Сенатордың сапары

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат СҮЛЕЙМЕН металлургтер мекеніне атбасын бұрды. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде болып, қаладағы медициналық мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Музейдегі кездесу кезінде «Ақ әжелер» тобының мүшелерімен және аналар кеңесі өкілімен тілдескен сенатор көпшілікті толғандырған түйткілді мәселеге көңіл аударды. Сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты заңды күшейту, апатты үйден арылу, медициналық қызметкерлердің жетіспеуі, тұрғын үй тапшылығы, тағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселені тілге тиек етті.

— Індет өршіп тұрғанда ел басына туған қиыншылықтан Сенаттың депутаттық корпусынан тысқары қалған ешкім жоқ. Біз де көпшілікпен бірге қалыптасқан қиын жағдайға қатты алаңдадық, сырқатқа шалдыққандарды тиісті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге атсалыстық, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бердік. Жұртшылықты мазалаған маңызды мәселелер қашанда депутаттардың назарында болады, — деді ол.

Қаланың қақ ортасындағы Алашахан даңғылы мен Бейбітшілік көшесіндігі бірнеше дәріханаға соққан сенатор дәрі-дәрмек қоры мен баға тұрақтылығына көңіл аударды. Алашапқын болған адамдарды көрмегеніне ризашылық білдірді. Мамандардың айтуына қарағанда, қажетті барлық дәрі-дәрмектің түрі сөреде тұр, антибиотик жеткілікті, жалпы мол дәрі-дәрмек қоры жасалған.

Сенатор медициналық орталықта, қалалық аурухана қалашығында болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова саладағы қалыптасқан жағдайды баяндап берді. Таяуда Жезқазған мен Сәтбаевта «Жедел жәрдем» қызметі жаңадан 4 автокөлік алады. Аймақта індетке қарсы күрескен дәрігерлер еңбегі лайықты бағасын алуда. Таяуда «Қазақмыс» компаниясы дәрігерлерге Жезқазғаннан – 20, Сәтбаевтан – 12 пәтер бермекші.

Көпсалалы аурухана базасынан ашылған инфекциялық-провизорлық стационарға соққан сенатор арнаулы қорғаныш костюмын киіп мекемені аралады, бірнеше палатаға бас сұғып сырқаттармен сұхбаттасты, олардың жай-күйіне қанықты.

Ләззат Сүлеймен Алашахан мен Жошыхан кесенесінде болды. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмысымен, қасынан салынып жатқан тарихи-мәдени орталықтың құрылысымен танысты.

Сенатордың сапары кеншілер қаласы Сәтбаевта жалғасты. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.