Баған

Ақыл-ойдың гимнастикасы

Ана жылдары поезбен алыс сапарға – Алматы, Шымкент, тіпті, мына тұрған Астанаға аттанарда өзіммен бірге шахмат тақтасын ала шығатын едім. Қарсылас табылса – жол қысқартуға жақсы, онымен танысасың, әңгіме– дүкен құрасың. Бірақ, шахмат ойнайтын адам таба алмай абдырадым. Үй-іші, балаларым келеке қылатын болған соң жолға тақта алып шығуды доғардым. Бұрын «миллиондардың ойыны», «ақыл-ойдың гимнастикасы» деп дәріптелген қасиетті өнердің осылай халық арасында ұмыт қалғаны ма деп налисың. Несіне қапаланасыз, кісі табылмаса ұялы телефонмен, немесе компьютермен де ойнай беруге болады емес пе дерсіз.

Иә, қазір ғылым мен техника жетістіктерінің арқасында ұялы телефонмен шахмат, дойбы, басқа да атыс-шабыс ойындарын ойнап, уақыт өткізуге болады. Жастар жағының шахмат ойнап жатқанын көргенім жоқ, марқұм редакторымыз Мағауия Сембай айтқандай «компьютербасты» жастардың уақытын зая кетіріп жатқаны шындық. Бірақ, тірі адаммен ойнағанға не жетсін?! Мен шахматпен мектеп жасынан әуестеніп келемін. Спорт шеберіне кандидат деген атағым бар. Сондықтан, әлі күнге дейін шахмат десе ішкен асымды жерге қоямын. Түрлі жарыстарға қатысып, спортық «бабымнан» айрылмауға тырысамын. Қарсыласың жақсы ойластырған тұзақ құрып, короліңе мат берсе, бетің қызарақтап, тапқырлығына тамсанып, қолын қысасың. Немесе қапы қалғаныңа өкініп, жер тепкілейсің. Ал өзің қиын жағдайдан сытылып шығып, ат үстінде аударыспақ жасасаң – мәз боласың. Ондайда жаңа ғана масайрап отырған досыңның аяқ астынан түрі өзгеріп, қуарып-сазарғанын сезесің. Шахмат – адам психологиясының да тартысы. Безбүйрек құлтемір ішінде не болып жатқанын сездіре ме?!

Міне, сондықтан шахматты біз өнер де, спорт та, қала берді ғылым да болып табылатын барша тақта үстіндегі ойындардың падишасы деп есептейміз. Жас та, жасамыс та ойнай алады. Ақсақалдардың да ермегі. Өзіндік стратегия мен тактикасы, теориясы мен практикасы қалыптасқан. Қаншама оқулық, әдістемелік құрал, маңдайалды шахматшылардың жинақтары том-том болып әлем халықтарының тілдерінде жарық көріп жатады. Және баршаға ортақ өз «тілі» де бар. Маған қытайша немесе сирек кездесетін әліпбимен жазылған шахмат кітабын әкеп беріңізші. Жазбай танып, жазылған ойынды өзіңізге қайталап берейін. Бұл шахматтың құдіреті!

Әрине, мен бұл жерде шахматтың бұқаралық спорт түрі ретінде бұрынғы қалпынан айрылып қалғанын сөз етіп отырмын. Әйтпесе, елімізде, қаламызда шахматпен кәсіби тұрғыда әуестенетін адамдар баршылық. Жетістіктері де жаман емес. Түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдар сарайында, «Мир» балалар мен жеткіншектер клубында, спорт шебері Бауыржан Қасымовтың шахмат академиясында, мектептер мен гимназиялардағы үйірмелерде ондаған жастар шеберлігін шыңдап жүр. Болашағынан мол үміт күттірер Тимур Кеңбейілов, Данияр Сәпенов, Әлімжан Аяпов, Санжар Смағұлов, Дәмірәлі Мағзұмов сынды қазақ жастары желкілдеп өсіп келеді. Олардың алғашқы екеуі жақында Сингапур мен Қазақстан құрамасы арасында онлайн форматында өткен тарихи матчқа қатысты.

Бір кезде шахматпен сусындаған, түрлі жарыстарда облыс, қала намысын қорғаған, құрамында Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Төлеу Ақашев, дәрігер Төлеген Оразбеков, кен инженері Сағади Үсенов, әскери қызметкер Білімхан Хауия, инженер-жобалаушы Есентай Сарсекеев, осы жолдардың авторы және тағы басқа білікті ойыншылардан тұратын зейнеткер шахматшылардың «Ардагер-2012» командасы өздері де қатардан қалмай, облыс көлемінде шахмат өнерін талмай насихаттап келеді. Олардың қатарына астанада тұрса да турнир болса салып ұрып жетіп келетін, кезінде «Доғалаң» совхозын, Қарағайлы кен-байыту комбинатының қосалқы шаруашылығын басқарған Марат Тезекбаев сынды азаматты да қосуға болады.

Коронавирус карантині шахмат қозғалысының дамуына біршама кері әсер етті. Дегенмен, адамзат баласы бұл жерде де тапқырлық танытты. Қазір қашықтықтан шахмат ойнау сияқты жарыс түрі пайда болып, кәрі-жас демей қатысатынды шығарды. Демек, көне шахмат өнері өлмейді! Сіздерді шахмат сияқты әсем де қиянкескі әлем шақырады! Үйреніңіздер, ойнаңыздар, қызықтаңыздар!

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
шахматтан спорт шеберіне кандидат.

Басқа материалдар

Back to top button