Үкімет басшысы: Саран қаласының үлгісі бойынша республиканың басқа моноқалаларында индустриялық аймақтар құру қажет
Шағын және орта бизнесті дамыту барлық моноқалалар үшін өзекті, тек осындай іс-шаралар жұмыс орындары бойынша ірі кәсіпорындарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр мәлімдеді.
Үкімет басшысы Қарағанды облысында Saran индустриялық аймағын құруды үлгі ретінде келтірді. Үкімет басшысы еліміздің моноқалаларын дамыту үшін осы тәжірибені ұстануды тапсырды.
Қосалқы өндірістерді бизнеске беру моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Әкімдіктер компаниялармен бірге осындай жобаларды жан-жақты пысықтап, кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасауға тиіс. Мысалы, оңтайлы тәсілдер Саран мен Текеліге моноқалалар тізімінен шығуға мүмкіндік берді.
— Өнеркәсіп министрлігі Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Саран қаласының үлгісі бойынша осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құруы қажет. Кейін бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек, – деп тапсырды Премьер-Министр.
Айта кетейік, Saran индустриялық аймағы Қарағанды облысында 2021 жылы бұрынғы РТИ зауытының өнеркәсіптік алаңында құрылған болатын. Бұл моноқаланы дамыту және облыс экономикасын әртараптандыру үшін өсу нүктесіне айналды. Қазірдің өзінде оның аумағында бірқатар ірі жобалар: автобус, шина зауыттары және тұрмыстық техника өндірісі іске қосылды. Металлургия саласында жаңа жобалар жоспарлануда. Оның құрылуы тұрғын үйді қайта қалпына келтіруді ынталандырды, бұл ауданда бұрын қараусыз қалған көпқабатты үйлер қалпына келтірілуде.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz