Жезқала: КЕРБЕЗ КЕҢГІР ЖАҒАСЫНДА

Бұрынғысын білмеймін, жаңадан құрылған облыстың орталығы болған жылы қаланың бастапқы бас жоспары жасалғаны белгілі. Жиырма жылдан кейін оған түзету енгізілді. Ал, жаңа ғасырдың табалдырығын аттағанда ол өз күшін жойды. Бірақ, бас жоспарды қайта жасау тым созылып кетті. Облыстық мәслихаттың шешімімен тек 2015 жылғы 11 желтоқсанда «Казгипроград» жобалау институты жасаған қаланың бас құжаты бекітілді. 2035 жылға дейінгі мерзімді қамтитын оны шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Себебі, көп нәрсе материалды-техникалық жабдықтау мен қаржыландыруға қатысты. — Қаланы дамытудың негізгі аумағы айқындалған бас жоспардың басты мақсаты — тұрғындардың тұрмысына қауіпсіз, жайлы, қолайлы орта қалыптастыру. Шырайлы шаһар бос жатқан батыс беткейдің солтүстігіне қарай кереге кеңейтеді. «Кеңгір» және «Оңтүстік» алаңында өндіріс өркендейді: бастапқысы барынша игерілген, кезек — кейінгісінде. Қала біртұтас болуы үшін бас жоспарда оның бұрынғы бөлігі мен жобаланған жағын көңілге қонымды етіп ұштастыру қарастырылған. Жобаланған және қазіргі тұрғын ауданды Алашахан даңғылы байланыстырады. Магистралдық көшелер одан әрі дамиды. Транзиттік қозғалысты, бірінші кезекте жүк көлігін, бұру үшін айналма жол салу көзделген, — дейді, қаланың бас сәулетшісі Махмуд Смайлов.

БЕТБҰРЫС – БАСПАНА

Кейінгі кезде қалада құрылыстың кенжелеп қалғаны рас. Жаңа ғасырдың бастапқы үш бесжылдығында көңілдегідей кереге жая алмады. Әсіресе, тұрғын үй салу тығырыққа тірелді. Соңғы үш-төрт жылда серпіліс байқалады. Былтыр 2018 жылмен салыстырғанда құрылыс-монтаж жұмысы екі есе артық атқарылды.

Өңірді дамытудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырудың барлық көзі есебінен 17 607 шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – жылдық жоспардан 1%, 2018 жылғыдан 2,2% артық. Ал, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 948 миллион теңгеге қаланың батыс аймағындағы жекеменшік және көпқабатты тұрғын үйге су-жылу және электр қуатымен жабдықтау, канализация мен байланыс желісі тартылды.

– Құрылыс индустриясын дамытуға, қолжетімді несиелік тұрғын үй кешенін салуға, баспана салуға телім бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге, жалпы жекеменшік тұрғын үй салуға ынталандыру мүмкіндігін қарастыруға баса назар аударылуда. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Шевченко көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйде – 18, Есенберлин көшесіндегі бес қабатты үйде 30 отбасы қоныс тойын жасады. Құрылысы былтыр басталған Алашахан даңғылындағы 50 пәтерлік, Деев көшесіндегі 30 пәтерлік көп қабатты екі тұрғын үй үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында пайдалануға берілді, – дейді, қала басшысы Қайрат Бегімов.

Биыл 20 мың шаршы метр тұрғын үйді қатарға қосу көзделген. Бес айдың жоспары 1,5 есе асыра орындалды. Алашахан даңғылындағы іргетасы былтыр қаланып, қабырғасы көтерілген 60 пәтерлік бес қабатты несиелік тұрғын үй тамызда пайдалануға беріледі. Оның құрылысымен мысты шаһарда талай нысанды ел игілігіне айналдыруға елеулі үлес қосқан Е.Молдашовтың «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігі айналысуда.

Қазір «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағы төрт тұрғын үйдің (екеуі жалға беріледі –120 пәтер, екеуі несиеге рәсімделеді – 78 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның біреуі келесі жылы пайдалануға беріледі. Ал, бас мердігер «Самға» ЖШС қалған үшеуін: Алашахан даңғылындағы бес қабатты 60 және 30 пәтерлік, Байқоңыров көшесіндегі үш қабатты 18 пәтерлік тұрғын үйді биыл желтоқсанда қатарға қоспақшы.

БАҒЫТ — «БАТЫС»

– Бас жоспарда жаңадан жобаланған тұрғын аумақты батыс бағытында бос жатқан аймаққа орналастыру қарастырылған. Онда, негізінен үйжай, су қоймасын бойлай бой көтеретін ықшамауданда көпқабатты тұрғын үй тұрғызылады. Ол оңтүстігінде – «Бекбұлақсай» шығанағымен, солтүстігінде – болашақ қала орталығымен, батысында – Алашахан даңғылының жалғасымен, шығысында кербез Кеңгірдің жасыл желекті жағалауымен шектеседі, – дейді бас сәулетші.

Жаңа тұрғын аймақтың архитектурасы мейлінше тұрмысқа қолайлы микроклимат қалыптастыратын жасыл желек және су кеңістігімен табиғи тоқайласқан. Бас жобада оның солтүстігі мен оңтүстігін жалғастырып жатқан желекжолға басымдық берілген. Тұрғын аймаққа архитектуралық әдемі әсер мен сәнді салтанат беру үшін Алашахан даңғылының батыс беткейіне екі зәулім нысан салынады. Жағалаудағы аралық аймақтың солтүстік-шығысына ірі спорт орталығы, оңтүстік-шығысына саябақ орналасады.

