РуханиятТұлға

Жапон ғалымының жауабы

«Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» демеуші ме еді? Бұл да тура сол. Оқырман қауым жақында Зауре БАТАЕВА деген «білгіштің» Абайды жоққа шығарып, ғаламторда «Загадка Абая: величайший неизвестный поэт Казахстана» атты мақала жариялағанынан хабардар болуы тиіс. «Абай өмірде болмаған» дегенге саяды әңгімесі. Абайымыздан айырып, Алаш аспанына қара бұлт төндірмекші екен-мыс… Оны естіген қазақ руханияты үнсіз қалмады, әрине. Қазақтар былай тұрсын, XX ғасыр басындағы қазақ және Ресей империясының тарихын зерттеуші Томохико УЯМА атты жапон ғалымы да үн қатыпты. Жапон ғалымының жазбасын Malim.kz сайтынан алып жариялап отырмыз.

РЕДАКЦИЯДАН.

Өкінішке орай, Батаеваның мақаласы мұқияттықтан алыс. Біріншіден, ол негізгі маңызды фактілерді білмейді. Мен олардың кейбіреулерін ғана келтіремін.

Ол бірқатар мұрағат құжаттарында кездесетін «Волостной управитель» Ибрагим Құнанбаевтың барын білмейтін сияқты. Ибрагим (Ибраһим) есімі қазақ фонетикасына сәйкес келмейді деп болжай отырып, Батаева бұл нақты адамның аты емес деп болжайды, бірақ, сол кездегі қазақ тілі «тазартылмаған» еді, көптеген сөздер мен атаулар басқа мұсылман түркі тілдеріндегідей жазылды.

Ол Абайдың алғашқы кітабын 1909 жылы Санкт-Петербургте И.Бораганскийдің баспадан шығарғанын растау мүмкін емес деп айтады, өйткені, Орталық академиялық кітапхананың сайтында басылымның мәліметтері бар титулдық парақ кітаптың екі электронды нұсқасында жоқ. Бірақ, басқа кітапханаларда, соның ішінде Санкт-Петербургтегі орыс ұлттық кітапханасында да бұл кітап бар. Қ.Мұхамедхановтың Бораганский туралы кітабында титул парағының фотокөшірмесі бар (http://pushkinlibrary.kz/docs/Boraganskii.pdf).

Батаева Абайдың орыс жер аударылғандарымен кездескендігі туралы және олардың хаттарында Абай жайында табылмағандықтан, ешқандай дәлел жоқ деп жазады. Бірақ, біз Лобановскийдің Абайдың портретін, Михаэлистің ескерткішіндегі Абайға егжей-тегжейлі сілтемені және Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты туралы білеміз. Батаева олардың түпнұсқалығы туралы дауласуға құқылы, бірақ, ол үшін ол оларды тексеруі керек.

Ол Мұхтар Әуезов Абай туралы 1933 жылға дейін жазбаған дейді, бірақ оның Абай туралы бірнеше шығармалары бар, олар 1918 жылы «Екеу» бүркеншік атымен шыққан, Тұрағұл Құнанбаев пен Әуезовтікі деп саналған немесе Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтыкі. Тағы да, ол бұл анықтамамен дауласуы мүмкін, бірақ алдымен оларды оқып шығуы керек.

Ол «Сұлтан Газинді» «Дала Уәлаяты» газетіне үлес қосушылардың бірі – Бөкейхановтың бүркеншік аты деп санайды. Бірақ, Сұлтан Газин Дала генерал-губернаторының кеңсесінде қазақ тіліне аудармашы болып жұмыс істеген Дінмұхамед Сұлтанғазин болды.

Батаеваның зерттеуіндегі ең жағымсыз тұсы – оның араб графикасында қазақшаны оқымауы (ол араб жазуын транскрипциясы үшін басқа адамға алғыс білдіреді). Оның дәлелдерінің көпшілігі Абайдың алғашқы кітабы мен Мүрсейіт қолжазбалары жалған деген болжамға негізделеді, бірақ қалай ол өзі оқымаған кітап пен қолжазбаның шынайылығына дау туғызуы мүмкін? Ол мағыналы текстологиялық және лингвистикалық талдау жүргізбейді, стилистикалық талдауға тырысқаны ыңғайсыз. ХХ ғасырдың үш онжылдығында қазақ тілінің орфографиясы мен лексикасы тез өзгерді, осы кезеңнің қолжазбаларының түпнұсқалығын тексеру үшін лингвистикалық талдаудың маңызы зор. Бұрын мен 1911 жылы жазылған және қазақ жерінің тәуелсіздігіне шақырған құжатта кейінгі кезеңдердің орфографиясы мен сөздік қорын қолданғандықтан, оның жалған болып көрінетінін байқадым. Мен Мүрсейіттің қолжазбаларын мұқият зерттеген жоқпын, бірақ, әлі күнге дейін ешқандай күмәнді белгіні таба алмадым.

Абай мен Жамбылдың ұқсастығы дұрыс емес. Абайдың жазған еңбектері Совет үкіметін қуанта алмады. Қазақ совет насихаттаушылары Абайды қайта түсіндіруге көп күш жұмсады және оның антифеодалдық, Исламға қарсы және толығымен ресейшілдік бейнесін жасады. Өкінішке орай, бұл бұрмаланған бейне белгілі бір дәрежеде жұмсартылғанына қарамастан, әлі де сақталуда. Абай жазуларының маңызды, бірақ елеусіз қалған жағы – олардың діни сипаты. Алаш зиялыларының да, советтік насихатшылардың да күрделі Ислам терминологиясын қолдана отырып, діни философияға енген мәтіндерді жасауға ешқандай негізі болмады (және мүмкін шамасы да келмеді).

Томохико УЯМА.

Ағылшын тілінен аударған С.ЫБЫРАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button