Академик Төрегелді ШАРМАНОВ: «Бұл індеттің емі – САБЫР»
Ел ішін жайлаған індеттің екпіні басылар емес. Тұтас әлем тұмшаланып, алты құрлық абдырап тұр. Жасыратыны жоқ, әу баста дәл осы кеселдің астарынан саяси салдар іздеп, індеттің бар екеніне сенбегенбіз. Қазір ше? Қазір ертеңге деген сеніміміз семіп бара жатқандай. Бейқамдық берекемізді алып, салғырттық сан соқтыратынын енді ғана түсінгендейміз. Әлем іштен тынып, әлеуметтік желінің айдарынан жел есіп тұр. Иә, әлеужеліні ашып қалсаңыз, өз бетінше ем қабылдап, ойлап тапқанын жарнамалаған «әулие емшілердің» кеңесінен көз сүрінеді. Ас мәзірін ұсынып, ақылгөйсігендер өріп жүр. Үрейін сабырға жеңдіре алмай, үмітін үзе бастағандар қаншама. Жақынын жоқтаған, билікті даттаған елдің жанайқайы жаныңды жабырқатады. Осының бәрі – нақты ақпарат пен мамандар кеңесінің дер уағында берілмеуінен. Күні кеше ғана ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ сақтық шаралары мен емдеу хаттамаларының БАҚ арқылы ашық жариялануын талап етті. Тырс еткен ешкім жоқ әлі. Төңіректен төбе көрсетіп, келелі кеңес беретін денсаулық сақтау саласының мамандарын таппағандықтан, амал жоқ, Алматыға қоңырау шалдық. Жерлесіміз, тағамтану ілімінің тарланы, академик Төрегелді ШАРМАНОВ бұйымтайымызды құп алып, сауалдарымызға салмақты жауап берді. Сонымен, індеттің алдын алу, үй жағдайында емделу шаралары, бойға қуат беретін ас мәзірі туралы академик атамыз сөйлесін…
– Аға, әлем жұртшылығын әбігерге салып, айналамызды аждаһадай жалмаған ауыр індеттің салдары салмақты болар сыңайы бар. Өзіңіз қалай сақтанып жүрсіз?
– Иә, қарағым, бұл індет тосыннан пайда болды деп айтудың өзі ауыр. Егер, дәл солай десек, ақиқаттан ауытқып кетуіміз ықтимал. Дін саласындағылар мұны Алланың назасына балап жүр. Қисыны бар. Адамзат баласының Алладан айла асырамын деген астамшылығына Жаратушымыздың назалануы әбден мүмкін. Ғалымдар індеттің таралу жылдамдығын табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан іздеп жатыр. Саяси ойыннан шыққан от деп жүргендер де бар. Әйтеуір, аса қауіпті індет екенін көзіміз көріп отыр. Сақтану керек. Әр адамның жауапкершілігі, бір-бірімізге деген жанашырлық керек.
Ал, өз басым – қаншама жылдан бері салауатты өмір салтын ұстанған адаммын. Тамақтану рационымды өзгерткен жоқпын. Иә, кейбір жағдайда бойға қуат беретін, ағза иммунитетін көтеретін тағамдар көлемін ұлғайттым. Жылқы етін жеймін. Қымыз ішемін. Жаяу жүріп, жаттығу жасаймын.
Адам әуелі өзіне жаны ашуы керек. Өзіне жаны ашыған адам, өзін жаман індеттен сақтандыра білген адам – ұлтқа жаны ашыған адам. Осыны естен шығармаған абзал.
– Жаңа ғана өзіңіз айтқан тамақтану рационы жайындағы әңгімемізді тереңдете түссек… Осы індет басталғалы әркім әртүрлі кеңес айтып жүр. Мәселен, біреулер қой етінің емдік қасиетін жарнамаласа, енді бірі жылқы етінен артық ем жоқ екенін айтады. Тағы біреулері иттің сорпасын ішіп жатыр. Сіз не дейсіз?
