Өмір жолы – өнегеге толы

«Тарихты тұлғалар жасайды» демекші, орталық Қазақстанның алғашқы классикалық университеті болып саналатын бүгінгі академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің тарихын тұлғалар жасады. Бүгін біз сондай тұлғаның бірі – Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА туралы айтқымыз келеді.

Нұрсахан Ахметқызының академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі өмірі мен қызметіне тоқталар болсақ, бұл тарихты 1-2 бет қағазға сыйғызу мүмкін емес. Бірнеше кітап жазуға болады. Бірақ, өзіңмен қатар жүрген алдыңғы аға буын өкілі, оның үстіне біздің кафедра мүшелерінің басым көпшілігінің ұстазы Нұрсахан Ахметқызы туралы жазу қиын болса да, құрметті жүк. Жетісуда дүниеге келіп, Сарыарқа жерінде еңбек етіп жүрген Нұрсахан Ахметқызының өмірі мен қызмет жолдарын тарихтың кезеңдеу әдісі тұрғысынан сипаттайтын болсақ, балалық шағы мен есею жылдары бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Қапал ауданының Ақтұрма ауылында, Біржан сал мен ақын Сара айтысатын Ешкіөлмес тауының баурайында, 1950-1969 жылдар аралығында өтті. Сол жылдар С.Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тарих факультетінде білім алған жылдар. Бұл аралық білім алумен бірге, өмірлік жарын таңдап, жанұялы болған кезең. Нұрсахан Ахметқызы өзімен бірге оқыған Сағындық Жауымбаевқа тұрмысқа шығып, тұңғыштары Жайнагүлді өмірге әкелді. Болашақ ғалымдар ата-ана атанды. Кезеңнің негізгі ерекшелігі Нұрсахан Ахметқызының өмірінің алдағы тағдырына бақытты жолдама алуында. Ол орталық Қазақстанда 1972 жылы жаңадан ашылған университетті жаңа мамандармен нығайту мақсатында берілген жолдама Сағындық Ұбайұлы екеуіне бұйырған екен. Көргені көп, зерделегені мол Нұрсахан Ахметқызы замандастарына – зиялы қауым өкілі, шәкірттеріне – ұлағатты ұстаз. Ол өзінің бойына жинаған бар білгені және қалыптасқан өнегелі өмірімен айналасындағыларға шапағатын тигізіп келеді. Біз бойынан бірнеше қасиеттерді байқаймыз және одан үлгі алуға тырысамыз.

Ол – ұлағатты ұстаз. Олай деп айтуға толықтай хақымыз бар. Өйткені, ол жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, тәлімді тәрбиеге баулып келеді және одан ешқашан шаршамайды, керісінше қуат алады, қуанады, қызығады. Оның бір ғана бөлшегі – «Жас Алаш» ғылыми-зерттеу клубы. «Жас Алаш» дегенде Нұрсахан Ахметқызы «ішкен асын жерге қоятын» адам. Ал «Халықаралық қатынастар» мамандығының студенттерін «МО-шники, вы должны знать государственный интерес», – деп сыртқы саясаттың қыры мен сырын үйретуде ұлттық мүддені басты нысана ретінде ұстанатын ұстаз.

Еліміздің барлық өңірлеріндегі мектеп-гимназиялар, лицейлер, сонымен бірге жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарын кәсіби маман-кадрлармен қамтамасыз етуде үлкен үлес қосып келеді. Оның шәкірттері бүгінгі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Президент Әкімшілігі жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов және басқалары.

Ұстаз ретінде Нұрсахан Ахметқызы студенттерге оқу құралдар, мектеп мұғалімдеріне көмек ретінде әдістемелік және көмекші нұсқаулар, мектеп оқушыларына оқулықтар да дайындап жүр. Солардың арасынан елімізде жүріп жатқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен, орта мектеп оқушыларына 5, 6, 7 сыныпта оқитын «Өлкетану» оқулығын айтсақ та болады. Екі тілде жазылған бұл оқулықтың жетекші авторы бола отырып, бір жағынан өзін маман, екінші жағынан ұлтжанды тұлға ретінде тағы бір мәрте танытты.

