Баған

Құрғақ сөзде құн болмас…

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Қоғамның барлық саласында осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Өзім газеттің руханият жағында жүргендіктен, тіл, мәдениет бағытындағы материалдарды қорытып, дайындаймын.

Бірақ, сол түсіп жатқан дүниелердің деңгейін көріп, еңіреп жылағым келеді. Біз сонда, есеп үшін ғана өтірік «Тілім!» деп ұрандайтын ұлтқа айналып барамыз ба деген ащы сауал өзегімді өртейді. Ішіме сыймағандықтан қолға қалам алдым.

Ол дүниелер көбіне аймақтың мәдени ошақтары мен кітапханалардан, білім беру мекемелерінің қызметкерлерінен келетінін айта кету керек.

Жөн делік. Егер, тіліміздің дамуына үлес қосатын шара өткізіп, соның ақпаратын өз ойымен ұштастыра жіберсе қуанар едік. Соңғы кезде, қазақ әліпбиі латын жазуына ауысады дегелі бері бір сарында жазылған дүниелерден әбден қажыды ел.

Айтатыны сол бір әңгіме «Тіліміз бай, терең тіл. Оны құрметтеу, сүю керек» деген сыңайда. Тонын айналдырып, аты-жөнін жазады да жібере береді. Мұндай құрғақ сөз бен пафосқа толы дүниеден ұлттың тілі дами ма? Жоқ, әрине…

Келіп жатқан дүниелердің барлығын мүлдем түкке тұрмайды деуден аулақпыз. Арасында жекелеген авторлардан көлемді дүниелер келгенде қуанып қаламыз. Латын графикасына қатысты да жақсы мақалаларды жариялап келеміз.

Сонымен, «проблеманы айтты да оны шешудің жолына тоқталмапты» деп, оқырман бізді сөкпеуі үшін шамалы бағыт-бағдар бере кетейік.

Мысалы, кез келген сала қызметкеріне басшысынан тіл туралы мақала жазып, жариялау жөнінде тапсырма түсті делік. Бірден интернетті ақтарып, құрғақ сөзден құралған жазбаларды көшіріп, жеңіл-желпі мақала дайындауға асықпаңыз. Өйткені, оқырман бәрін біліп отыр. Халықтың, өзіңіз жазбақшы болып отырған ұлт тілінің қадір-қасиетін ойлаңыз…

Сосын, өз тарапыңыздан күнделікті жұмыс барысында туған тіліңіздің дамуына титтей де болса қосып жүрген үлесіңіз бар екені сөзсіз. Соны неге жазбасқа, соны неге толғамасқа, күнделікті көзіңіздің нұрын кетіріп, істеп жүрген еңбегіңізді неге көрсетпеске?..

Мәселен, мұғалім оқушыларға сабақ барысында бір-бірімен қазақша сөйлесудің не үшін керектігін айтуы мүмкін. Я болмаса, қате қолданылып жүрген сөздерге тоқталсын. Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін ұмытпау жайын қаузасын. Кітапханашы мемлекеттік тілде шығып жатқан жаңа кітаптардың сапасы мен шығарма тілінің көркемдігін айтсын. Музей немесе мәдениет үйінің қызметкері ұйымдастырып жатқан шараларын не себепті қазақ тілінде өткізгенін немесе неліктен салт-дәстүрдің, дәстүрлі өнердің көбірек насихатталуы керектігі хақында жазсын. Жан-жағымызға бір мезгіл зер салсақ, тілді құрдымға тартып бара жатқан мәселе шаш етектен. Мұнда тіл тағдырына шын жанашырлық қана керек…

Ақыл айту – тілді дамытпайды, құрғақ сөзде құн болмайды. Әдемі теңеулерді жинап, бірдеңе құрастыру – сіздің адал еңбегіңізді көрсете алмайтынын біле жүргейсіз.

Сонымен қатар, қазақ тілін қастерлеп, өрге сүйреу – қазақтың ғана емес, осы байтақ өлкеде өмір сүретін әр азаматтың парызы.

Оның қай этнос өкілі екендігі маңызды емес…

Жәлел ШАЛҚАР,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button