Асылды тот баспайды

ӘЛҚИССА

– Мен өмірімде қиындықты көріп баққан, әбден таяқ жеген адаммын, шырағым. Ешкеевтердің әулетінде ең ауыр, тозаққа бергісіз тағдырды мен кештім. Бірақ, шыдадым. Төтеп бердім, – деп бастады әңгімесін Зат қария.

Баламның есімін Даулат деп неге қойды дейсің?…

– Неге қойдыңыз екен?

– Балам, өмірінде мен сияқты қиындық көрмесін, нәзік болмасын, жасымасын, дауылдатып, дуылдатып, от боп жүрсін деп қойдым… – деді Зат ақсақал ойлы жүзбен… Бұл көзқарас терең, тым тұңғиық еді. Оның түбінде сырт ел біле бермейтін, кез келген көлденең көк аттыға ашыла бермейтін сыр жатқанын аңғардық…

Ешкеевтер аймақ түгілі, алты Алашқа аянды.

ТЕК

Зат Армияұлы Ешкеев бүгінде тоқсанға аяқ басты. «Ешкеев» деген фамилияның елге етене таныстығын түйсігім сезді. Бірақ, қайдан және қашан естігенім, я оқығаным есіме түспей-ақ қойған… Ойым сан-саққа жүгіріп, жауап таба алмай шаршаған.

Зат ақсақал «әкем Ресейде, Қазанда, ұзынырғасы 16 жыл оқып келген. Мұғалім» дегенде, жадымда бұрын оқығандарым жаңғыра бастаған. Алданбаппын. Зат Армияұлының әкесі – Армия Ешкеев – Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған санаулы қазақтың бірі, қазақ баспасөзінде тарихи мәні зор «Садақ» журналын шығарушылардың қатарынан екені туралы дерек мида жарқ етті. «Қазақстан тарихы» сайтында жарияланған «Алаш үнін ту еткен жастар: қаламгерлік қуаты мен авторлық қолтаңбасы» материалында Армия Есмағанбетұлының «Садақта» жазғандары туралы айтылады. Аңғарасыз ба? Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған елі үшін басын бәйгеге тіккен адам. Міне, тек қайда?!

«Қарағандының көп интеллигенттері менің әкемнің шәкірттері. Мұрат Құрманов – генералмайор, Ғабиден Құсайынов – шахта директоры, комбинат бастығы, облыстық сотта төраға болды. Бұған қоса, Сатан Қарашолақов, Еңбек Ері Александр Ильич Фомичевтерді атасақ та жеткілікті. Кейінде қалалық комитетте көмір өнеркәсібі жөніндегі нұсқаушы қызметінде жүргенімде Александр Ильич мені тауып алды. Қалай дейсіз ғой?!

Бір күні телефон шырылдайды. Көтердім. «Вы – товарищ Ешкеев?» «Я, так точно!» «С вами хочет поговорить директор шахты Фомичев» дейді. Мен таң қалдым. Бұл енді қарапайым нұсқаушыға шахта директорының телефон соғуы мүмкін емес-тін. Ақылым – алтау. Сөйткенше болған жоқ, тұтқаның арғы жағынан дауыс естілді.

– Здравствуйте! Я – Фомичев Александр Ильич!

– Очень рад вас слышать. Слушаю вас! – дедім.

– Вы какой Ешкеев? – дейді Александр Ильич.

– Обыкновенный Ешкеев, – дедім.

– Вы имеете отношение к Ешкееву Армии Есмаганбетовичу?

– Да, я, сын, – дедім.

– У него были 3 или 4 сына. Вы какой сын?

– Я – третий.

– Ооо! Если вы сын Армии Есмаганбетовича очень рад! Я ученик вашего отца,– деп қуанышын жасыра алмады. Содан кейін де мені шақырып, кездестік. Әкем соғыстың алдында орыс, қазақ сыныптарына да сабақ берген еді.

