Руханият

Абай мен Гете

Базбір білгіштер: «Ау, жүз том еңбек жазған Гетені небары екі томдық мұра қалдырған Абаймен салыстыру артықтау емес пе?» деп қыршаңқы сауал қоюы мүмкін.

Артық емес!

Біріншіден, екі халықтың екі алыбын теңдестіріп, теңестіріп жатқан ешкім жоқ. Әр тау өзінше биік, өзінше көркем көрінбек. Екіншіден, рухани байлықтын құны еш уақытта көлеммен белгіленбейді. Өйткені, көркем әдебиетте, жалпы творчество атаулыда сан әрдайым сапаға ауыспайды. Мәселе сөздің көптігінде емес – сыбағалы салмағында. Осы тұрғыдан қарасақ, Абай – сөз жоқ, өлеңнің қадір-қасиетін терең түсінген алып ақын. Абай поэзиясы – шексіз-шетсіз жатқан сұлу әлем. Оның әр жолын оқып шыққанда, дүние сырына қанығып, ойға – ой, сезімге – сезім қосасыз. Кейбір кіп-кішкене миниатюраның өзі тұтас бір философиялық-көркемдік жүйені аңғартып отырады. Абай жайында жақсы кітап жазған Т.Әлімқұловтың («Жұмбақ жан») «Абайдың әр өлеңі кітапша болмаса да, дербес мақала жазуға тұрады» деуінде артықшылық жоқ. Шыны сол! Абайдың айталық, «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма» өлеңі бір кітаптың жүгін көтеріп тұрған жоқ па? Немесе, «Тоты құс түсті көбелекті» еске түсірейікші. Соңғы төрт жолда қаншама мағына, қаншама философиялық ой, түйін жатыр!

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек!

Қалай? Гегельдің диалектикалық қағидаларындай әсер етпей ме?

Абай сөзінің шымырлығы, қуаттылығы, бейнелілігі, көп мағыналылығы шынында да таңқаларлық. Абай өлеңдерінің орысшаға аударылғанда өзінің көркемдік деңгейінде шықпай жатуының бір себебі де осы қасиеті болса керек. Абайдың кез келген бір жолын орысшаға аударып көріңізші. Аудара алмайсыз! Әлденеше вариант жасап, түсініктеме, сілтеменің көмегімен мән-мағынасын әзер түсіндіресіз. Мысалы:

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Бір қарағанда бәрі де түсінікті сияқты. Ал енді орысшалаңызшы. Ай, қиын-ау!

Немесе, екі ғана сөз – «бойы бұлғаң» дегенді орысша қайтып бересіз? Бір академик «хвастун» депті. Ал, шынында, бір «бойы бұлғаңды» орыс тіліндегі «гуляка», «праздно шатающийся», «воображуля», «нарядно одетый», «выхваляющийся», «бездельник», «спесивый», «пустопляс» сықылды сөздердің бәрі қосылып, мағынасын бере алмайды.

Абай сөзінің салмағы дегенде мен оның осы қасиетін айтамын.

Мұның барлығын мына жағдайға байланысты айтып отырмыз. Гетенің ұғымында, көркем творчествода рухани өнімділік деген болады. Сол рухани өнімділіктің шығармалардың санына, көптігіне еш байланысы жоқ. Бір-екі үздік шығарма қалдырған жазушы рухани өнімді болуы мүмкін де, жүз том кітап қалдырған «жазғыш» рухани өнімсіз саналуы әбден ықтимал. Рухани өнімді талант – шын бақытты. Сол рухани өнімділіктің шырқау биігіне жеткен даналар – Рафаэль, Моцарт, Шекспир. Гетенің пікірінше, рухани өнімділік – мәңгілік деген ұғымға пара-пар. Абай:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған? – дегенде де осы бір ойды мегземей ме? Меніңше, Абайдың екі томдық мұрасы Гете айтқан рухани өнімділіктің куәсі бола алады. Рухани өнімділіктің шырқау биігі Абайға да тән. Шығармаларының мәңгілігі де осында. Демек, осы тұрғыдан қарағанда, Гете мен Абайды қатар қойып зерттеуде ешбір артықшылық жоқ.

Герольд БЕЛЬГЕР.

(Үзінді)

Басқа материалдар

Back to top button