Орман – оттегің, от демің!
Жердің «желінін» емген жер бетіндегі барлық жандар мен жануарлардың алып Анасы табиғат екені ежелден мәлім. Сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі адамзат тарихына үнілетін болсақ, қоршаған ортаны қорғау арқылы күн кешкен тіршілік иелері айналасындағы жаратылысқа атүсті қарамаған.
Кешегі Кеңестер дәуірінде «Бүкіл дүниежүзілік ағаш егу ісі» деп барлық кеңшарлар, жергілікті орман шаруашылықтары мен жол бойы мекемелері ағаш еккендері белгілі. Солай болса да, кең байтақ Қазақстанның небары 4,8 пайызы ғана орманды жер. Қазақ елі өз Тәуелсіздігін қолына алғаннан бастап, қоршаған ортаны қорғау мен қолдауға арналған арнайы заңдары қабылданып, Орман кодексі қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік Ұлттық парктер, ерекше қорғалатын табиғи қорықтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне бағынышты. Ал, аймақтардағы орман шаруашылығы мекемелері жергілікті әкімдіктердің коммуналдық меншігінің қарауына қалдырылды.
Табиғатты қорғаудағы басты мақсат – сыртқы зиянды ықпал етулердің әсеріне тосқауыл қою. Нақтылай түссек, «адасқан» өрттен, түрлі биологиялық аурулардан, зардапты зиянкестерден, қандықол қарақшылардан, айбалталы ағаш кесушілерден аман сақтау. Сонымен қатар, орман арасындағы жас шыбықтардың табиғи түрде өсіп, өркен жаюына мүмкіндіктер туғызу. Осы негізде, орманшыларға қойылатын талаптар да шаш етектен. Орманшы кәсібі – табиғи өзгерістер мен үдерістерді бақылаумен қатар, жүрегіне жылу мен мейірім төгіліп тұратын майталман мамандық.
Жыл он екі ай желдің өтінде, күннің бетінде жүретін орманшылардың басты мәселесі еңбекақыларының мардымсыздығы еді. Елбасының Жолдауына сәйкес, келер жылдан бастап, орманшылардың еңбекақы көлемі ұлғайтылмақшы. Бұл да болса, дәтке қуат!
Бүгінгі адамзат баласының алдында тұрған ең үлкен мәселе – экологиялық проблемалар. Демек, қазіргі кен орындарының жаппай қазылуы, ауаның әр түрлі улы заттармен ластануы, аңызақ желдердің соғуы, шөпті жерлердің шөлге айналуы, адамдардың денсаулығы нашарлап, түрлі сырқаттар санының көбеюі және тағы басқалары – алаңдатарлық жайттар. Соның бәрі, түптеп келгенде, адамдардың табиғатқа жанашырлық танытпауының кесірі.
Жаһан проблемасы «Жасыл экономика» болып тұрған тұста, орман шаруашылығын қидалап, қысқартып, оңтайландыруға ұшыратпай, тек қана қалдықты қағидаттармен қаржыландырмай, қолдан келгенше қолдау жасап, барынша дамыту қажет.
Орман шаруашылықтарындағы орман қорларын толықтырып, жаңа көшеттер отырғызу, халық көп шоғырланған елді мекендер аумақтарына жасыл белдеу жасап, ағаш егу, автожол, теміржол бойларында қорғаныш талдарды өсіруге ынталы болу – бүгінгі күннің басты талабы.
Көк өскіннің өз бойынан оттегі бөліп шығаратыны белгілі. Ал, маман-ғалымдардың айтуынша, орманның ауаны тазартатын қасиеті, тіпті, керемет. Бір гектар жер аумағындағы орман бір тәулікте 220-280 кг көмірқышқыл газын сіңіріп, 180- 200 кг оттегін бөліп шығарады екен.
Автокөлік жолдарының бойында ақсиып-ақсиып қурап тұрған, көлденеңдей құлап жатқан талдарды кім де болсын, күнделікті көріп жүр. Бұл не? Ертең не болады? Бұл – осыдан 50-60 жыл бұрынғы егілген екпе талдардың өмір сүру жастары тоқтап, осындай сүреңге түскені. Әлгі ағаштардың діңдерінде құрт-құмырсқа, басқа да зиянды жәндіктер пайда болып, маңайына ауру тарата бастайды. Сондықтан, мұндай аумақтарда санитарлық тазалық шаралары жүргізіліп, олардың орнына жаңадан жас көшеттер егілуі керек.
Елбасы Елорданың маңына жасаған жасыл белдеу, жерге – ажар, елге саф ауа сыйлады. Осынау өнегесі мол әрекет халық көп шоғырланған барлық елді мекендерде қолға алынса, елдіктің ересен үлгісі болар еді.
Қуат ИМАНТҮСІПОВ,
Жаңаарқа аудандық мәслихатының хатшысы.