Бармақтай тастың тарихы

Жезқазғандағы тарихи-археологиялық музей қорында 50 мыңға тарта жәдігер бар. 1988 жылы Ұлытау-Жезқазған өңірінің көне дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихына арналған тұрақты экспозиция ашылды. Онда Қаныш Сәтбаев тапқан табиғи мыс, халькопирит, борнита, халькозин, малахит, азурит, гиалит, халцедон, тағы басқа минерал орын алған.

Ал, ғұлама ғалым қолымен жазған сипаттамасы қоса сақталған мынау «Гранат» деп аталатын бармақтың басындай ғана бурыл тастың өзіндік тарихы бар. 2018 жылы қыркүйекте Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері А.Ермолаевамен кездесу өтті. Сонда құрметті қонақ музей қорына Қаныштың қолтаңбасы бар бір жапырақ қағаз бен «Гранат» минералын тапсырған еді.

«Мұндай сирек жәдігерді сақтап, жұртшылық игілігіне айналдыруға бұл тарихи-археологиялық музей әбден лайық!» деген ол жәдігердің тарихын тілге тиек еткен.

Кезінде тасты Қаныш Сәтбаев археолог Кемел Ақышевке беріпті. Ол ұлы Әлішерге аманаттаған. Әлішер Антонина Сергеевнаға ұсынып тұрып: «Жәдігер жоғалмайтындай бір музейге берерсің» деп өтініпті. Сол өтінішті орындаудың орайы осылай келіпті. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.