Шәкірттерінің бірқатарымен жүздестім. Олардың бәрі әкемнің білімділігіне таң қалатын. Географиядан сабақ бергенде оқушыларға қарап тұрып, көз салмастан теріс тұрған бетінде картадан сол айтып тұрған елді, жерді тап басып көрсететін дейді. Сондай білімді еді» деп тамсанатын».

Алпыс екі тамырды бүлкілдеткен сол тектілік Зат Армияұлын да тар жол, тайғақ кешуден, өзі айтқан «тағдырдың тозағынан» аман алып шыққанына мойынсұнып, қол қоясыз осыдан соң…

ӘКЕНІҢ ӨСИЕТІ

1929 жылдың 12 қыркүйегінде ұлағатты ұстаз Армия Ешкеевтің отбасында үшінші ұлы – Зат дүние есігін ашыпты. Ал, 1931 жылы Қарағанды көмір бассейнін дамыту туралы Орталық комитеттің қаулысына сәйкес елдің түкпір-түкпірінен көмір өнеркәсібінің инженерлері, құрылысшылар, дәрігерлер, мұғалімдер жолданды. Солардың қатарында Армия Есмағанбетұлы да бар-тын…

«Мен 2 жаста екенмін. Біз №17 және №20- шы шахтаның маңайында саманнан жасалған барақта тұрдық. Жағдай өте ауыр еді. Суды бір жарым шақырымнан таситын. Әкем Киров ауданының №19 мектебінде тарих, география, зоология, химия пәндерінен орыс және қазақ сыныптарына сабақ берді» дейді Зат Армияұлы.

Өмір ешқашан адамның қалауындай емес қой. Ойламаған жерден астан-кестенін шығара салатыны бар. Біреуге ой-шұқыры мен бейнетін үйіп-төгіп береді. Енді біреудің жолын даңғыл қып жасайды. Өмірдің жұмыр басты пенденің шақшадай басына сыймайтын өзінің сондай заңы бар.

Кім білген, тектілігін тағы бір таразыға тартайын деді ме тағдыр, әкесі өмірден озған, соғыс басталған күн – бала Заттың балалықпен біржола қоштасқан күні еді…

Мектептің бірінші, екінші сыныбын 1941 жылы үздік бітірген баланың таудай талабын әкеге мезгілсіз жеткен ажал мен соғыстың басталуы шақпақтай шаққан-ды.

«1941 жылдың маусым айының соңында біз үлкен ағамыз екеуміз лагерьден үйге келдік. Әкей төсек тартып қалыпты. Қылтамаққа ұшырапты. Әлі есімде, әкем үш ұлын қасына отырғызып қойып, ашық сөйлесті. Науқасының ауыр, ғұмырының аз қалғанын, соғыстың басталғанын, оның ұзақ болатынын айтты. «Қандай қиындық болса да, түбі жеңіске жетеді ел. Бірақ, қазір аман-саулық үшін тірі кезімде менің туған жерім Нұра топырағына, колхозға көшуіміз керек. Әрине, сендерге ауылдың өміріне үйрену қиынға соғады. Ауыр жұмыс істеуге тура келеді. Оқуды да әзірше ұмытуға тура келеді. Алайда, естеріңде сақтаңдар, білім алу ешқашан да кеш емес. Соғыс біткен соң оқуларыңды жалғастырасыңдар, бірақ ол қандай жағдайда іске асатынын өздерің шешесіңдер» деп өсиет айтты» деп еске алады Зат ақсақал.

1941 жылы маусымда қатты науқастанған әкесі Қарағандыдан туған ауылына отбасын жеткізіп барып, араға бір жарым ай салып, көз жұмыпты. Бұл кезде Зат ақсақал небары 11 жаста екен. 41-дің шілдесінен колхоздың жұмысына әуелі шопанның көмекшісі ретінде жегілген бұғанасы бекімеген, қабырғасы қатпаған жас бала бір-ақ күнде есейді…

Аш қалдырып, өзегін талдырмайды деген әкесі үмітпен әкелген ағайынның 14 шаршы метрлік төбесінен су аққан, жері сыз сарайында күнелтеді. Анасы, ағаларымен жән-дәрмен тірлік кешкен бала ертеңгі күннің жарқындығынан ешқашан үміт үзген жоқ. Сол үміт алдамады…

