Басты міндет – бақуатты тұрмыс

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын алдағы жылдары не күтіп тұр? Олар қалай және қай бағытта дамиды? Жезқазған өңіріне жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК осы және басқа да мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысының қатысуымен өткен кеңесте жергілікті әкімдер қалалар мен ауданның даму барысы туралы айтып берді.

Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров келесі жылы 2 млрд. теңгеге 35 шағын және орта бизнес нысанын ашу жоспарланғанын хабарлады. 70 жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда қала экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі 16%-ды құрайды. Келесі жылға қарай оны 20%-ға дейін ұлғайту болжанып отыр.

Бұдан басқа, келесі жылы «KazGreenEnergy» ЖШС биоэлектрстанциясының құрылысы» жобасын іске асыру жұмыстары басталады. Станция «жасыл» технология бойынша жұмыс істейтін болады. Шикізат ретінде қатты тұрмыстық қалдықтар пайдаланылуы тиіс.

Ұлытау ауданында туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Жаңа нысандардың қолданысқа берілуімен келесі жылы 244 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, 2021 жылы қонақ үй, саумал-орталық, этноауыл, ат туризмін дамыту үшін ипподром салынады.

Биыл Сәтбаевтың дамуына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» айтарлықтай септігін тигізді. Қалада 3 млрд. теңгеге жуық сомаға 17 жоба іске асырылуда.

– Жолдар, гүлзарлар ретке келтіріліп, мектептер мен балабақшаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықты, оның ішінде жастардың бос уақытын пайдалы өткізуін қамтамасыз ету мақсатында «Юность» стадионы (жеңіл атлетика орталығы ретінде) және жүзу бассейні сияқты спорттық нысандарды қайта жаңарту жоспарлануда, – деп хабарлады Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.

Жеңіс Қасымбек жастардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуына ерекше назар аударды.

– Сәтбаевта жастар көп. Жұмыс орындарын құрып, 5-10 жылдан кейін не болатынын, қаланың даму әлеуеті туралы нақты түсінік беру маңызды. Сіздердің өңірдің дамуына көмектесетін баламалы салаларды іздеу керек, – деді облыс әкімі Асқар Ыдырысовқа. Сондай-ақ, ол қаланы дамытудың нақты жоспарын ұсынуды тапсырды.

– Кез келген әкімнің жұмыс индикаторларының бірі – жұмыс орындарын құру және өмір сүру үшін қолайлы орта жасау, – деді Жеңіс Қасымбек жұмыс кеңесінің соңында. Жаңа жобаларды іске асыру үшін көп күш жұмсауды, қала құраушы компаниялардың жұмысына ғана сүйенбей, инвестиция тартуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.