– Індетпен күресудің нәтижелі болуы үшін ең әуелі адамға сабыр, төзім керек. Өйткені, дәл осы кеселдің психологиялық салдары – өте ауыр. Біз – небір жаугершілік заманды, ашаршылық нәубетін, соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыс дейсіз бе, небір ауыртпалық көрген және жеңген рухы берік халықпыз. Мұны да жеңеміз! Қазір бізде мүмкіндік көп. Технология дамыған, білімді, білікті мамандар бар. Заман өзгерген. Сол үшін ертеңге деген сенімнен адаспау керек. Күні ертең туатын мамыражай тірліктен күдер, үміт үзбеуіміз керек. Бұл індеттің ең басты емі – сабыр.
Ал, иммунитетті көтеру, ауруға ағзаның қарсы тұру қабілетін арттыру деген мәселеде мен қазақтың ұлттық тағамдарын ғана айтар едім. Әрине, ас мәзіріңізде балық, жеміс-жидек секілді дәруменге бай тағамдар болуы қажет. Бірақ, жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ. Құрт қосылған сорпаның маңызы ерекше. Енді бұл жерде мынадай бір мәселе бар. Маман ретінде бір тағамның құнары, пайдасы туралы айтсаң, ертең-ақ ол тағамның бағасы шарықтап шыға келеді. Мысалы, мен жылқы етін айтып отырмын. Осы індетті жеңемін деген адамның бәрінде дәл қазір жылқы сойып алуға немесе жылқы етін сатып алуға жағдайы келмеуі мүмкін. Дәмелену бар да, оны тұтынуға дәрменнің жоқтығы бар. Бағалы нәрсеге қолы жетпеген адамның жүйкесіне салмақ түседі. Ал, жүйкенің мазасыздануы дерттің ушығуына жол ашып береді. Сондықтан, жылқы етін сатып аламын деп тыраштанудың да, сатып ала алмасаң, мазасызданудың да қажеті жоқ.
Негізінен, ет тағамдарын көбірек тұтыну керек. Қанша ауыр болғанымен, қой етінің де емдік қасиеті зор. Ал, иттің сорпасын ішу – әркімнің өз еркінде. Оның пайдасы мен зиянына үңіліп көрмеппін. Тағамның бұл түрін жаным қаламайды. Тұтынып та көрмеппін. Жалпы, анау айтты екен, мынау ұсынды екен деп, адасуға тағы болмайды. Мен ойлаймын, қатерлі індет салдарынан туындап отырған күйзеліс кезінде не нәрсеге болсын, тәуекел басым тұруы мүмкін. Бірақ, оның кейінгі зардабы жақсы болмайды. Мәселен, қазір халық малды егетін дәрі пайдалы десе, соны тұтынуға дайын. Ол дұрыс емес!
– Рахмет! Кейбір мамандар қой етінің құрамында холестерин көп екенін айтады. Ағзадағы холестериннің шамадан тыс көп болуы жүрек-қан тамырлары ауруына алып келетінін әр адам жақсы білсе керек.
– Рас, «қой еті – қорғасын» деген сөз бар. Бірақ, холестерин бар екен деп, қой етінен бас тарту – қателік. Әр адамның ағзасында тұтынған тағамның құрамын реттеуші механизм бар. Және ол үздіксіз жұмыс істейді. Әрине, жылқы етінің кереметтегі сол, оның сіңімділігі – қой мен сиыр етінен қарағанда 3 есе жылдам. Атам қазақтың «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деген қанатты сөз бар. Міне, әр еттің ерекшелігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
– Сонда ағзаның короновируспен күрестегі пәрменін нақты қандай тағамдар арттырады? Диетолог ғалым ретіндегі пікіріңіз…
– Дәл қазіргі жағдайда «ананы ішуге болмайды», «мынаны жеуге болмайды» деген арнайы мәзір болмайды. Науқас адамның тәбеті де болмауы мүмкін. Ондай жағдайда, құрт қосылған сорпаны өзін-өзі қинаса да, ішуге тура келеді. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыру үшін барынша құнарлы тағам тұтыну қажет. Ол – жылқы еті, ол – қой еті, ол – балық еті, ол – көкөніс. Қымыз бен құрт қосылған сорпаны қайталап айтамын. Әсіресе, қымыз – С дәруменіне өте бай сусын. Ал, жылқы етінің құнары – бекіре балықтың етімен деңгейлес. Дәмі одан да асып түседі. Қойдың еті қорғасын екен деп, одан да қол үзуге болмайды. Мейлінше, сұйық тағамды көбірек ішу керек. Тағы бір айтатын жағдай – әр ұлттың өзінің ұлттық тағамына деген ағза бейімділігі. Яғни, тегіміздегі ұлттық ерекшелік. Осы ерекшелігімізді тиімді пайдаланып, ұлттық тағамға маңыз бере алсақ, біз жеңбейтін кесел жоқ.
