Тұлға

Әке аманаты

Әр адам өз заманының перзенті болғандықтан сол заманда өмір сүреді, сол заманның заңдылықтары­на бағынады. Әкем Серік Сымақұлы дүниеге 1922 жылы келген. Ашаршылық жылдары анасы Әлиманнан, бауырларынан ерте айырылып, әкесімен кейінгі анасы Русә апамен сол кездегі өмірдің ащы-тұшысын бастан кешіп ер жетеді. Қиын жылдары ер жетіп өзінің өмірлік жары Күлямилә анамызбен бас қосып отбасы құрады. Сымақ атамыздың туған бауыры Ысқақтың жалғыз ұлы Балтабай ағамыз соғысқа кетіп із-түссіз хабарсыз жоғалып кеткен.  Соғыстан кейінгі күрделі де қиын жылдары анамыз екі ата, екі ененің қолына түскен жас келін бәрінің бабын тауып, бүкіл ауылға Күләжан атанып, Ағыбай бабамыздың немересі Өскенбек әкеміздің батасын алған адам.

Әкей соғыс жылдары Балқаш қаласында фрезеровщик мамандығымен заводта жұмыс істеп, соғыстан кейін Семейдегі финанс қаржы орта оқу мекемесін бітіріп, 25 жасқа толар толмастан сол кездегі Қарағанды облысының қазіргі Бұқар жырау ауданына председатель райисполкома болып тағайындалды. Біз Осакаровкаға көштік. Атам мен Русә апам бізбен бірге, Ысқақ атам Айкүл апамызбен ауылда қалды. Соғыстан кейінгі шаруашылықты орнына қайта келтіріп әрі дамыту кезеңі жалпы халқымызға оңай түскен жоқ. Сол кезде ел басқарған азаматтардың өз еңбектеріне деген көзқарасы, жауапкершілігі ерекше еді. Жақсы еңбегі үшін әкемізге сол заманның ең жоғары дәрежесінің бірі – Алматы жоғары партиялық мектебіне жолдама берген еді. Бірақ, оқуға аттанайын деп отырғанда оқыс бір жағдай болып, өміріміз күрт өзгеріске ұшырады. Осакаровка аудандық сот төрағасы Зәкір Жусупов деген азаматты облыстық басшылар дереу Қарағандыға шақыртып, «ана Серік Исмаков атышулы орыстарға қарсы күрескен Кенесарының қолбасшысы Ағыбай батырдың тұқымы екен. Біз оны Партшколаға жібере жаздадық. Ертең бәріміз барып оны тұтқындап Қарағанды НКВД-сына жеткізуіміз керек» – дегенді естіп, түн ішінде өз атшысына: «Тез Осакаровкаға барып, Серікке хабар бер – түнде жоқ болсын», – деп жұмсайды. Содан түнде үстіміздегі киім-кешегімізбен ғана қашып шықтық. Атам, Русә апам, әкем, анам, өзіме тетелес сіңлім Зейнет, және жасқа толмаған бауырым – Мұстафа. Біраз айдалада жүріп өзіміздің 4-ші ауылымызға келіп атамның қыстағында біраз болып, жаз жайлауға шықтық. Сөйтіп жүргенде әкемізді Балқаш қаласының горкомына шақыртты, бұл кез Сталиннің қайтыс болып, кешірілім жасала бастаған кезі. Содан әкеміз Жаңаарқаға партиялық жолдама алып, аудандық қаржы бөлімінің бастығы болып тағайындалып, Жаңаарқаға көштік. Зәкір әкеміздің сол жағдайда досына хабар беріп, өз басын, қызметін тәуекелге тіккені досқа деген жанашырлығына, кісілік адалдығына, батырлығына, азаматтығына әлі күнге дейін бас иемін.

Кейін Зәкеңмен тағдыр тағы да бір түйістірді. Әкемізді Жаңаарқаның Ленин колхозына басқармалыққа тағайындап, ауылда орыс мектебі болмағандықтан, мені 5 класта Зәкеңдікіне жатқызып оқытты. Жап-жас балаға жақындарынан бөлек тұрған қандай қиямет?! Зәкең жұмыстан келгеннен кейін: «Бікіш, (атамның мені еркелете атайтын атымен), кел, папаңмен сөйлесеміз», – деп шақырып, телефонмен әкемді жалғап беруші еді. Тамақтанғанда өзінің қасына мені отырғызып, содан кейін өз балаларын отырғызуды әдет қылған. Кәзіргі заманымызда қарт әке-анасын ауырсынып қарттар үйіне тапсырып жатқанын естіп-көргенде, сол заманның кісілерінің пейіліне, кеңдігіне, адамгершілігіне таң қаласың. Ол заманның азаматтарында бір ірілік бар еді ғой!

