Баған

Есімі – елдің жады

Абай…

Абайдың атын әлі дұрыстап жаза алмай жүрміз… Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ дейміз. Жұртта жазық жоқ. Тасқа басылған кітап атаулыда солай жазылады. Әлі күнге дейін Абай деген лақап аты мен Құнанбайұлы деген ресми сойын қатар жазып жүрміз. Абайдың өзі ресми құжаттарда Ибраһим Құнанбайұлы деп қол қойған.

Абай – лақап ат. Ал, әлем әдебиетінде ешқашан лақап ат пен ресми аты-сойы қатар қолданылмайды. Мысалы, Максим Горький. Лақап аты. Ресми аты-сойы – Алексей Максимович Пешков. Ешкім Максим Горький Пешков деп жатқан жоқ.

Атақты француз жазушысы – Стендаль. Лақап аты. Ресми аты-сойы – Мари-Анри Бейль. Ешкім Стендаль Бейль деп жатқан жоқ. Әйгілі Жорж Санд. Ресми аты-сойы – Амандина Аврора Люсиль Дюпен. Ешкім біз сияқты лақап аты мен азан шақырып қойған атын қатар атап жатқан жоқ.

Абай. Жеткілікті. Бұл есімнің қазақ үшін тағдырлы атауға айналғаны қашан?! Ал, ресми түрде атағыңыз келсе, мархабат, Мәшһүр Жүсіп «Ыбырайым Құнанбайұлы» деп қолданған.

Абай. Бұл есімде бәрі тұр: қазақтың өткені, бүгіні мен болашағы осы есімге тоғысқан. Абай десе, елең ете қалмайтын қазақ жоқ бүгін. Бұл лақап есімді кәрі әжесі Зере қойған дейді. Азан шақырып қойған есімі – Тоқбала. Зере. Бұл есім де қазақ үшін ерекше аяулы. Зере десе, көз алдымызға махаббат пен мейірім, ізгілік пен даналыққа толы нағыз Әженің бейнесі келеді. Зере әжеміз немересін тербетіп: «Абайым, абайым, атқа тоқым жабайын…» деп өлеңдетіп отырып қойған деседі.

Ибраһим Құнанбайұлының бұдан басқа екі енені (Ұлжан мен Айғыз) тел еміп өскен соң қойған Телғара деген де лақап аты болған. Бірақ, әжесінің қойған аты өміршең болып шықты. Оның да өзіндік сыры бар екен. Абай есімі жайданжай, кездейсоқ қойыла салған есім емес екен. Абай – ес, жады деген мағынаға ие болып шықты. Марқұм Өзбекәлі Жәнібеков кезінде бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялаған. Сол мақалада: «Біздің елде: «бұл сөз халықтың абайында жоқ» – деген сөз бар деп еді. Біздің ойымызша, әжесі немересін халқының есі, жадысы болсын деп саналы түрде Абай деп қойған…

Немересі атына заты сай болып шықты – халқының есіне, жадысына айналды.

Есі, абайы бар адам ғана абайлап жүреді, жан-жағын бажайлап жүреді. Абай. Абай арқылы ғана қазақтың есі кіреді. Қазақтың есі кіргенде ғана етегі жабылады. Әзірге, «Алаш анамыздың етегі ашық, көрінген ит тұмсығын сұғуда» (Серік Ақсұңқарұлы). Солай. Тағдырдың жазуы.

Абай арқылы ғана есіміз кіреді.

Абай арқылы ғана өзімізді ұлт ретінде, мемлекет ретінде сақтап қала аламыз. Басқа жол жоқ. Өйткені, Жаратушы Иеміздің тағдырына тәбдил (өзгеріс) жоқ.

Омар ЖӘЛЕЛ,

абайтанушы.

Басқа материалдар

Back to top button