– Бәрекелді! Қазіргі індет жағдайында қымызды ысытып ішіп, пайдасы зор екен деп жатқандар бар. Осы дұрыс па?
– Қымызды ысытып ішу дұрыс емес. Қымыздың құрамында мың сан дәрумен бар. Оның ең басты төрт ерекшелігіне тоқталсақ, біріншіден – қымыз құрамындағы белоктың «альбуминдік» сіңімді, нәзік табиғаты, екіншіден – оның құрамында трансмай қышқылы жоқ. Бұл майдың ағзаға зияны өте көп. Үшінші ерекшелігі – қымыз табиғи антибиотик. Төртінші қасиеті – ашыту процесі барысында пайда болатын вирустар мен бактерияларды жоюға қабілетті аскорбин қышқылына (С дәрумені) өте бай. Біреу айтты екен деп, қымызды ысытып ішуге болмайды. Егер, олай жасайтын болсақ, қымыздың құрамындағы мен айтып отырған дәруменнің барлығы жойылып кетеді. Ең дұрысы – қымызды бөлме температурасында ішу. Оны тоңазытқышқа қойып, салқындатуға да болмайды. Биенің сүтін сауылған бетте жылыдай ішуге болады. Бірақ, қымызды жылытып немесе суытып ішу менің ақылыма сыймайды.
– Қатерлі кеселге шалдыққандар арасында тән сұлулығын сақтап, көзге көрікті көріну үшін ішіпжеуден саналы түрде бас тартып, диета ұстаған қыз-келіншектер көп деген ақпарат тарап жатыр…
– Бұл – кесел өршіп тұрған кезеңде ғана емес, қалыпты өмірдің өзінде қасіретке шалдықтыратын амал. Тән сұлулығы үшін тәуекелге барып, ішіп-жеуден бас тарту дұрыс емес. Семіздіктен арылудың жолы аштық қана емес. Жаттығу жасау, көбірек жаяу жүру деген секілді пайдалы амалдар жасауға болады ғой. Тағамнан бас тартуға болмайды. Мөлшермен ішу, әр тағамның құнарына бақылау жасау қажет. Бір күн ашығуға болады, екі күн ашығуға болады… Тіпті, отыз күндік ораза тұтыңыз. Бірақ, үнемі ашығып, құр сумен ғана өмір сүремін деген жағдай түптің-түбінде айықпас дертке шалдықтыруы мүмкін. Мүмкін емес, дәл солай болады. Ондай жағдайларды көзіміз көріп те жүр. Талай өнер жұлдыздары құлын мүшесін бұзбаймын деп, ажал құшқан жағдайлар да болып жатыр. Бұл – барып тұрған сауатсыздық, өзіңе жасалған қастандық.
– Бір сұхбатыңызда «Нан жемеймін» дедіңіз. Себебі?
– Нан – қасиетті тағам. Нанды ас атасы деп қабылдаймыз. Бірақ, мен көп жылдар бойы нансыз өмір сүріп келемін. Мүлде жемеймін десем, жалған болар, аздап, тиіп-қашып тұтынамын. Бұл жерде нанның қасиетін жоққа шығарайын деп отырған жоқпын, әрине. Дегенмен, нан – семіздік ауруына алып келетін тағам. Ал, семіздік – ағзадағы зат алмасу процесінен бастап, көптеген ауруды пайда қылушы дерт. Сондықтан, біздің үйде нанның бар-жоқтығы маңызды емес.
– Дүниені дүрліктірген Covid-19 кеселінің түпкі салдарына болжам жасап көрдіңіз бе?