Жаз басталса әкем демалыс алып, бәрімізді үлкен қария әкелеріміздің жайлауы Тайатқан – Шұнаққа алып баратын. Ересек мені ертіп бүкіл ауыл ақсақалына сәлем беріп шығамыз, міндетті түрде Өскенбек көкемізден бастайды. Сол әдет бойынша, мен кәзір де сол ақсақалдардың ұрпағымен жақынырақпын. Кейінірек әртүрлі себептермен Өскеңнің баласы Тарғын әкеміз Жамбыл руднигіне көшіп бір келеңсіз жағдайға ұшырап, әкеме хабар бергенде, біз өре түрегеліп, сол жағдайға араласамыз дегенде, әкем ағайынның татулығын сақтау үшін бізді тоқтатып еді. Ол кезде түсінбегенмен, кейін ойланып қарасақ – қандай ақыл болған! Уақыт өткен сайын кейбіреулер Жаман әкеме (біз Тарғын әкемізді осылай атаушы едік) бәрін ұмытып, бізден де жақынырақ болғысы келіп жарнамалап жүргендей. Азаматтарымыздың ұсақталып кеткені ме?!

Әкем қаржы маманы болды, өмір бойы ауылшаруашылығында жұмыс атқарды. Әкемнің аңшылығы да ерекше еді. Қол тигенде аңға шығып кететін. Әкем көп оқитын, содан болар, біздің үйдің балалары бәрі кітап оқығанды жақсы көреді. Осы уақытқа дейін бір таңғаларлық жағдай – ол кісі көп қиссаларды жатқа білуші еді: жасымда ауыл ақсақалдарына қиссаларды жиі оқығаннан есімде қалған ғой деуші еді. 6-класта оқып жүрген кезім. Пушкиннің «Дубровскийін» оқып отырғанымды байқап, жаңағы повесті қазақша әдемі поэзия тілімен жатқа айтып берді. Таң қалдым. Бұл шығарманы Шәкәрім деген қазақтың ақыны аударғанын айтты, әлі күнге дейін әкемнің жан-жақтылығына таң қаламын. Қандай тәрбие! Сол күні әкем мені аудандық балалар кітапханасына алып келіп, жаздырды. Өмірімдегі бірінші кітабым К.Чуковскийдің «Мойдодыры» болды. Сол кездегі адамдар ешқандай академия бітірмей, педагогика ғылымын білмей өздері қазақ халқының санасындағы ұлттық педагогика әдіс-тәсілдерімен-ақ бала тәрбиелеуде жетілген халық еді ғой. Әкемнің замандастарының әрқайсысы Ұлы Дала Академигі деген атаққа лайық қой деп ойлаймын, өйткені сол кезде қазіргі заманымыздағы көптеген келеңсіз жағдайлар болмаушы еді ғой. Соның бәрі, әрине, тәрбиеден.

1980 жылдары жолдасымның қызметі ауысып, Жезқазған қаласына көшерде әкем: «Сол қалада Зәкір әкеңнің үйіндегі шешең Қаншайымды тауып ал», – деп, шығарып салып еді. 30 жылдай Жезқазғанда тұрғанда Қаншайым шешемізбен Зәкір әкеміздің балаларымен тығыз туысқандық қарым-қатынаста болғанымыз, әкелер достығын жалғастырып, Қаншайым анамыздың батасына бөленген едік. Зәкеңнің жалғыз ұлы Мәулетті, қызы Розаны, анамыз Қаншайымды соңғы сапарға аттандырғаннан кейін де Зәкеңнің балаларымен туысқандық қарым-қатынас үзілген жоқ.

Негізі, әкемнің достары көп еді. Орта мектепті бітіргеннен кейін әкем мені Алматы қаласына өзі алып барды. Мәжит Сейфуллин ағай өзі тосып алып, үлкен сый-құрмет көрсетті. Әкемнің ондай сыйға лайық болатыны әбден орынды еді. Совет дәуірінде колхоздарды біріктіріп, совхоздар ұйымдастырған кезде Жаңаарқаның Алғабас, Киров; Ынтымақ колхоздарын біріктіріп, бір совхоз ашатын болды, оған Ынтымақ атын берді, әкемді директор қылып тағайындады. Сол кезде әкем Алматыға бірнеше рет барып совхозға Сәкен Сейфуллин атын алып берді. 1964 жылдың жазында Иманақ тауының саумал төсінде ақ киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық киімін киген көптеген қыз-келіншектер тойға келген қонақтарға қызмет көрсетті. Осының бәрін көргенде қызықпаған адам қалмады. Бұл Сәкен Сейфуллиннің ауылында ұлы ақын-жерлесіміздің 70 жылдығын, ауылымызға Сәкеннің атын берген тойын өткізуге халықтың дайындаған салтанаты еді. Ол тойға Сәкеннің жары Гүлбаһрам апай, бауыры Мәжит Сейфуллин, Захар Катченко бастаған жолдастары, жазушы Сәбит Мұқанов бастаған республикамыздың біраз зиялы қауым өкілдері келіп қарт Иманақ тауының баурайында бірнеше күн дүркіреген той болды. Республикаға аты белгілі әншілердің концерттері, естен кетпес қызықты да мағыналы кездесулер, ауылдың өнерлі азаматтарының әуелетіп салған әндері, күмбірлеген домбыра үні т.б. көптеген мерекелік шаралар жастарға қаншама тәрбие беріп, жалпы халықтың рухын көтеріп тастады.

