КоронавирусОблыс әкіміРесми

Алаңдауға негіз жоқ, арандауға да болмайды

Облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берген аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК ауруханалардағы орын саны жеткілікті екенін нақтылады. Қазірдің өзінде ауырғандар – 5336, жазылғандар – 1634, ал, қайтыс болғандар саны – 38. Тұрғындардың 70%-ы ауруды жеңіл өткізуде. Соған қарамастан, жұқтыру жағдайы жоғары Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында инфекциялық ауруханалардағы төсек саны көбейтілетін болады.

«ОБЛЫСТА ОРЫН САНЫ – ЖЕТКІЛІКТІ»

Жеңіс Махмұдұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және күшейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Мәдени – бұқаралық, спорттық іс шараларды өткізу және бюджеттік инвестициялық жобалардың мерзімін ауыстыру арқылы оларға жұмсалатын шығындарды қысқарту есебінен денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі артқан. Одан бөлек, «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қорына 430 милионнан астам қаржы жиналған. Бірінші кезекте провизорлық және жұқпалы ауруларды емдейтін госпитальдар мен бөлімшелер қажетті медициналық құралдармен жабдықталады. Күз және қыс маусымына дайындық та қатар жүргізілуде.

– Осы күндері біз карантиндік, провизорлық және инфекциялық госпитальдардың санын 4200 орынға дейін көбейттік. Қарағандыда – 1140, Жезқазған мен Сәтбаевта – 180, Теміртауда – 190, Балқашта – 50 орын бар. Облыста қуаты 1670 төсектік 14 пульмоновизорлық нысан жұмыс істесе оның 720-ы – Қарағандыда, 120-ы – Теміртауда, 350-і – Жезқазған мен Сәтбаевта, 180-і – Балқашта. Одан бөлек, 737 карантиндік орын бар, – дейді Жеңіс Махмұдұлы.

Облыс басшысының айтуынша, ауруханалардағы орын саны жеткілікті. Ал, жұқпалы аурулар бөлімдеріндегі жүктеме – 81%, провизорлардағы жүктеме – 79%. Қарағандыда жұқпалы аурулар стационарларындағы 1264 төсектің 141-і, провизорлық госпитальдардағы 720 төсектің, 118-і бос тұр. Соған қарамастан, орын санын арттыру жалғаса береді.

Мәселен, Ерубаев көшесі, 41 үйде 350 орынға арналған провизорлық госпиталь жақын арада ашылады. Бұл жерде компьютерлік томография орнатылған, тыныс алу жеткіліксіздігі байқалған науқастарды емдеуге қажетті заманауи медициналық газ беру жүйесі де бар. Одан бөлек, апта соңына дейін Жезқазғанда да 1350 төсектік провизорлық стационар, 250 төсектік инфекциялық госпиталь ашылады. Теміртауда өткен аптада ғана осындай аурухана науқастарды қабылдауын бастаса, Балхашта да 100 орындық пульмопровизорлық 100 стационар қызметіне кіріседі.

– Соңғы аптада облыста 47 өкпені жасанды желдету аппараты, 160 оттегі концентраты алынды. Олардың әрқайсысы екі пациентке және 146 пульсоксиметрге арналған. Қосымша 80 аппарат, 1200 оттегі концентраторы, 500 пульсоксиметр, 16 цифрлық рентген аппараты, медициналық газбен қамтамасыз ететін 3 жүйе сатып алынады, – дейді Жеңіс Қасымбек.

Полимеразды тізбекті реакция зертханалары да облыста жеткілікті. Қарағанды және Жезқазғандағы осындай 3 зертхана тәулігіне 3000 зерттеу өткізуге қуатты. Апта соңына дейін – Теміртауда, тамызда Балқашта ашылады.

Облыстағы 16 компьютерлік томография кабинеттері осы аптада тағы біреуімен толығады. Ал, шілдеде Шахтинск қаласында орнатылады. Сәтін салса, қазанға дейін 21 компоютерлік томография кабинеттері іске қосылмақ.

АЛЫПСАТАРЛАР АУЫЗДЫҚТАЛАДЫ

Жақын арада бөлшек дәріхана желілеріне дәрі-дәрмек үлкен партиялармен жеткізіле бастайды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қоймаларға «Ингавириннің» 10 мың бумасы, «Азитромицин» мен «Цефтриаксон» 15 мың бумасы келіп түскенін, одан бөлек, «Арпефлюдің» түсуі күтілуде дейді. Тіпті, 190 мың «Парацетамол» да жеткізілетінін айту керек.

– Маусымның соңғы күндері тұрғындар дәріхана желілерінен ыстық түсіретін, вирусқа қарсы препараттар, антибиотиктердің бірқатар түрлерін жаппай сатып ала бастады. Соған қарамастан, дәрі жеткізу тоқталмағанын айту керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бірақ, алыпсатарлыққа жол жоқ екенін қадап айтты аймақ басшысы. «Індет кезінде пайда табамын деушілік, біреудің өмірінің құнымен пара-пар болуы мүмкін» деген ол алыпсатарларға қолданылар жазаның да қатаң болатынын ескертті.

– Біз дәріханаларда дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдарының бар-жоғын анықтайтын мониторингтік топтар құрдық. Егер дәрі-дәрмектерді дәріханадан тыс қайта сату фактілері белгілі болса, полицияға, облыстық әкімдікке немесе экономикалық тергеу департаментіне жүгіне аласыз, – деген Жеңіс Қасымбек дәріханаларға дәрі жеткізу тұрақты бақылауда екенін де айтты.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТКІЛІКТІ, БИЗНЕС ТЕ ТОҚЫРАМАЙДЫ

Облыстың азық-түлік қоймаларында және тұрақтандыру қорында 57 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар. Жеткізуде де іркіліс жоқ. Жақында картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, күріш, қарақұмық және өсімдік майының ірі партиялары түседі. Бұл – облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің брифингте айтқан мәліметі. Демек, карантин кезінде мазасыздануға себеп те жоқ.

– Азық-түлікке деген сұраныс үш есеге артса да, қолдағы қор өңір тұрғындарын толық қамтамасыз етуге жетеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы да – бақылауда, – дейді ол.

Індет бизнестің де өркенін өсірмей, өкпеден қысқанын білеміз. Осы орайда, облыста жағдайды тұрақтандыру және дағдарыстан шығуға бағытталған шаралар да қарастырылған. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 31,4 миллиард теңге сомасына 830 бизнес-жобаға қолдау көрсетілген. 8 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2 500 жоба да жоспарда. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы шаралар аясында бизнес-үдерістерді тұрақтандыру үшін 30 мыңнан астам нысанның салық берешектері, екінші деңгейлі банктердегі кредиттері, жалдау ақысы және коммуналдық төлемдер кейінге қалдырылған.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 16 мың жұмыс орнын ашу үшін 63,7 млрд теңге қарастырылған. Негізінен бұл әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды жөндеуге байланысты жұмыстар. Облыс кәсіпкерлерімен 620 шарт жасалды. Ал, инфрақұрылымдық жобаларда 10,5 мың жұмыс орны ашылса, 5,2 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасты, – деді Жеңіс Қасымбек.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button