«СОҒЫСТЫҢ БАЛАЛАРЫ»

«Мен «Соғыстың балалары» аталғандар қатарынанмын. Соғыс жүріп жатты. Үлкендердің орнына колхозда күн демей, түн демей еңбек еттік. Шопанның көмекшісінен соң, 13 жасымда өгізбен жер жыртуға тартылдым. Одан кейін шөп шабу, оны жинап, жеткізу секілді жұмыстардың бәріне жегілдік. Барымызды, жанымызды сала еңбек еттік. Біз соғыстың балалары Жеңіске солай үлес қостық. Оған сол кезде алған марапаттарымыз куә. Маған 1946 жылы «Ұлы Отан соғысының 1941-1945 жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Мен оны аса қадірлеймін», – дейді ардагер. Ал, 1944 жылы үлкен ағасы әскер қатарына шақырылды. Ортаңғы ағасы қалада оқуын жалғастырды. 1948 жылы анасы қайтыпты өмірден. Ал, Зат колхозда қалды.

Бірақ, солай екен деп аяған уақыт жоқ. Еңбекпен көзін ашып, еңбекпен ұйықтайтын еңбектің торысына айналды. Одан кейін 1948 жылы тракторшылар курсын оқыса, 1950 жылы шоферлық курсқа бағыттады колхоз. Бәрібір колхоздан ұзамады. Айналып келіп, колхоз үшін алақан күлдіреп еңбек етуден қашқан жоқ бала.

«1950 жылдың желтоқсанында үлкен ағам әскерден келіп, облыстық комитетте жастар бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. 1951 жылы наурызда Нұра ауданына іссапарға келген ағам Нұра аудандық комсомол хатшысына маған құжат алуға, қалаға жетуге көмектесуін өтінді. Обалы нешік, ол кісі көмек қолын созды» дейді.

Қалтасында көк тиыны жоқ. Қарағандыға жетудегі көрген көресіні де қыруар. Тауар пойыздарының жолсеріктерімен келісіп, бір мініп, бір түсіп, әзер жетеді. Киров ауданының комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіндегі Шафқат ағасын жаяу-жалпылап, іздеп келгені, тозығы жеткен киіміне қарап, есік алдындағы хатшы қыздың қуып жібергені, ағасын көргенде құшақтап жылағаны әлі есінде. Бала күннен көрген теперіші көзінен парлап жас боп аққан еді сол кезде…

ЕНДІГІ СЫНАҚ – ШАХТАДА

Қалаға, Шафқат ағасының қамқорлығына жеткен Зат Армияұлы бірден шахтаға жұмысқа орналасты. 1951 жылдың жазынан №31 шахтасында жұмыс бастайды. Одан кейін басқа да шахталарда тер төгеді. Әуелден білімге құштар, ізденісі күшті жас кешкі мектепте білім алады. Жұмысты, оқуды қатар алып жүру ауырға соқса да, әкенің өсиеті санасында жаңғырып тұрған.

1955 жылы 5 сыныпты бітіріп, ағаларының қолдауымен 7-сыныптың емтиханын тапсырып, Қарағанды индустриалды техникумына құжат өткізеді. Соғыс жылдарында қайысып, колхозда тынбай еңбек еткені, «Ерен еңбегі үшін» медальмен марапатталуы да оқу орны басшылықтарының назарынан тыс қалмапты. Оның үстіне, жіптіктей тамаша мінездемесі де бар.

«Алғашқы екі жылда оқу қиынға түсті. Өйткені, бес-ақ кластық білім бар. Жасым 26-да. Ал, үшінші, төртінші курста таза тау-кен ісі туралы сабақтарда мен үздіктердің қатарына іліктім. Өзімнің табандылығыммен, еңбекқорлығыммен, ынтаммен техникумды 1955 жылы бітіріп, дипломды жақсы қорғап шықтым» деп еске алады.