– Бұл – өте қауіпті кесел. Бұл індеттің алдында бай-бағланың да, батырың да, ақының да, тіпті, өмір бойы салауатты өмір салтын ұстанған спортшың да – дәрменсіз. Осы тұрғыдан алғанда, короновирусыңыз ашаршылық нәубетімен бірдей індетке айналуы мүмкін. Сөзімнің басында айтқанымдай, абыржып, үрейге бой алдыруға болмайды. Біз бұдан да өтеміз. Асқақ рухтың жеңбейтін қиындығы жоқ.
Тек қана, бұл індеттің жасы ұлғайған қарт адамдарға ауыр тиетінін ұмытпауымыз керек. Қуаты қайтып, иммунитеті төмендеген қариялар жеңе алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, әр үйдегі қарт әке-шешелеріңізге қамқорлық танытыңыздар. Соларды сақтаңыздар! Өздерің де сақтаныңдар! Барынша оқшауланып, көпшілік шоғырланған жерлерге баруды азайтып, ойын-тойға тыйым жасау керек. Сонда ғана мұның салдары анау айтқандай аса қауіпті болуы мүмкін емес. Менің болжамым – осы.
– Соңғы уақытта халықтың Үкімет бекіткен емдеу хаттамасына көңілі толмайтын жағдайлар жиілеп барады. Әлеуметтік желіде ақ халатты әріптестеріңізге айтылған сын көп. Бұрынғы министр, білікті маман ретіндегі пікіріңіз…
– Емдеу хаттамасы жайдан-жай жасала салмайды. Әлемдік тәжірибе жетістіктері негізінде, әр мемлекеттің медициналық мүмкіндігі, ғылыми жетістігі, әр ұлттың иммундік қабілеті, тіпті, әр науқастың жас ерекшелігі ескерілуі қажет. Әрбір емдеуші дәрігер дәл осы кеселдің алдында қалай жауапты болса, Алланың алдында да солай жауапты. Өйткені, оның білім-білігіне адам өмірі – тәуелді. Әрине, нақты емі табылмаған дерт болғандықтан, біздің отандық медицина күрделі кезеңге тап болып отыр. Тығырыққа тірелетін де жағдайлар орын алуы мүмкін. Сондықтан, емдеу хаттамасы әшейін бір жиналыстың хаттамасы емес екендігіне басты назар аударып, ол өте сауатты жасалу керек. Тағы бір ескерілетін мәселе – сынама. Халықтың шағымында көптеген адамдарға сынама жасалып жатқаны жиі айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасатынын мен білмеймін. Сынама адамға емес, әуелі дәріге жасалуы керек. Түптеп келгенде, қателескен дәрігер заң алдында да, Алла алдында да жазасын тартатыны белгілі.
– Ендігі сұрақ – дәрігер-ғалымға емес, мемлекет қайраткеріне жолданатын сауал. Біз осы індетке саяси астар беріп, салдарын ушықтырып алған жоқпыз ба?
– Дұрыс айтасың, осы бір ұрымтал сәтті пайдаланып, саяси ұпай түгендеуге ұмтылып жатқан топтардың әрекеті айқын аңғарылып тұр. Жаңа ғана айтқан емдеу хаттамасына деген халық наразылығы да осындай топтардың ықпалы арқылы туындауы әбден мүмкін. Орынсыз сын айтып, билікті даттайтын уақыт дәл қазіргі күрделі һәм сындарлы сәттің күн тәртібіне шығатын мәселе емес. Керісінше, біз биліктің жанталаса жасап жатқан жұмысына қолдау көрсетуге тиіспіз. Бізде ол жоқ. «Биліктің анасы дұрыс емес, мынасы қате, біздің билік адам факторын құндыздандырып жіберді» деген қыңыр пікір қаулап кетті. Мұның барлығы – арандату. Осыған тыйым жасау керек! Егер, осы келеңсіздік ауыздықталмаса, індеттің салдары ушыға береді. Тіпті, ел басындағы ауыр күндердің әр сәтінен саяси астар іздей беретін болсақ, бұл індетті ұлттық нәубетке айналдырып аламыз ба деген қауіп те жоқ емес. Осы мәселеге абай болған жөн. Ең бастысы – сабыр!
– Бүкпесіз әңгіме, оқшау ойыңыз үшін көп рахмет! Ауырмаңыз!
Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.