Руханият

АБАЙ мен МӘШҺҮР шығармаларындағы ой үндестігі

Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі даналық ойларының құны ешқашан жойылмасы хақ. Құдды кеше ғана жазылғандай. Бұған дәлел – хакім ойының бірнеше ғасыр алға озып кеткендігі. Өйткені, оның бірегей туындылары – сарқылмайтын бұлақ, тартылмайтын – теңіз, аласармайтын асқақ шың. Бұл жерде Абай мен Мәшһүр Жүсіп жырларындағы ой үндестігін зерделеуге талпынамыз.

Абай мен Мәшһүр Жүсіптің кездескені туралы деректер бар. Шындығында, қос алыптың бір дәуірде өмір сүргенін ескерсек, кездесуі әбден мүмкін. Өйткені, екеуінің бірін-бірі іздеуіне себеп те, мүмкіндіктері де болды. Жас айырмашылығы бір мүшелді құрайтын екеуі кездескенде бір-бірін астарлы әңгімемен сынға алып, кейін жақсы араласқан екен деседі.

Алайда, бұл туралы екі түрлі пікір бар. Tengrinews.kz сайты журналистерінің осы мәселе туралы сауалнама дерегіне сүйенсек, мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев екі ойшыл кездескен деп тұжырымдап, оған бірнеше мысал келтіреді. Ал, абайтанушы Тұрсын Жұртбай бұл мәселеге байланысты ғылымда нақты деректің жоқ екенін алға тартады.

Қос ақынның туындыларынан ой үндестігі анық байқалады. Олардың кешегі мен бүгінгіні және болашақты болжаудағы ойларының ұқсастығын өлеңдерінен де көреміз.

Мәселен, жастық шақ туралы екі алыптың жырларына үңілсек:

Абай:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Мəшһүр Жүсіп Көпеев:
Жастықта ұмтылып бақ ілгері өтіп,
Жұмысың жабдықталсын ерте бітіп.
Қолыңа қармағанмен түк түспейді,
Қалған соң жастық қуат бойдан кетіп.

Әділетті сүюге үндейтін ойларына тоқталайық. Абай:

Патша Құдай сиындым,
Тура баста өзіңе.

Мəшһүр Жүсіп Көпеев:
Дүниемен болып жүрмін мен екіұдай,
Əурелік балалығым бұрынғыдай.
Қараумен өз бойыма күнімді өткіз,
Басқаға көз салдырма, Патша Құдай, – дейді.

Ақындар ішкі жалғыздық жайлы да ұқсас күрсінеді:

Абай:
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым, тап шыным

Мəшһүр Жүсіп Көпеев:
Хақылықта, туралықта тұрамын деп,
Жалғанда жалғыз қалдым жанға жақпай.

Бұл ой үндестігі бір дәуірде өмір сүргендігінен болар. Оның үстіне, екеуі де медреседе білім алып, діни ілімге жетік болған. Өмір мен өлім жайлы ойлары да мағыналас.

Абай:
Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
Жақсының өзі өлсе де аты өлмейді,
Мәшһүрдің жұртқа таныс – жазған хаты.

Екеуі де өмірдің қысқалығы, уақыттың құны жайлы да ұқсас ой қорытып, оны мәнді өткізуге үндеген.

Абай:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
Ғибрат ал, ей, ағалар, мына сөзден,

Жастықта тәубе қылып иман ізден.

Мына өлең жолдарында өмірдің мәні білімғылымда екендігі ұқсас сипатта жырланады.

Абай:

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
Басынан не ерлердің кештің желдей,
Баяндап кімге тұрдың қуармай сен.

Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіптің «Бес қымбат» өлеңі мен Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» жырындағы ойлар да ұқсас. Мәшекең өз туындысына «иман, ақыл, сабыр, шүкіршілік, әдеп» сынды бес қымбат дүниені арқау етсе, Абай «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды ізгі қасиеттерді жырлайды. Бағамдасақ, ой түйіндері бір-бірінен аса алшақ емес.

Зерделей келе, қос данышпанның шығармашылығындағы бұдан басқа да біршама ұқсастықты көрдік. Мәселен, Абайдың қара сөздері «бірінші сөз, екінші сөз» деп бөлінсе, Мәшекеңде де «бірінші бап, екінші – он төртінші бап» деген сияқты тақырыптар ұшырасады. Алайда, екеуінің қолтаңбасын шатастыру мүмкін емес. Абайдың потенциалы бізге қуатты поэзия, көркем шығарма түрінде жетті. Ал, Мәшһүр Жүсіп дастандар мен діни мысалдарға, риуаяттарға, аңыз-әңгімелерге көп қалам сілтеген. Оның әулиелігін, жындар әлемінің тілін білгендігін ескерсек, ойымызды оң қорытындылай аламыз. Сонымен қатар, Мәшекеңнен Шығыстың мақамы көбірек байқалса, Абайдан Шығыстың да, Еуропаның интеллектуалды бағыты да көрініс береді.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, Абай мен Мәшһүр Жүсіптің бірдей ой қорытуы екеуінің бір ұстаздан тәлім алғандығынан да болуы мүмкін. Оларды – қазақ топырағында өмір сүрген оқымысты, діндар, тақуа Камараддин (шын аты – Айжарық) Бижомартұлы оқытқан. Алаштанушы ғалым Мақсат Тәжімұраттың жазуынша, Семей медресесінде 1855-1858 жылдары жас шәкірт Абайға білім берсе, 1867 жылы Кереку өңіріндегі Білән ауылы мешітінде Мәшһүр Жүсіпті оқытқан. Бұл жөнінде алдағы уақытта таратып жазамыз.

Бастысы, бір дәуірдің екі кемеңгер ойшылы өздерінің ақындық, азаматтық ұстанымынан таймай, ғұмырларын ел игілігіне арнады. Адамзат ақыл-ойының тереңінен сусындап, өз халқының рухани әлемін байытты.

Заманымыздың заңғар ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлы журналистерге берген бір сұхбатында: «Мен үшін Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы – үш Пайғамбар» – деген еді…

Ендеше, олардың өлмейтін, өзекті шығармаларын бойымызға сіңіру – қасиетті борыш!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button