Ол – өзіндік орны бар ғалым. Кандидаттық диссертациясын қорғап, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында доцент болып бүгінгі күнге дейін ұстаздық қызметін ғылыммен ұштастырып келеді. Бір кездері аталған кафедра меңгерушісі болған Нұрсахан Ахметқызы бүгінде «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры ретінде университеттің ғылымын дамытуға атсалысып жүр.

Сонымен бірге жақын және алыс шетелдердің ғылыми орталықтарымен, зерттеуші-ғалымдармен байланыс орнатуда да белсенді. Ресей Федерациясы, Үндістан, Жапония, Германия елдерінің ғалымдарымен жақсы ынтымақтастық орнатты. 2011 жылы Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласындағы Дж.Неру университетінде өткен халықаралық ғылыми конференцияда үнділік Махатма Ганди және қазақ интеллигенциясының өкілі Әлихан Бөкейхан арасындағы тәуелсіздік, бостандық, күресудің тәсілдері бойынша ұқсастық туралы, салыстырмалы талдау жасаған баяндамасы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

2014 жылдан бері «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығында басшы бола жүріп, қарамағындағы ғылыми қызметкерлермен тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі арқылы тарихты жаңа қырынан қарастыруда үлкен жұмыстар жүргізіп келеді. Ұзақ жылғы білім мен ғылым саласындағы еңбектері лайықты бағаланды. Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымына қосқан үлесі үшін», «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері», Қарағанды қаласының білім беру саласындағы ерекше жетістігі үшін «Әлімхан Ермеков» төсбелгілерімен және «академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 40-жылдық мерейтойы», Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығының құрметіне» арналған естелік медалімен және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Марапаттардың ішінде «Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің еңбек сіңірген қызметкері» атағы өз сөзімен айтқанда «Нобельдік сыйлығы» ерекше болып табылады.

Нұрсахан Ахметқызы баршаға қамқоршы. Отбасында аяулы жар, ана, әже. Факультет ұжымында – қамқоршы ұстаз, әріптес. «Ақ сәкөш» деп еркелететін жұбайы Сағындық Ұбайұлы екеуінің қол ұстасып, бірге келе жатқан өмірлері де тарихшылар қауымына үлгі. Қос ғалымның шаңырағынан ұл мен қыз өсіп шықты. Бүгінде немерелер мен шөбере өсіп жатыр.

Бәріміз Нұрсахан Ахметқызының қамқорлығын көріп жүрміз. Студенттерге деген қамқорлығы, тіпті, ерекше. Әр студенттің жағдайын сұрап, қажет болса, шешілмей жатқан мәселеге өзі тікелей араласып, септігін тигізетін мейірімді, қамқоршы ұстаз. «Серпін» бағдарламасымен оқыған кураторлық тобының жатақханада тұратын студенттері Нұрапайларының шапағатын көрді, қамқорлығының аясында болды. Нұрапайларының «ерекше қамқорлығында» болған топ студенттерінің барлығы да университетті жақсы аяқтап, өмірден өз жолдарын тапты. Мұндай мысалдар жетерлік.

Нұрсахан Ахметқызының өмір жолы әріптестеріне, біздің факультеттің жастарына ғана емес, облыстың білім мекемелерінің жастарына да үлгі болары сөзсіз.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығындағы ұжымыңыз Сізге және Сағындық Ұбайұлына мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілейді. Әрқашан шәкірттеріңіз бен әріптестеріңіздің ыстық ықыласына бөленіп жүре беруге жазсын.

Ләззат ШОТБАКОВА,

Гүлнара СМАҒҰЛОВА,

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары,

кешегі шәкірт, бүгінгі әріптестері.