ӨРЛЕУ ЖОЛЫ

Техникумды тәмамдаған соң шахтаға бармақ Зат Армияұлын Ленин аудандық партия комитеті аттай қалап қызметке шақырады. 15 жыл еткен еңбектің нәтижесі ендігі арада сол өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалуы тиіс деп шешкен екен басшылық. Өнеркәсіп-көлік бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалған соң Зат Армияұлының одан әрі өрлеу жолы басталды. 1961 жылдың желтоқсанында Қарағанды қалалық атқару партия комитетінің көмір өнеркәсібі жөніндегі нұсқаушы – кураторлығына ауыстырады. Мұнда табандай бес жыл еңбек етеді.

Ал, 1966 жылы Алматының халық шаруашылығы институтын аяқтар шақта қалалық партия комитетіндегі жұмыстан бас тартты. Өйткені, сол кездің талабы бойынша оқудағы мамандықпен жұмыс сәйкес келу керек-тін.

Диплом алған соң ғұмыры шахтамен ғана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық өсіп өркендеуімен қатар өрілді. Инженер, шахта комитетінің төрағасы, Киров ауданының өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі, сол ауданның атқарушы төрағасының бірінші орынбасары ретінде тынымсыз жұмыс жасады.

Қарағанды қаласында тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени нысандар, коммуналдық шаруашылық, жылумен-сумен жабдықтау ісінде Зат Армияұлының қолтаңбасы жатыр. Оның басшылығымен 22, 23 шағынаудандар, балабақшалар, мәдени нысандар, «Молодежный» сарайы салынды. Пришахтинскідегі аула аумақтарын жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары қауырт жүрді. Жылумен жабдықтайтын жиырмадан астам қазандықтың дайындығын, коммуналдық шаруашылықтың толассыз жүруін қатаң қадағалады. Айта берсек, бір кітапқа жүк болатын ел үшін атқарған игі істері көп.

Бұдан соң өзінің өтінішімен партиялық қызметтерден бас тартып, Киров аудандық шахтақұрылыс басқармасында партия ұйымының хатшылығына бекітілді. Мұнда 1988 жылы кенші ретінде зейнетке шығады.

Бірақ, білікті маман қоғамға ауадай қажет. Дәл сол жылы облыстық атқару комитетінде жаңа Бас жоспарлау-экономикалық басқармасы құрылып, сонда бас кенші ретінде қызметке шақырылады. Бұл басқармада Зат ақсақал 1996 жылға дейін қызмет жасады. Одан кейінгі уақытта бейнетінің зейнетін көріп келеді.

ТҮЙІН

52 жылдық еңбек өтілі бар ақсақал марапатсыз емес. Түрлі деңгейдегі медальдары өз алдына. «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген. Осынау ғұмырында Зат Армияұлы әке өсиетін жадында мықтап ұстады. Тағдыры маңдайынан сипай қоймады әуеліде. Сірә, осындай азамат ретінде шыңдағысы келген шығар. Еліне, жеріне пайдасы тисін деген шығар. Әкеден қалған асыл мұратқа ұлы жетсін деген шығар, кім білген?

Сол әке өсиетін балаларына, немере-шөберелеріне ұлағат етіп отыр. Құдай қосқан қосағы Раиса Мұхтарқызын қара жердің қойнына тапсырғалы 15 жылға жуықтапты. Ендігі дәтке қуат бергені, жанына шуақ төккені осы үрім-бұтағы, балалары, немере-шөберелері.

«Мен талапшыл адаммын. Ешкімге қатқыл сөйлеп көргем жоқ. Әйткенмен, талабым күшті. Балаларымды да солай тәрбиеледім. Немерелеріме де сондай тәрбие беріп отырмын. Соның арқасында, балам Даулат менен асты. Бұл – солай болуы тиіс. Әкеден бала озуы тиіс» дейді Зат Армияұлы.

..Иә, асылдың сынығын тот баспайтыны рас екен…

Қызғалдақ АЙТЖАН.