Ресми

Сенаторлар сауалы

ҚР Парламенті Сенатының биылғы 8 қазандағы отырысында сенаторлар Р.Әбдікеров, В.Волков, С.Айтпаева, Н.Бекназаров, А.Лукин, С.Мәкежанов, Л.Сүлеймен Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары көтерген мәселенің мәнісі мынандай:

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік бағдарлама аясында 2007 жылы Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының kazneb.kz порталын ашқаны белгілі. Қазір портал сегментінде әдебиеттің 60 мыңнан астам электрондық көшірмесі тұр. Оның 5 551 данасы – балаларға арналған электрондық кітап. Алайда, порталдағы цифрландырылған электрондық кітаптардың сапасы сын көтермейді: жүктелген электрондық кітаптардың 3D нұсқасын оқу қиын, мәтіні анық емес, бұлыңғыр. Ал, кейбір аудио-кітап таза ашылмайды.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, басқасын былай қойғанда, порталға тек техникалық қолдау көрсетуге жылына 90 миллион теңге қаражат бөлінеді екен. Бірақ, порталдың қызмет сапасы күткендегіден көп төмен. Оның үстіне, Қазақстанда шығатын барлық басылымның электрондық нұсқасы kazneb.kz порталында толық жарияланбайды. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі шығаратын пән оқулықтарының электрондық нұсқасы тегіс қамтылмаған.

Халықаралық деңгейдегі тәжірибеге көз жүгіртсек, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты көршілес мемлекеттерде кітапхана қызметін реттейтін «Кітапхана ісі туралы» Заң қабылданғанын көреміз. Ал, Австрия, Швеция, Бельгия, Ирландия, Данияда «Міндетті данасы туралы» Заң бар. Айталық, Данияда «Міндетті данасы туралы» Заңға сәйкес елде шығатын барлық жарияланымның, түрі мен тұрпатына қарамастан, міндетті данасын жинау мен сақтау міндеттелген.

Қазір Қазақстанның кітапхана қорында жалпы 112 миллионнан астам басылым бар, ал олардың тек 1,5 миллионға жуығының ғана электрондық нұсқасы жасалған. Бұл – кітапхана қорының жалпы көлемінің небары 1,3 пайызы. Сондай-ақ, елдегі 3 940 кітапхананың 1 892-сі, яғни, жартысына жуығы ғана интернет желісіне қосылған. Бұл, әрине, жеткіліксіз, әсіресе, қазіргі қашықтан оқыту кезінде.

Қоғамда қалыптасқан осындай жағдайға алаңдаған сенаторлар былай дейді: «Қашықтан білім алу жүйесінде балалардың интернеттен қосымша көптеген ақпарат іздеуіне тура келеді. Осыған орай, өз алдына балаларға арналған танымдық, тартымды, жеке Қазақстан Ұлттық электрондық балалар кітапханасының порталы ашылса – нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен қатар, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі 16 арнайы кітапхана қызмет көрсетеді. Алайда, олар Брайль қарпі, үлкейтілген қаріп, сондай-ақ заманауи цифрлық және ДЭЙЗИ (DAISY) форматындағы қолжетімді кітаптарымен аз қамтылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деп атап көрсетуі көп міндет жүктейді».

Мәселенің әлеуметтік маңызына назар аударған сенаторлар депутаттық сауалда Үкімет басшысынан «Кітапхана ісі туралы» Заң жобасын әзірлеуді, Қазақстан Ұлттық электрондық балалар кітапханасының порталын ашуды, Қазақстанда басылатын барлық жарияланымның міндетті данасының электрондық нұсқасын kazneb.kz порталына жолдаудың нақты жүйесін қалыптастыруды, кітапханаларды Брайль қарпі, үлкейтілген қаріп, сондай-ақ заманауи цифрлық және ДЭЙЗИ (DAISY) форматындағы кітаппен жеткілікті қамтамасыз етудің мүмкіндігін қарастыруды өтінді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button