Руханият

«Талантты болған қауіпті, талантсыздардың ішінде…»

Театрда жарқырап рөл ойнайтын сұлу да сымбатты актрисаға әр адам таңдана қарайды. Ал, оның да шынайы өмірде ел қатарлы қуанып, қайғырып, түрлі қиындықпен бетпе-бет келетінін ойламайды. Ойласа да сахна көркіне айналған жанды күнделікті күйбеңге қимайды. С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры көрерменге ұсынған Дулат ИСАБЕКОВТІҢ «Актриса» премьерасы осы жайтты қозғады. Талантты режиссер Бекмұхамед КИЕКБАЕВ инсценировкасын қайта жасап, туындыны басқа қырынан ұсынды.

Бас рөлде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас актриса – Айгерім Қалдыбекова. Қойылымнан классикалық пьеса мәтінінің 25%-ын ғана көре аласыз. Оның өзі бас кейіпкердің жеке басына қатысты тұстары ғана. Түпнұсқадағы халық әртісі Айгүл Асанованы мұнда тек «халық әртісі» деп қана алған. Түпнұсқа көп өзгеріске түскен.

Қойылымда тағы 4 образ бар. Олар Актрисаның жүрегінен орын алып, кейін жара салған 4 жігіт. Төртеуі де оған өлердей ғашық. Ауылдағы бала махаббаты Ерлен 1 рөлінде – Бауыржан Амандықов. Ұшқыш ғашығы Ерлен 2 рөлін – Наурызбай Есейұлы сомдаған. Ал, кезінде өле ғашық болып, қайта табысқан серісі, режиссерлыққа жеткен Ерлен 3 – Ахай Жұмамұратов. Екінші күйеуі Ерлен 4 – Заңғар Ақаев.

Төртеуі актрисаға қанша ғашық болса, соншалықты дәрежеде оны қинағысы келеді. Аяғынан шалып, жанын азаптауға құмар. Қолдарындағы ақ таяқшаларымен оның жанына өшпестей жара салады. Мұндайлар өмірде де бар, ғашық болады, бірақ, махаббатқа адал емес, екіжүзді. Адамның жанының ауырғанын көре тұра, мыңқ етпейтін қатыгездік. Әлсіз, қорғансыз актрисаның шынайы өмірдегі бастан кешкен қиындықтары осылай көрермен жүрегін жаулайды.

Қойылымның әр сәтінде әр кейіпкермен өткізген сәттері мен душар болған азапты күндерін түрлі классикалық қойылымдардан үзінді көрсету арқылы жүрегімізге құйып берді.

Мәселен, Гогольдің «Үйлену», Шекспирдің «Отелло», Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» және «Кермек», «Клеопатра» сынды әлемдік деңгейдегі шығармалардың үзінділері арқылы актриса өмірінің әр кезеңдерін байқайсыз, толғанасыз, бірге қуанып, бірге күрсінесіз.

Бас кейіпкердің сахналық костюмдерінің ашық түстермен көмкерілуі оның өте талантты әрі адал екенін аңғартса, қалған төртеуінің қап-қара түсті киімі қулық-сұмдығынан хабар береді.

Актриса қойылымның басынан аяғына дейін бірнеше рет өлім аузынан қалады, депрессияға түседі, қуанады әрі шаттанады. Сахна сыртындағы әрі дайындық кезіндегі әріптестерінің озбырлықтары ашық көрінеді. Күнделікті өмірдегі талантты әрі адал жандардың көп теперіш көретінін жаныңызбен сезінесіз. Түрлі аяқтан шалулар мен өсек-аяң және тағы басқа…

– Мұнда Актрисаның бірнеше күрделі жан ауыртар қиындығын көрсетуге атсалыстық. Оны бір Ерлен суға тұншықтырып қинаса, енді бірі кескілеп азаптап, екі баласымен тастап кетеді. Келесісі «Италияға апарам, алтын алқа сыйлаймын» деп алдап, тастап кетсе, енді бірінің шапалақпен аямай ұрып, кек алуы қорғансыз әртістің жан жарасын аша түседі. Осының арасындағы ең адалы оны оттан қорғап қалған бала махаббаты Ерлен 1 екенін актриса кеш түсінеді. «Мен туған елімнің сахнасында өлемін» деуі де содан. Осы қойылым арқылы актрисаның қадірін арттырып, көрерменге ол туралы оң көзқарас қалыптастыра алсақ, бақыттымыз, – дейді Ахай Жұмамұратов.

Бірнеше рет ажал аузынан аман қалған Актрисаның шынайы бағасы соңында беріледі. Бұл көрініс Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» туындысының үзіндісі арқылы тамаша жеткізілді. Балаларын іздеп келген қарт ананы мәңгүрт ұлдары шаншып өлтіріп, төбесіне көтеріп алып кетті. Осылайша елдің өсек-аяңы мен түрлі сынаққа тап болған тағдырлы талант иесін тағдыры қанша кері тепсе де, өз биігінде қалды. Талант иелерінің кейде тірісінде бағаланбай, өлген соң еленіп-ескерілетінін тағы бір еске салды.

Өмірдегі бақталастық пен қызғаныштың кез келген салада болатыны анық. Тасы өрге домалаған адамның дұшпаны көбейе түседі, түрлі кедергіге тап болады. Осы шешімді режиссер әртістердің бойына шебер шақтап берген.

Тағы бір ескеретін дүние, еркектердің ұсақталып бара жатқандығы. Былай қарасаң төртеуі де батыр, ал шынайы бет бейнесі Актрисаның жанын жаралау үстінде ашыла түседі. Өмірде осындай адамдардың бар екенін сезесіз, оларға қарсы жек көру сезіміңіз оянады.

Сахна жарығы мен әртістердің киім киісі, жүріс-тұрысы арқылы автор мен режиссердің айтқысы келгенін ұққандай болдық. Олай дейтініміз, туынды миды салмақ салып, түрлі болжамға жетеледі. Режиссер осындай таңсық тәсілді пайдаланған және сәтті шықты. Қызыға барып, батпан ой арқалап қайттық. Актрисаға біз де ғашық болдық. Бірақ, оның қуанып, сыңғырлаған күлкісін есіткіміз келді. Ол да адам ғой.

Сөзімізді қойылымдағы әртістердің мына сөздерімен аяқтап, қалғанын оқырман еншісіне қалдырғанды жөн көрдік.

«Өмірдің өзі спектакль. Ал, біз оның актерларымыз. Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде… (Ф.Оңғарсынова)» 

Жәлел ШАЛҚАР.

Суретті түсірген Е.ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button