Қазір жобада қарастырылған аумақ негізінен бос жатқанмен, бой көтерген бірнеше нысан да бар. Соның сүйектісі – «Самсунг» медициналық орталығы мен оның оңтүстігіне орналасқан өрт сөндіру депосы. Көпбейінді орталық аурухана мен Қарттар үйі де шектесіп жатыр. Кейінгісінің батысына қарай, Иманжанов пен Марғұлан көшесінің қиылысында жекеменшік коттедждердің шағын орамы орналасқан. Иманжанов көшесіндегі орталық аурухананың қарсы бетінде қасқайып еңселі «Тұран» мейрамханасы тұр.

Кейінгі кезде бас жоспарға сәйкес бірқатар нысанға жер бөлінді. Медициналық орталықтың солтүстігінен өрт сөндіру және апаттыққұтқару жұмысы қызметі мекемесі мен халыққа қызмет көрсету орталығы салынады. Ал, медициналық орталық пен өрт сөндіру депосының ортасынан «Ғарышэкология» зертханасы орын тебеді. Өрт сөндіру депосының оңтүстігінен – тойханалар, жанар-жағармай стансасы мен Абылайхан ескерткішінің аралығынан мәдени-сауық орталығы бой көтереді. Жаңа емхана құрылысы да бас жобада қарастырылған.

Есеп бойынша бұл тұрғын аймақта 11 мың адам тұратын болады. Соған сәйкес, әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы бірқатар нысан ел игілігіне айналады. Ұзын-ырғасы 573 орындық 4 балабақша, жалпы сыйымдылығы 1796 оқушыға арналған екі мектеп салынады.

БАҒДАР – БІРЕГЕЙЛІК

Бүгінде Жезқазғанның бұрынғы бөлігінде құрылыс салатын жер жоқ. Бірақ, бұл – бұдан былай барлық назар батыс бөлігіне аударылып, ескісі ескерусіз қалады, деген сөз емес. Бас жоспарда қалаға ортақ мәселені бірегейлікпен шешу жағы қарастырылған. Қала аумағын абаттандыру мен көркейту кешенді түрде қолға алынады. Кеңгір су қоймасын жағалай жаппай көгалдандыру көзделген.

Тұрғындарды көптен мазалап келе жатқан сапалы ауызсу және жылумен жүйелі жабдықтау мәселесі орайлы шешімін табады. Қожамсейіт және Есқұла жерасты су көзін тұрғындар еркін тұтынатын сәт те алыс емес. Жаңа жылу-электр орталығы салынады. Тозығы жеткен жылу құбырын кезең-кезеңмен жаңарту жұмысы басталып та кетті.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл бірқатар шаруаның басы қайтарылып жатқанын бұрын да жаздық. Соның ішінде Сәтбаев, Балқаш, Холмецкий көшесі мен Бейбітшілік даңғылы бойындағы елу шақты көпқабатты тұрғын үйдің архитектуралық ажарын ашатындай әрлеусырлау, қасбетін қалыпқа келтіру жұмысы жүргізіледі.

Кейбір көнерген ғимаратқа заманауи бет-бейне беру үшін жаңарту-жаңғыртуға сонда бизнесін дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкердің күшін жұмылдыру жолға қойылған. «Шаруа» базары, «Астана» және «Бомонд» сауда орталығы, «БөбекЖез» дүкені осылай жаңарып қалды. Қала орталығындағы «Тұрсынай ана» дүкені мен «Мерей», «АвтоӘлем» базарын қайта құрылымдау мақсатында иелері эскиздік жобасын жасауда.

Металлургтер мекенінің маңайында бірнеше ауылдық окург бар. Оларды өркендету қам-қарекеті де қарастырылған. Мәселен, кейінгі екі жылда үш ауылдың бас жоспары жасалды. Онда тұрғын үймен қатар, әлеуметтіктұрмыстық нысан салынатын жер телімі егжей-тегжейлі екшелген. Қос қаланың ортасындағы «Кеңгірде» салынатын жекеменшік 100 үйге қажетті инфрақұрылымның жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Қазір Теректі мен Қорғанбайдың бас жоспары жасалуда.

P.S. Жоғарыда қаланың бұрынғы бөлігінде құрылыс салатын жер қалмағанын айттық. Кезінде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабаты мен кейбір жертөлеге жаппай коммерциялық нысан ашылғаны белгілі. Енді тұрғын үй ғимараттарының құрылыс нормасы мен ережесіне сәйкес оған тиым салынған.

Бұдан былай құрылысқа жер бөлгенде қаланың бас жоспары негізге алынады. Ұзақ мерзімге жалға берілген жерді мемлекетке қайтару бағытында жұмыс жүргізілуде. Мәселен, гуманитарлық колледж төңірегінен жер телімі заңға қайшы берілген деп танылып, жеке кәсіпкер салып жатқан дүкеннің құрылысы биыл мамырда тоқтатылды.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерде: Қаланың бас сәулетшісі Махмуд СМАЙЛОВ.

Жезқазғанның бас жоспары.

Әлібек ӘБДІРАШ.