Бас тақырыпРуханият

Сарыарқа жұрты сағынған саз

Жауһар жыр кемеліне келіп, арнасынан асқан тұста әнге айналып кетеді деуші еді. Оған Қасым мен Мұқағалидың шырағдан шығармашылығы куә. Ал, ән ше? Ән – ауыздан ауызға емес, жүректен жүрекке көшіп, алапат сағыныштың айнасына айналған сәтте әуелі автордың, одан соң барып халықтың шығармасы болып шыға келетін-тұғын. Алайда, әуен мен ырғақ, тағдыр мен тарих тоғысқан ондай құдірет орны бөлек орындаушысыз талғампаз жүректің тамырымен сабақтаса алмайды ғой?! Сондайда мейірі қанбаған жүректер Мейірханын іздейтін еді. Қарағандылықтар қарашаның қалтыратқан қара суығын елемей, жексенбілетіп болсын кеншілер сарайына ағылды. Иә, маңғаз ұлттың маңдайына біткен әнші Мейірхан АДАМБЕКОВ алпыстың асқарынан көрінді. «Ақылбайдың әні» деп Арқа азаматтарын өзінің ән-дариясына жүздіріп, мол мұрасымен мәпелеп, домбырасымен жетелеп бара жатты…

 

Әлденеше күн рай бермей қойған ЖерАна жексенбіде жібігенін көрмеймісің? Тәңірінің мейірімі табан астында қалған қырбақ қарға дейін ауып, Қарағанды көшесінен көктемнің иісі аңқи қалған.

 Аспан-Ата ашылып, будақ-будақ бұлтын ысырып, Күн-Көкенің көгілдір көктен шуағы шашыла қалған шақ.

 Облыс орталығындағы қайран да Кеншілер мәдениет сарайы…

Қабырғасы тастан емес, өлмес өнердің өзінен соғылғандай тағдыры дастан бұл ғимараттың. Кім келіп ән айтпады, күй төкпеді дейсің, мұнда?! Бірақ, дәл бүгінгідей әншісі, дәл бүгінгідей тыңдарманы болды ма екен? Болса, болған да шығар. Жетеқабыл. Дегенмен, соның бәрі бірігіп Мейірхан Адамбековтің тобығында тұрғандай елестеді. Жалғыз мен емес, «барын киіп, бақанын алып» келген бар көрерменнің көкейіндегі көрініс осы болар. Әйтпегенде, жексенбі түгілі, аптаның өзге алты күнінде уақыты тапшы қарақұрым халық «Ақылбайдың әні» екен деп қаптап қайдан жүрсін? Бұл – шынайы өнерге деген шын құрмет, һас талантқа деген қалтқысыз махаббат.

Өмірін өнерге арнаған, арнап емес-ау, өнердің нақ өзіне айналдырған тұлға көрсеңіз табаныңыз жерден бір елі көтерілгенін, онымен бірге биіктеп, онымен бірге қанаттанғаныңызды аңғарар едіңіз. Нағыз дарын иесінің осынау құдіреті жазылмаған қағида, айтылмаған ақиқат сынды. Жарық көмескіленіп, шымылдық түрілген сахна төрінен кеш иесі көрінген тұста көрермен атаулының көңіл көкжиегі кеңіп сала бергендей еді.

Сахнада – Мейірхан Адамбеков! «Ақылбайдың әнін» әуелетіп тұрған құсни шақ. Дуалы ауыз Абайдың Ақылбайы! Адамбековпен бірге Ақылбай, Ақылбаймен қатар Абай даңқы аспандап бара жатқан мәңгілікке бергісіз минуттар… Аласару жоқ – айшықты шеберлік бар, төмендеу жоқ – тұңғиық кемелдік бар. Бәрі бар да, ештеңе жоқ. Меңіреу дүниені мең-зең еткен Мейірхан ғана бар. Ақыл-ойың, ғажабың мен азабың алқымыңа тығылған, жұтқыншақта жұтылмай, кеудеңнен шығып құтылмай қалған ЖАН – СЕН барсың! Болды. Күйген дүние күйіп, жалғанның жалған екенін ұқтырып барып тәмамдалды тылсым ән. Санасы сан-саққа кеткен сан тыңдарман еміс-еміс ес жиып, қошемет құлақ тұндырып әкетті. Өмір ме жоқ, өнер ме? Өнер ме жоқ, өмір ме? Өң бе жоқ, түс пе? Ал, ажыратып алыңыз.