Кейін Алматыда оқып жүргенде әкем мені Гүлбаһрам Сейфуллина апайдыкіне, Сәбит Мұқановтың, Мәжит ағайдың үйлеріне бірнеше рет алып барғаны есімде.

Әкем жолдастары айтқандай құралайды көзге ататын мерген-аңшы болғандықтан орыс жазушысы Пришвиннің шығармаларын сүйсініп оқитын. Алматыда Максим Дмитриевич Зверев деген натуралист-жазушы досы болды. Іс-сапармен Алматыға келсе Максим Дмитриевичпен, Сатыбай Хасенов (ол кісі Жаңаарқада көп жылдар бойы теміржол торабын басқарған, сері, аңшы) деген достарымен кездеспей кетпейтін. Сондағысы – көптеген қызықты оқиғаларды айтып мәре-сәре болып, бір рахаттанып қалушы еді. Осы екі досы менің Алматыдағы жанашырларым болды, кейде сенбі күні мені жатақханадан алып кетіп, үйлеріне апарып тамақтандыратын, деканаттан звондап сабақ үлгерімімді де қадағалайтын.

Өзім 50 жылдан аса ұстаз болып қызмет етіп келемін, орыс тілі, әдебиеті маманымын. Әкемнің ағасы Бидаулет Өскенбеков, Жаңаарқа өңіріне өте сыйлы, парасатты ұстаз еді. Сол кездің өзінде жарты ғасыр кейін шыққан Шаталовтың әдісімен астрономия, география пәндерін мектепте оқытып, қаншама жетімдерге пана болған, талай елімізге әйгілі зиялылардың ұстазы (Ақселеу Сейдімбек, Серік Қирабаев т.б.) еді. Мен мамандық таңдағанда: «Мына заманда орыс тілінсіз қиын болып кетті ғой, жаумен тайталасу үшін солардың да тілін білу керек, сен орыс филологиясына түсші»,- деп мені педагогика саласына бейімдеген сол әкем еді. Бұл сенімді де ақтағандаймын. Маған дұрыс бағыт беріп, болашаққа қызмет ететін мамандыққа жол бастап бергеніне алғысым зор. Өзім ол әкемді ұлы педагог деп санаймын.

50 жылдан астам уақыт ұстаз болсам да, мен әкеме, әкемнің замандастарына қызығудан шаршамаймын. Ол уақыттың адамдары білімге талпынысы күшті, болашаққа сенімі зор, рухы биік, еңбекке адал, жан-жақты жетілген, ары таза, мейірім-адамгершілігі мол, батыл да жомарт, ұлтжанды, намысшыл, парасатты ірі азаматтар екен. Қазіргі кезде сол заманның адамдарынан үйренеріміз әлі көп.

Әкем мен немерелерінің қарымқатынасы әр адамға үлгі боларлықтай жеке әңгіме. Жазда бәрін көлігіне отырғызып тауға алып барып, қарақат тергізіп, сарымсақ қаздырып, барып қайтқанша қаншама қызықты әңгімелер айтып жас жүректерін адалдыққа, бауырмалдыққа, рухани биіктікке, парасаттылыққа, адамгершілікке, мейірімділікке, туған жерге деген махаббатқа баулыған. «Үлкен папамның өз қолымен әрқайсымызға жасап берген бутербродынан мен әлі күнге дейін ешқандай дәмді тамақ жеп көрген жоқпын», – дейді бүгінде жасы 45-тен асқан, талай шет елді аралап шыққан Жандос деген немересі. Атасының қасында көбірек болған Ерқанаты қостілді болып қалыптасқаны да сол атасының еңбегі деп ойлаймын. Дос сыйлай білетіндігі, іскерлігі, мейірімділігі, аңшылығы, адаммен тіл табыса білетіндігі, бауырмалдығы, кеңпейілдігі, балажандығының да бастауы атасында деймін. Атасы оған көп үміт артушы еді, Аллаға шүкір, үмітін ақтағандай: көпбалалы отбасының иесі, заманына сай өзі таңдаған жұмысын атқарып, халқымызға қызмет етуде.

Биыл әкеміздің дүниеден озғанына да 20 жыл болып қалыпты. Асыл бейнесін жиі есіме алып: «өз өмірімдегі кемістік-жетістіктеріме әкем не дер еді, осым дұрыс болды ма, ол кісі ұнатар ма еді» – деп саралап толғанып отыратын болдым. Әрине, әр адам өз әкесін пір тұтады. Мен үшін әкем нағыз парасатты, биік тұлға. Асыл әке, артта қалған ұл-қыздарың, немере-шөберелерің өзің көрсеткен адал жолмен жүріп, аманатыңды орындап, атыңа кір келтірмей келе жатырмыз – бұдан артық сенің бізге деген еңбегіңді, әкелік мейіріміңді ақтар амал бар ма?!.

Бибісара ИСМАКОВА,

педагогика ғылымының докторы,

Қарағанды техникалық университетінің профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button