Пікірлер

Рух сыйлады

Елбасының «Абай аманаты» атты терең тебіреніске толы мақаласын жұмыс арасында оқып шықтым. Оны оқығанда санамда, тілімнің ұшында жүрген ой ұшқындары жаңғырып қоя берді.

Шындығында хакім Абай бір дәуірдің тарих қойнауына кетіп, жаңа заманның басталар тұсында туып, адамзаттың түпсіз терең ақыл-ойынан сусындап келіп, бар білімін қазаққа жаңаша түрлендіріп берді. Әр шығармасын өз халқының таным-түсінігі тұрғысынан бейімдеп, ыңғайлап жеткізді. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалады, қазақ өлеңін, ойлау жүйесін басқа арнаға бұрды.

Жастайымыздан оның классикалық үлгіде жазылған нәрлі жырларын жаттап өстік. Елбасы мақаласында «Әсіресе, өзім ақынның философиялық астарға толы «Ескендір» поэмасын қайта-қайта құмарта оқығаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовке түсінбеген жерлеріме қатысты тосын сұрақтар қойып, соңынан қалмайтынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді» деген екен.

Осыны оқып, өзімнің де оқушы кезім есіме түсті. Санамызға сәуле болып құйылған Абай өлеңдерінің рухы бәрімізді де алға сүйреп келе жатқан болар деген ой келді. Мақала осыны сезінуге көмектесті, бойыма рух сыйлады. Абай шығармаларына деген құштарлығым арта түсті.

Бауыржан ЕШЖАНОВ,

Жезқазған қаласының «Көпбейінді ауруханасы» КМК

қабылдау бөлімінің меңгерушісі,

дәрігер-хирург.

Басқа материалдар

Back to top button