Зұлмат жылдар жарасы

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Шет ауданы орталығында «Зұлмат жылдар – жан жарасы» атты қаралы митинг өтті.

Ешқашан естен шықпас қасіретті күндердің құрбандарын еске алуға арналған жиынға аудан әкімі Мұхит Мұхтаров, аудандық мәслихат хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі жазушы Кәмел Жүністегі, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және бұқара қауым қатысты.

Аудан басшысы Мұхит Сайлауұлы бастаған әлеумет саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жазаланған марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

– ХХ ғасырдағы саяси қуғынсүргін – тарихтағы аса қайғылы кезеңдердің бірі болғаны сөзсіз. Отаршыл жүйенің озбырлығын көрген халқымыз отызыншы жылдары орасан зор нәубетке ұшырады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиден, еңкейген кәріге дейін аяған жоқ. Көпшілігі атамекенін тастап, шекара асып, шетелде бас сауғалауға мәжбүр болды. Тоталитарлық жүйенің қасірет әкелген зұлматының құрбандарын біз ешқашан ұмытпаймыз. Олардың бастарынан өткерген тозаққа бергісіз азабын келешек ұрпақтың санасына сіңіру – біздің перзенттік парызымыз, азаматтық борышымыз деп білемін, – деді аудан басшысы Мұхит Мұхтаров.

Жиында сөз алған жазушы Кәмел Жүністегі қазақ халқының, зобалаң жылдары жазықсыз жапа шеккен Шет ауданы азаматтарының тағдырлы тарихын баяндап, тағлымды ой қозғады. Шара соңында Жанғұтты би атындағы мешіттің бас имамы Берік Махамбетшин қуғын-сүргін құрбандарына құран бағыштады.

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.