Кесек пішілген сом тұлға иін тірескен тыңдарманына иіліп тұрған. Сірә, Адамбеков адамзат баласына емес, адамзат баласы керісінше Адамбековке иіліп тұруы керектей сезілді. Солай болған да шығар. Тән емес – жан, білек емес – жүрек иіді. Иіді де, күллі тыңдарман кеш иесі алдында иілді.

Сәйдінің саңлағы Тәңірінің талғамы түскен талант иесі болуынан бөлек, халқының назарына түскен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», ҚР Президенті қолдауындағы «Мәдени мұра» бағдарламасының жылдық қорытындысы бойынша «Күміс көмей» аталымының иегері, Ә.Қашаубаев атындағы Бірінші Республикалық дәстүрлі орындаушылар байқауының лауреаты.

Ол – бүгін.

Ертеңі – мафуза тақтасынан өзге еш жерде жазылмаған тағдыр еншісінде.

Кеше ше? Арша домбырасын арқалаған Қарқаралының қаршадай ұлы қай аға ұрпақтың есінде? Ол – белгісіз. Белгілісі – Томарда томағасы сыпырылып, Алматыға табан тіреген жас талантты Жәнібек (Кәрмен) жазбай танығаны. Таныды да Елебековтің (Жүсіпбек) елінен келген ерке ұлға ерекше тағдыр, бірегей биік болжады. Жас қыранның қанатын қатайтты, топшысын бекітті.

 Содан кейін…

Содан кейін бала қыран – дана қыранға айналып ұшты да кетті. Сонау Кеңестік дәуірде 15 республика арасынан аудандық ансамбльдің шет елге шығып, өнер көрсетуі Қарқаралы ғана емес, күллі қазақ үшін үлкен олжа болған еді. Сондағы 1976 жылы Франциядағы дүниежүзілік фестивальде Қарқаралының «Салтанат» ән-би ансамблінің сән-салтанатын кіргізген де кеш иесі емес пе? Франциядан бөлек, Австрия, Голландия, Ирак, Болгария, Германия, Түркия елдері мен Мәскеу қаласы сахналарында өнер көрсетіп, тыңдарманның таңдай қаға тамсанғанын қалай айтпай кетерсің.

«Әннің де естісі бар, есері бар…». Осы күні саны бар да сапасы жоқ, даңғарасы бар да дауасы жоқ ән мен әншіден аяқ алып жүре алмайсыз. Ән деп әспеттеп, әнші деп әлдилеуге ауыз бармайды. Бұл – бөлек әңгіме. Оны қойып, Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсыңын», Жаяу Мұсаның «Хаулауын», Біржан салдың «Жалғыз аршасы» мен «Алқаракөгін», Ғазиз Файзоллаұлының «Ғазиздың әнін», Мәдидің «Шіркін-айын» кім айтпай жатыр дейсің?! Айтады. Бірақ, дәл Мейірхандай жеріне жеткізген бірі жоқ! Талғампаз тыңдарман һәм уақыт безбені куә осыған.

Осы тұста көрермен көңілі сахнадағы үлкен экранға ауған еді. Келгісі келіп келе алмай, жеткісі келіп жете алмай қалған қазақ қадірлілерінің сөзін естиміз деп. Бейнетаспада Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова «Мақсат – халықтың алдында тұрып ән салу емес. Сол әннің жанын, тарихын жеткізу керек. Осыған қатты көңіл бөл. Әніңе барынша ұқыпты қара. Қашан қартайып, әлің біткеннің өзінде «ескірдім», «енді біттім», «қартайдым» деме. Нағыз әнші әннен айырылмайды. Әннен айырылсаң өзге өзімен бірдей көреді. Ізденуде бол. Ізден. Кешіңе келген 10 кісі әніңді таныса, сол да жетеді» деп ақылын айтып, ақ батасын берсе, «Мейірхан Жәнібек Кәрменовтің мектебінен дәріс алып, аты әйгілі орындаушылардың бірі болып халыққа тез танылды. Тез танылатыны – Мейірханның коңыраудай сыңғырлаған өзіндік бір әдемі дауысы бар. Сол қайталанбас дауысты мен әлі ешкімнен кездестіре қойған жоқпын. Және, сол күміс қоңыр үнді әншілердің басым бөлігі биязы, жұмсақ, лирикалық әншілер болатын. Ал, Мейірханның дауысында бір өршілдік жатыр. Айқайға басқанда сонау алыстан қозғап алып келіп, ал деп ақтара салар кеуде жатыр. Ол дегеніміз – Жүсекеңнің мектебінің ізі жатыр деген сөз» деп ақтарылды Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші Қайрат Байбосынов.

