Баған

Бала құқығын кім қорғайды?

«Әлі бала ғой» деп қарайтын балаңыздың өзіндік құқығы бар екенін білген бе едіңіз? Әдетте балалар жасаған қылықтарына жауаптылықты сезінуге қабілетсіз келеді. Көбінесе біреудің айтқанына еріп, ықпалына көнеді. Сол себепті мамандар жасөспірімді қылмыс жасаудан бойларын аулақ салатындай етіп тәрбиелеу қажет екенін айтады.

Білім және ғылым министрлігі 2022 жылы балалардың әл-ауқат индексін енгізбек. Бұл баланың құқығын қорғау бойынша қала, аудан, ауыл-аймақтардың рейтінгі түзіледі деген сөз. Қазіргі таңда республикамызда балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын 300-ден астам үкіметтік емес ұйымдар бар. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше 10 жыл ішінде (2010 – 2020 жж.) балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің саны 70% – ға, ал балалар үйінің желісі 210-нан 101-ге дейін, яғни 52% – ға қысқарған. Сөйтіп, балалар үйлері Қолдау орталықтарына айналуда. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам белсене атсалысуда. «Тәлімгерлер» мен «Аналар үйі» сияқты жобалар да ерекше қолға алынып отырғанын білеміз. Солай деген күннің өзінде мемлекетімізде балалардың білім алу құқығына баса назар аударылса деген ниет бар. Мәселен, көмекке мұқтаж балаларды тез арада қамтуға және оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік берілсе толығымен мәселесі шешілген іс осы болар еді. Себебі, денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала анықтап, балаларға қолдау көрсету – маңызды.

Балалардың әл-ауқат индексі енгізілсе, ол өмір сүру жағдайы мен денсаулығы, білім, әлеуметтену, отбасы мен қоғам сынды маңызды салалар бойынша көрсеткіштерді анықтауға септігін тигізеді. Бүгінгі таңда білім алудың қауіпсіз жағдайларын жасау үшін әр білім беру ұйымын бейнебақылау және қажетті заттармен жабдықтау мәселелері қарастырылуда. Оның ішінде, суицид мәселесін шешу ерекше назарды қажет етеді. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау да аса маңызды. Өйткені, әрбір баланың отбасында тұрып, тәрбиеленуге құқығы бар. Отбасылық тәрбие баланы тәрбиелеудің ең тәуір түрі, сондықтан да оған басымырақ маңыз беріледі. Баланың өз ата-анасының отбасында және өзге де туысқандарымен тұруына, олармен қарым-қатынас жасауға қақысы бар.

Мемлекет балаларға қамқорлық көрсете отырып, бала туғанда жәрдемақы төлейді, көпбалалы отбасыларға барынша көмектесіп отырады. Сот орындаушылары алиментті мәжбүрлеп өндіріп алу да мемлекеттің балалар құқығын қорғауының бір көрінісі болып табылатынын айтады. Онда ата-аналар өздерінің конституциялық міндеттерін еркімен орындамаған жағдай орын алғандықтан, бала құқығы басты орынға шығады. «Жусан» операциясының аясында соғыс болып жатқан елдерде қалып қойған балалар елге қайтарылғанын жақсы білеміз. Ендеше, балаларыңыз өзіңізге келіп, қорқынышы мен күмәнін, проблемасы мен наразылығын айтар болса, құлақ қойып тыңдаңыз. Көп жағдайда балалар айтқысы келген нәрсені ішінде сақтап қалады. Олардың құқығының бұзылуына бейжай қарамаңыз…

Ардақ ТҮСІПОВА,

Қарағанды қаласындағы №12 мектептің директоры.

Басқа материалдар

Back to top button