ТУРИЗМ тұралап, ТОЙХАНА табыссыз қалғанмен…

Індет кесірінен әлемде «екі қолға бір күрек таппай» жүргендердің қатары күн санап артып барады. Коронавирус пандемиясы басталғалы экономикасы қуатты деген компаниялардың өзі банкротқа ұшырап, қызметкерлерін қысқарта бастады. Әсіресе, туризм, қызмет көрсету саласы қатты зардап шекті.

 

Тығырықтан шығудың жолын іздеген еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері тамызда Мемлекет басшысына үндеу жариялап, карантин кезіндегі жеңілдік бәріне бірдей жетпегенін айтып көмек сұрады. Егер ол ұсыныс қабыл болмаса, жыл соңына дейін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны күрт кемитінін жеткізді. Президент өз Жолдауында 700 мыңнан астам кәсіпкерге коронадағдарыс салдарын еңсеруге салық жеңілдігі берілгенін, алайда, жағдайдың әлі де күрделі екенін мәлімдеді.

Зардап шеккендердің бірі – туризм саласы. Қазіргі жағдайды «тарихтағы ең қиын дағдарыс» деп атаған Халықаралық туризм ұйымының есебінше, биыл туристер саны былтырғы көрсеткіштен 60-80 пайызға кеміп кеткен. Яғни, шетелді көруге асыққан саяхатшылар саны 22 пайызға азайған. Аталмыш ұйымның болжамынша, биыл туризм нарығы 910 миллиардтан 1,2 триллион доллар аралығында шығынға батады. 100-120 миллион адам жұмыс орнынан айырылуы мүмкін.

Ал, онсызда екі аяғын тең баса алмай шайқалақтап тұрған қазақстандағы туризм әбден титықтап, тұралап қалды. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ішкі туризм өткен жылмен салыстырғанда 70-80%-ға азайды деп отыр. 2019 жылы туристік компаниялар мен демалыс аймақтары ұсынатын қызметтер көлемі шамамен 300 миллиард теңгені (шамамен 730 млн. АҚШ доллары) құраған болса, қызметтердің басым бөлігі жазғы маусымда екенін ескерсек, Қазақстанның туристік индустриясы күніне шамамен 1 млрд. теңгені жоғалтады. Әсіресе, қонақ үй қожайындары қиын жағдайға душар болды. Елдегі қонақ үйлер қауымдастығы дерегінше, биыл олардың табысы 50 пайызға азайған.

Сонымен қатар елімізде пандемия салдарынан есігіне құлып салынған 92 кинотеатр мен 350 кинозал 15 миллиард теңге шығынға ұшыраса, осы салада нәпақасын тауып жүрген 6 мыңнан астам адам жұмыссыздар қатарын толықтырды. Кинотеатр иелері қауымдастығының президенті Мунира ЯГУДИНА: «Біз барлық құзырлы органға хат жолдап, мәселені көтердік. Бірақ еш нәтиже жоқ. Онсыз да шығыны көп сала еді. Қазіргі жағдайымыз тым мүшкіл. Бізді еститін жан бар ма? Театрлар ашылып жатыр ғой. Індет жұқтыру қаупі бар дейді. Бірақ, ұшақпен емін-еркін ұшып жатқандарды қайтеміз?! Алгоритмге сай кинозалды 30 пайызға ғана толтыру керек екен. Мысалы, 600 орындық кинозалға 50 адам жинап алу қисынсыз. Одан кейін кино – «тез бұзылатын тауар». Жаңа туындыларды экранға шығарып, прокатқа ұсынуымыз қажет» деп дабыл қақты.

Сонымен қатар, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен кемі 200-300 қонақ қабылдайтын тойханалар да табысынан айырылды. Той негізінен маусым мен қазан аралығында өтетінін ескерсек осы салада жүргендер карантин кезінде бірнеше миллион теңге шығынға батты. Бүгінгі күні мейрамханаларда 50 орынға рұқсат берілгенімен, тығылып той-думанды 150-200 адам шақырып өткізіп жатқандар да бар. Ал, мұндай қулыққа бармаған кәсіпкерлер табыс көзі болып тұрған ғимараттарды сатуға немесе жалға беруге мәжбүр. Бүгінде құны миллиондарға бағаланған тамақтану орындары, мейрамхана, бизнес орталық пен тойхана сатылады деген жарнама арнайы сайттарда толып тұр. Жеке кәсіпкерлер де өз табыстарынан айырылды. Мысалы, Қарағанды қаласындағы автовокзалда сауда орны болған Гүлсая ҚАЖКЕН: «Мен бұл жердегі сауда нүктесін біраз жылдан бері жалға алып жұмыс істеп келдім. Табысым да жақсы болатын. Карантин басталды да наурыздан бастап жабылып қалдық. Жақында автовокзал әкімшілігі хабарласып, жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты дүңгіршекті алып тастағандарын айтты. Бірақ, ғимарат ішінен басқа орын береміз деді. Соны күтіп жүрмін» дейді. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте бергеніміз де болмас, Қазақстан Үкіметі де қарап жатпады. Қолдан келгенше көмек берді. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам адам 42 500 теңгеден алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.