Рас, Ж.Кәрменов қанатының астына алғанымен, Мейірханның бойында Жүсіпбектің өршілдігі бары ақиқат. «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» демей ме? Жүсекеңнің батасын алған азамат аманатқа қиянат жасаудан аулақ. Тіпті, Ж.Елебеков атындағы Республикалық ән байқауының өтуіне де ерекеше еңбек сіңірген – кеш иесі екендігін біреу білсе, біреу біле бермейді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы бұл байланыс бүгін де үзілмек емес. Үзбей келе жатқан да Мейірхан Адамбеков. Неге дейсіз ғой? Айтайық. Кеш иесінің алапат әншілігінен бөлек, ұлағатты ұстаздығы бір төбе. Ол Тәттімбет атындағы өнер колледжін тізгіндегеннен бері республика һәм өңір өнерінің өрінде жүрген сан өрен қияға қанат қақты. Қаламы ұшқыр кей қазақ журналисі «Шерханның (Мұртаза) шекпенінен шықтық» десе, орны бөлек орындаушылар «Мейірханның мектебін көрдік» деп мейірленер еді. Соның бір дәлелі – ұстазға құрмет танытып, сахна төрінен табылған, осы күні есімі елге етене таныс Сырым Хордин, Гүлмира Тапай және Медет Осатаев сынды шәкірттер.

Осымен тәмам ба? Жоқ. Кеш иесі сахнаға қайыра көтерілген. М.Егінбаевтың «Сағыныш назы», Н.Тілендиевтің «Сағындым ғой», І.Жақановтың «Балқантау аққулары», С.Ақсұңқарұлының «Шайтанкөл» әні тыңдарман делебесін қоздырып, дегбірін алған. Шығармашылық кештің шырқау биігі де, шамшырағы да осы ма дедік. Тағатсыздана күткеніміз де осы әндер еді ғой. Үзіліп барып қайыра жалғанған, тәмамдалып барып, зәу биікке көтерілген, кеншілер сарайы тұрмақ, кеңістікке сыймай бара жатқан әуезі бөлек ән, құйқылжыған қоңырау-дауыс. Тәңірімен тілдесіп, дәуірмен үндесіп барады.

Осы тұста сахнаға облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев, облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев және Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов шығып, кеш иесіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауын, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Құрмет грамотасын және облыс әкімі Ерлан Қошановтың құттықтау хатын табыс етті.

«Сіз халық өнерін келер ұрпаққа табыстайтын талапты өрендерді тәрбиелеу саласында жемісті еңбек етіп келесіз. Мен өзіңізді осы сара жолмен өміріңізді байланыстырып, бабалар мұрасын абыроймен жалғап жүрген халық өнерінің дара тұлғаларының бірі деп білемін. Халқымыздың ән мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ұлттық санасын жаңғырту жолында атқарып жүрген қызметіңізге сәттілік тілеймін» делінген Ерлан Жақанұлының құттықтауында.

Аймақ басшысының өңірдегі өнер азаматтарына деген бұл алғашқы жанашырлығы емес. Мәселен, әлгінде айтылған Тәттімбет атындағы өнер колледжінің көп жылдан бері оқу ғимараты болмай келген еді. Тіпті, бұл мәселе Мәжіліс мінберлерінде де аз айтылған жоқ. Десе де, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келгелі қашан? Өткен жылы колледждің көсегесі көгеріп, жеке ғимарат бұйырды. Бұл да Ерлан Қошановтың тікелей тапсырмасы негізінде.

«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді дана халқымыз. Ұстазы шымылдығын түрген кешті ұстамы мықты шәкірті тәмамдаса – одан асқан бақыт бар ма? Бұл жолы да солай. Аталған колледждегі «Кең дала» хоры Кеншілер сарайын әнге бөлеп, ұстаз үнін жалғап әкетті.

Тәмам…

Қошемет құлақ тұндырып барады… Бұлқынған жүрекке ұмтылған тыңдарман құшағындағы гүлі мен көңіліндегі нұрын желкен етіп, сахнаға тап берген. Енді бірі ессіз дүниеге енді оралып, табаны жерге, рухы тәнге қайта байланып, қарап тұр. Түс көргендей мең-зең. Жоқ, әлде, расымен түс пе еді? Кім білсін?! «Болған өмір ұқсайды болмағанға» (Мұқағали).

Болған…

Сахнада – Мейірхан Адамбеков бар еді ғой…

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button