Бас тақырыпРесми

Елбасының биік бағасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстанның антиядролық бастамаларына және ядролық қарусыздану үдерісіне арналған көрмені аралап көрді. Осы жерде Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бір топ студенті Президентпен кездесіп, әңгімесін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.

Студент жастар кітапханада өткен «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбындағы семинарға қатысып, Қазақстанның антиядролық бастамалары мен ядролық қарусыздану үдерісіне арналған көрмені тамашалады. Әлемде жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне қатысты еліміз көтерген бастамалар жайлы маңызды экспонаттар мен көрнекі құралдарды көріп, арнайы бейнебаяндармен танысып, экскурсия барысында Мемлекет басшысымен жүздесіп, оның студенттік шақтағы естеліктерін тыңдады.

– 1961 жылдан 1965 жылға дейін Қарағанды политехникалық институтында негізгі курсты бітірдім. Содан кейін факультет Теміртауға көшіріліп, институт құрылды, – деп студенттік жылдарын еске алған Президент сол кездегі институт ректорының өзіне бастапқы оқу орнында қалып, машина жасау факультетін бітіру жайлы ұсыныс жасағанын айтты. Алайда, мамандық ретінде болат қорыту ісін таңдаған Елбасы бұдан кейінгі білімін Теміртау қаласында металлургия саласы бойынша жалғастырғанын әңгімелеп берді. Күні бүгінге дейін бірге оқыған достарымен, жолдастарымен хабар алысып, жүздесіп тұратынын баяндай отырып, Елбасы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне «Қазақстандағы ең жоғарғы дәрежелі политехникалық университет» деген баға берді.

Сондай-ақ, кездесу барысында ел Президенті студенттердің хал-ахуалын, жатақханамен қамтамасыз етілу жағдайын сұрады. ҚарМТУ-дың жаңа жатақхана салу ісін жоспарлап отырғандығын тілге тиек етіп, өзі оқыған білім ордасының бүгінгі жайынан хабардар екендігін жеткізді.

Анар СӘРСЕНБЕКОВА,

ҚарМТУ баспасөз қызметінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button