиль арасы 12 тәулік еді. Бізде 7-ші март болса, жаңа стиль Еуропада 19-шы март еді. ХХ ғасырда жаңа стиль кемде-кем жатқан бір тәулігін қосып алды. Енді ескі стиль арасы 13 күн болады.
Мұсылман болмас бұрын ғұрып жылы – 12 ай, бір ай – 29-30 тәулік еді. Күн жылына жанасамын деп әрбір үш жылда бір ай қосып алатын болды. Халифа Рашидин заманында мұсылмандар бұл есепті өшіріп, хижраттың басталуынан есеп қылуды ұнатты. Бір ай жылы күн жылына жанаспайды.
Жапония 1872 жылдан, Корея 1892 жылдан бері жаңа стильге кірді. Түбінде осы ескі һәм жаңа стиль барша мәдени халық кіретін жол болар.
Енді бір-екі ауыз сөз жаңа жыл туралы: Мұсадан бері еврей жаңа жылы марттан басталады, Римде жаңа жыл март еді.
Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны – адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-шы март болады.

Әлихан БӨКЕЙХАНОВ.

Қыр баласы.

“Қазақ” газеті,
№53, 1914 жыл, 9 март.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.